АҚТОҒАЙЫМ, АЯУЛЫ АТАМЕКЕНІМ
Ақтоғайым, айналайын еңселім,
Мен өмірді саған қарап өлшедім.
Сен ешқашан аласармас алыпсың,
Кіп-кішкентай бөлшегіңмін мен сенің!
Ақтоғайым, әппақ нұрдан жаралған,
Бір өзіңнен бастау алды ақ арман.
Суыңды ішіп, жұтып жұпар ауаңды,
Сенің торғын топырағыңнан нәр алғам.
Сәулесіне шомылғандай ақ нұрдың,
Тамшысынан қуат алып жаңбырдың,
Жалаңаяқ жаны қалмай жүгірген,
Мен өзіңде балалығымды қалдырдым.
Арайынан жаралғандай ақ таңның,
Арманымды тұңғыш саған ақтардым.
Куәгері өзің болдың мендегі,
Жырға толы, сырға толы шақтардың.
Адастырар тағат пенен төзімнен,
Өзіңде алғаш жолықтым гүл-сезіммен.
Бақытымның бастауына айналған,
Ақтоғайым, айналайын өзіңнен!
Сенде айтылып ең алғашқы сырларым,
Сенде туды құс қанатты жырларым.
Тұңғыш рет араладым өзіңде,
Жас дәуреннің жан толқытар нұр-бағын.
Ақтоғайым! Сенде өстім, көктедім,
Өзіңде өтті бал күндерім, көктемім.
Өмір-өзен ағысында жолыққан,
Өзің болдың ең алғашқы мектебім.
Сенің арқаң аяулы атамекенім –
Өркен жайып, осы күнге жеткенім.
ТОҚЫРАУЫН
Тауысып елдің тағатын,
Көктемде тулап алатын,
Тоқырауын, сені сағындым,
Еркелей күліп ағатын.
Тастарың батқан табанға,
Балалығым қалды жағаңда.
Оралсам саған, Тоқырауын,
Сол күнді қайта табам ба?
Адастыратын адамды,
Көмкере өскен жағаңды,
Тал-шіліктерің аман ба,
Аман ба бір түп тораңғы?
Жемісін жейтін жылдағы,
Долана өсіп тұр ма әлі?
Сиқырлы сенің үніңді
Қанша адам келіп тыңдады?
Толқыныңменен тілдесіп,
Ақ қайыңдарың тұр ма өсіп?
Түбіне келіп ғашықтар
Тұра ма әлі жүздесіп?
Қаңқылдап қаздар жеткенде,
Жыл сайын ерте көктемде,
Жауқазын бүрін жара ма
Мен барған сонау көк белде?
Жағаңа барып құм басқан,
Өзіңмен талай сырласқам.
Сылқылдап күлген толқының
Айтушы еді мың дастан.
Бақ сыйлап барша адамға,
Сән түзеп тұрған жағаңда,
Айналайын, Тоқырауын,
Ауылым менің аман ба?
… Оралсам саған сағынып,
Балалығымды табам ба?!
Араға қырық алты жыл салып, өмірімнің алғашқы он сегіз жылына куә болған ұшқан ұямды Ақтоғайға арнайы іздеп барып, көріп қайттым.
***
Өскен үйім, киелім, бақ мекенім,
Бар екенің қуантты-ау, жақсы екенің.
Сен арқылы түсінгем мына өмірдің,
Қымбат әрі шекердей тәтті екенін.
Ақ босағам, құты мол шаңырағым,
Алыс қалған аңсарым, сағым-әнім.
Саған деген сағыныш жылдар бойы,
Тыным бермей, құйған-ды жаныма мұң.
Жетегінде кеттім бе желік күннің,
Қырық жыл салып араға келіп тұрмын.
Түлеп ұшқан құтты ұям, бұл өмірдің,
Құдірет, қасиетін сен ұқтырдың.
Ұршығындай анамның зырылдаған,
Уақыт шіркін ешкімге бұрылмаған.
Көрінетін патшаның сарайындай,
Үш бөлмелі шағын үй бұрын маған.
Жас шылап тұманданған жанарымды,
Еске алып алаңсыз шақ, бала күнді.
Киелі босағаңнан аттай бердім,
Әкем бағып тұрғандай қабағымды.
«Қырық жылда келдің-ау бірінші рет,
Тоңдың ба? Құшақтайын, жылыншы!» — деп,
Төр бөлмеден жаулығы ағараңдап,
Анам шыға келердей күлімсіреп.
Тілсе-дағы жүрегін алмас-күдік,
Әр күнін үмітпенен жалғастырып,
Ақырын шертіп қойып домбырасын,
Отырғандай жан әкем малдас құрып.
