Ағаш отырғызу – сауапты іс

Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба қойған жоқ. Жайқалған жасыл желек ауаны тазартқанымен қатар оны реттеп, табиғаттағы тепе-теңдігін сақтайды. Ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты, топырақтың құнарлылығын сақтап, жаңбырдың табиғи тәртіппен жаууын реттейді. Дамыған алпауыт елдерде ағаш егу мәдениеті қалыптасып, арнайы бір күнді белгілеп те қойған екен. Бірақ, әр елдің ағаш отырғызу күні әртүрлі уақытта. Тіпті Уганда, Коста-Рика, Намибия, Малави секілді елдерінің ағаш егу күндері бар. АҚШ елін басқарған президенттердің бірі Франклин Рузвельт: «Бір елдің өркениет дәрежесі, өмір сүрген жерінде ағаш егу мәдениетін қалыптастырғанымен өлшенеді» деген екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған кезекті бір Жолдауында еліміздің орман қорында 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу туралы тапсырма берген болатын. Бұл ретте Ақтоғай ауданы бойынша санитарлық тазалық жұмыстарымен қатар, жылда көктемгі көркейту, көгалдандыру жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Тазалықтың көктемгі, күзгі екі айлығында аудан көлемінде саябақтар мен мектеп аулаларына ағаш көшеттерін отырғызу дәстүрге айналған. 25 сәуір күні аудан әкімдігі ғимаратының ауласына 20 түп қарағай көшеттері отырғызылды. Игі шараның мақсаты – ауылды жасыл желекке айналдырып, елді мекенде абаттандыру жұмыстарын жандандыру арқылы табиғатты сақтау. Ағаш отырғызу шарасына аудан әкімі Салтанат Әбеуова, аудандық мәслихат хатшысы Рашид Әбеуов қатысып, өңірді көркейту-көгалдандыру мақсатында қолға алынған игі бастамаға үлес қосты. Иә, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын…». Бұл – бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті. Халықтың денсаулығы мен ұрпақ болашағына оң әсерін тигізіп, туған ауылының көркеюіне атсалысып, қалыс қалмау – әрбір азаматтың борышы.

Д.Бақышев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *