Ақтоғайдың аспанында ән әуелеп…
Қарашаның 24-і күні қасиетті Ақтоғайдың аспанын әуелеген ән тербеді. Аудандық Мәдениет үйінде «Ән керуен» дәстүрлі ән кеші өтті. Айтулы кешке алтын құрсақты Ақтоғайда дүниеге келген әйдік әншілер дүйім жұртқа дегдар өнерден шашу шашты.
Ақтоғай – талай текті де тұғырлы тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен. Ілім-ғылым, өнер мен әдебиет саласында тәмам жұртты ауызына қаратқан нелер дүлдүлдер осы арада жарық дүние есігін ашқан. Арысы – Сана би, Қараменде билер мен Жидебай батыр, дәстүрлі ән бұлбұлы Әсеттен бастап, берісі – Әлихан мен Әлімхан, кешегі Кеңес Одағына әйгілі болған Күләш Байсейітова мен Манарбек Ержановтар баршасы осы Ақтоғайдың перзенттері. Бүгінгі таңда да көш басында жүрген жерлестеріміздің есімін атап, жіпке тізгендей түгендей берсек, тақырыптан ауытқып, шығандап кетеміз. Бұл – күпірлігіміз емес, шүкірлігіміз.
Күні кеше маңдайымызға біткен бір қауым күміс көмей, жезтаңдай әншілер өз өнерлерін паш етті. Атап айтсақ, есімі иісі қазаққа мәшһүр Дәуренбек Әркенов бастаған Дулат Аханов, Азат Әбдіғалым, Медет Осатай, Нұрлытаң Ермек, Гүлмира Тапай, Ғибрат Қожамбаев, Дариға Хамза және Сәттар Сәрсенқұлов, Арман Айнатаев пен Елжас Кәрімов ағаларымыз аталмыш кештің көркін қыздырды. Қазіргі уақытта өн бойы даңғазалықтан тұратын арзанқол, той әндерінен жауыр болған жұрт бір уақ бекзада өнерден сусындап қайтты. Жиналған қауымның қарасы қалың болды.
Әуелгі кезекте аудан әкімі С.Әбеуова мінберге шығып, туған жерге алыстан ат арытып келіп жатқан қайталанбас дарын иелеріне аудан тұрғындары атынан өз алғысын білдіріп, өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі.
Шараның шымылдығын қазақтың қасиетті қара домбырасын серік еткен үштік кербез күйлермен түріп берді. Келесі кезекте талай шаршы топта көш бастап жүрген әнші Медет Осатай дәстүрлі әнге қарай ойысты. Іле бірінің ізін бірі суытпастан өнерпаз қауым қос-қос шығармаларын жұртшылыққа паш етті. Сонымен, бас-аяғы екі сағатқа созылған рухани кеште 25-ке жуық шығарма орындалды. Кешегі күннен керуен тартып, сыпатына сызат түсірместен бүгінгі күнге дін аман жеткен ата-баба мұрасы, Біржан сал, Ақан серілер салып кеткен сара жол жанданып, дәстүрлі өнер бір мәрте жаңғырғандай болды. Кеш соңында көрермен қауымға керемет көңілкүй сыйлаған әншілер бір туындыны бір ауыздан шырқап шықты. Аталмыш іс-шара тәмамдалғаннан кейін еліміздің түкпір-түкпірінен алтындай уақытын бөліп келген өнерпаздар естелік суретке түсті.
Е.АЙТЖАН.