Алаңдап жан-жағыма қарай бердім,
Төріңнен тым ерекше арай көрдім.
Сенде өткізген бақытты жылдарымның,
Әр күнін есіме алып, санай бердім.
Іздегенмен өткенін таба алар кім?
Мына жерде ізі бар жан анамның.
Жаңа ғана жайылған дастарханда,
Иісі бұрқырай ма таба нанның?
Анау не? Сары май ма тегештегі?
Өткен шақ бүгінгідей елестеді.
Қырық алты жыл осылай жанымда жүр,
Әкем мен анашымның елестері.
Ұшқан ұям, аяулы құт мекенім,
Көрдің ғой көңілімнің күпті екенін.
Мәңгілік сағыныш боп тұра берші,
Көрсетіп шаңырақтың мықты екенін!
ӘКЕ, СЕНІ САҒЫНДЫМ
Жарық қылған қайғы-мұңның түнегін,
Мейірімнің мекені еді-ау жүрегің.
Төрт құбылаң тұрмаса да түгел боп,
Өзгелердің амандығын тіледің.
Мына жалған дүниеде қас-қағым,
Шалқымадың, мақтанбадың, таспадың.
Жаның іштей жылап тұрған сәттерде,
Мөлт-мөлт еткен жасын сүрттің басқаның.
Көзіңде ылғи тұрушы еді бір үміт,
Отырушы ең соған ылғи жылынып.
Қанағат қып қолыңдағы барыңа,
Байлыққа да ұмтылмадың, құнығып.
Жалғыздығың жаныңа әлде батты ма?
Жақсы көріп, жақын тарттың жатты да.
Пенделерге мейіріммен қарадың,
Басыңды имей шенді менен аттыға.
«Жабылса да, таласа да сан құзғын,
Тірі қалған бір атадан жалғызбын.
Тәңірі мені ат ұстарға тапшы қып,
Бабалардан келе жатқан жолды үздім» —
Деп дүние кеткендей-ақ тарылып,
Қалушы едің кейде үнсіз қамығып.
Домбыраңды шертіп қойып ақырын,
Отырушы ең мұң-көрпені жамылып.
Тосыннан кеп ұсынғандай Бақ гүлін,
Қос ішектен төгіліп бір шаттық үн,
Сосын қайта жадыраушы ең, күлуші ең:
«Аман жүр!» — деп, — «Жалғыз гүлім, шаттығым!»
Нұрға бөлер көңіліңнің айдынын,
Мен деп білдің шұғылалы Ай, Күнің.
Тең көрмедің жалғыз қара қызыңа,
Дүниенің бар асылын, байлығын.
Оңай екен әке, бастан бақ ұшпақ,
Сол қызыңды жалғыздыққа табыстап;
Кете бардың қырық жыл бұрын келмеске,
Сағынумен жүрмін құран бағыштап.
…Кеткен шақта жақының да бұрылып,
Жатыр дейсің әке, мені кім ұғып?
Жетпей жер ғой менің жүдеу жаныма,
Сендегі ұлы мейірім мен жылылық!
АҚ КЕМЕСІ АРМАННЫҢ
Төл газетім, талантымды ұштаған,
Жанға –қуат, беруші едің күш маған.
Он үшімде әр бетіңді аялап,
Алғаш рет қолыма алғам, ұстағам.
Жарық көріп сенде балғын жырларым,
Жайқалтып ең көңілімнің гүл-бағын.
Жүрегімнің төрінде тұр сақтаулы,
Өзіңменен бірге өткен жылдарым.
Келбетіңнен шаттық көрем, бақ көрем,
Сенің арқаң, жазсам кейде жақсы өлең.
Арманымды аялаған, ардақтым,
Өзің болдың алға сүйрер ақ кемем.
Төл газетім, баға жетпес асылым,
Көріп сені қуаныштан тасыдым.
Оқырманың төбесіне көтеріп,
Алшысынан түссін ылғи асығың!
***
Ешбір ақын жаза алмаған, жазбаған,
Әр шумағы алау болып маздаған;
Ғажайып бір өлең жазсам деуші едім,
Оқығандар жанып кете жаздаған.
Бірақ ондай жаза алмадым отты өлең,
Арман-тауға шыға алмадым беттеген.
Жеткізбеді көз алдаған сағымдай,
Мен аңсаған киелі өлке, текті әлем.
Жаз орнына күтіп ылғи алдан қыс,
Адастырды алтын қанат арман-құс.
Жыр-тұлпарды тізгіндеген сәттерім,
Өңім емес, болып шықты жалған түс.
Солай, солай! Таппай көңіл керегін,
Өң мен түстің арасында келемін.
