55 КҮНДЕ – 5555 шақырым
Биыл қазақтың тағдыр-талайына біткен аймаңдай ұлдарының, тұғырлы тұлғаларының мерейтойы қатар келіп тұр. Соның бірегейі қазақ руханиятына үлкен үлес қосып, соңына түгесілмейтін толайым қазына қалдырған ағартушы, ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы. Мүлгіп жатқан қазақтың әдебиеті мен мәдениетін өз дәуірінде шама-шарқынша ұшпаққа шығарған айбоз тұлғаны қалай дәріптеп, қалай ұлықтасақ та артық емес. Бір қуантарлығы, ұлт ұстазының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде мойындалды. Сондай-ақ, жерлесіміз, тележорналшы, аудармашы Е.Мелсұлы баба рухына көрсеткен құрметі ретінде және екі ел арасындағы бауырластық пен рухани бірлікті нығайту мақсатында велосипедке тақым артып, 55 күннің мұғдарында 5555 шақырымды еңсеріп, Түркия еліне барып табан тіреді.
Жалпы, Ернат бұған дейін де веломарафон ұйымдастырып, қазақ жазба өлеңінің атасы, хакім Абайдың туған жеріне барып қайтты. Және де велошеру барысында бірнеше мәрте рекорд орнатты. Сондықтан да, кезекті бұл сапарды Ернат оңай жүріп өткеніне сенім кәміл.
«Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде мойындалды. Соны халықаралық деңгейде насихаттауға жеке азаматтық үлесімді қосу үшін темір атқа отырдым. Екіншіден, Мұстафа Өзтүріктің есімін ұлықтауды көздедім. Кез келген велошеруде сөре мен мәре маңызды ғой. Сөре Ахмет атамыздың туған жері Сарытүбек қыстауындағы кіндік қаны тамған үйі мен әулеті жерленген қорымнан басталды. Қазақстанда Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары арқылы өтіп, шетелде Гүржістан мен Түркияда жүрдім. Мәре Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Гүнешлі ауданындағы Мұстафа Өзтүріктің зиратында аяқталды. Грузияда 400-дей шақырым болды, көп бөлігі Түркияда өтті. Велошеру денсаулықты құртуға емес, керісінше, нығайтуға арналады ғой. Саламатты өмір салты мен елді-жерді сүюге шақыруды мақсат еттім. Ел мен жерді сүю үшін алдымен оны дұрыстап танып, тарихын білу керек. Қазақстанның төрт облысынан өттім. Сол кезде ауыл, аудан, қалалардағы музейлерге бардым. 50-ден астам музей мен тарихи жерлерге арнайы ат басын бұрып, ол туралы әлеуметтік желілерде жариялап отырдым», – деді Ернат Мелсұлы «Халық үні» порталының журналисіне берген сұхбатында.
Велошабандоз бұл сапарға бір жыл бойы тыңғылықты дайындалған. Ернаттың спортты, оның ішінде велосипедті өміріне серік еткеніне биыл жетінші жылдың жүзі. Сондай-ақ, оның салауатты өмір салтымен дағдылы түрде шұғылданып жүргеніне баршамыз әлеуметтік желі арқылы қанықпыз. Десе де, ол велошеру барысында түрлі қиындықтармен бетпебет келгенін айтады. Мәселен, 5 қыркүйек шерудің алғашқы күні Сарытүбектен Жангелдин ауданына дейін +40 градус ыстықта жүріп өткен. Сонымен қатар, діттеген жерге жеткенше, ол велосипедтің 15 камерасын ауыстырған.
«Грузияның таулы жерлерінде күн суық, тіпті Түркияға алғаш келген күндері сынап бағанасы -1, -5 аралығында болды. Грузиядағы Қазбек тауын, Түркияның орталық бөлігінде биік таулар мен асулардан астым. Кемі 5555 шақырымдық шеру кезінде азып-тозып, арып-ашқан күй кешкен жоқпын. Киімдерім де лайықты еді, тоңып үскен кезім болмады», – деді Ернат Қашқынов.
Велошеру Ыстамбұл қаласындағы Мұстафа Өзтүріктің зиратына барып, Құран бағыштаумен аяқталды. Айта кетейік, шабандоз ендігі веломарафонын келесі жылы аталып өтілетін Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына арнауды жоспарлап отыр. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның кіндік қаны тамған Ақтоғай ауылынан Сұлтан Бейбарыс билік құрған Мысыр қаласына дейінгі аралықты велосипедпен еңсеру Ернаттың жоспарында бар.
Е.АЙТЖАН.