Жалынан да ұстатпай жүр жыр-тұлпар,
Жазылмай жүр нұр аңқыған Өлеңім.
ҚОЛҒАП
Анам мені қатты жақсы көретін,
«Жалғызым!» — деп бар мейірін төгетін.
Тоңбасын деп қыс келгенде жыл сайын,
Ақ түбіттен қолғап тоқып беретін.
Сол қолғапқа бар өнерін салатын,
Өрнектейтін; түрлі моншақ тағатын.
Қолғап киген қолдарымды аялап,
Қуаныштан көзіне жас алатын.
Қарап қалсаң, жанарыңды жаулайтын,
Ақ қолбағым ақша қардан аумайтын.
Ақ қолғапты қара қыздың жүзінен,
Әппақ қыста ақ самала саулайтын.
Түбіт қолғап сондай жылы болатын,
Кисем болды, жаныма нұр толатын.
Жан анамның саусағының іздері,
Көздеріме шуақ болып қонатын.
…Содан бері алды қанша күз демін,
Содан бері қонды қанша жүзге мұң.
Қыс келгенде қаншама рет қалтырап,
Анашымның алақанын іздедім.
Алыс қалып алаңсыз күн, бал шағым,
Сақын көңіл, мұз пейілден шаршадым.
Қара суық қарығанда жанымды,
Анашымның ақ қолғабын аңсадым.
Шаттық кейде көкірекке төкпей нұр,
Түбіт қолғап көкейімнен кетпей жүр.
Көңіл сызын жылытуға анамның,
Қолғабы мен мейірімі жетпей жүр!
КҮЗГЕ АЙНАЛДЫМ
Қар астынан бәйшешек боп көктеген,
Құс қанатты, хош иісті көктем ем.
Күзге айналдым. Алтын зерлі өрнегім,
Жерді жалғап сонау зеңгір көк пенен.
Ақ қайыңы алтын шашын таранған,
Күзге айналдым сағыныштан жаралған.
Менің үнім – тырналардың дауысы,
Әр тынысы тұнып тұрған ән-арман.
Салқын желі сыр ақтарған ізгі үнмен,
Күзге айналдым. Енді қоңыр күзбін мен!
Айдың әппақ сәулесімен жанымның,
Шашыраған жапырағын тіздім мен.
Тәтті армандай жылдар бойы аңсаған,
Көңілдерге қуат берер шаршаған,
Күлімдеген күзге айналдым күп-күрең,
Құшағына ап аялайтын тоңса жан.
Мың бояуы бір-бірімен алмасқан,
Шаттық-мұңы сағынышқа жалғасқан,
Күзге айналдым. Қызыл, жасыл, сары ала
Жапырақ ұшқан қадамынан әр басқан.
Жымың қағып жұлдыздары мыңдаған,
Ағыл-тегіл сезім болып жырлаған,
Күзге айналдым. Ой-теңізге батырып,
Түн келгенде тәтті ұйқыңды ұрлаған.
Тал-терегі сары шәлі жамылған,
Күзге айналдым, аумайтұғын лағылдан.
Алтын зерлі жапырақ-жүрек кеудемде,
Лүпілдейді әлдекімді сағынған…
КҮЗДІҢ ЖЕЛІ
Қоп-қоңыр күз. Уақыт еді екінді,
Сұп-суық жел қарып өтті бетімді.
Оңды-солды ұшып жатқан жапырақ,
Түрлі-түсті көбелектер секілді.
Кеше ғана тыныш еді бақ іші,
Азынайды жынды желдің дауысы.
Еріксізден шыркөбелек билеп жүр,
Жапырақтың жасыл, қызыл, сарысы.
Күн суытып, сұлулығы тоналған,
Күзгі бақта тыныштығы жоғалған,
Мұңаяды ақ қайыңдар иіліп,
Күннің әппақ шұғыласы боп арман.
Жақсыға да, жаманға да дір еткен,
Аумайтұғын алақандай жүректен,
Қалтырайды жерге түскен жапырақ,
Жамбасынан күздің суық сызы өткен.
…Ызғар шашып тоңдырса да сары күз,
Тыныштығын жоғалтса да бағымыз;
Жапырақ-жүрек соғып тұрсын лүпілдеп,
Жүдемесін, жаурамасын жанымыз.
Қара күзде болғанымен мұң басым,
Қара суық көңіл гүлін ұрмасын.
Бір жапырақ жүрегіміз шаршамай,
Тыныштықтың жырын ғана жырласын!
*******
Ақ қайыңым, аманбысың, қымбаттым,
Қуандың ғой, тербетіле үн қаттың.
Соңғы кезде менің тәтті ұйқымды,
Алатұғын болды ылғи ұрлап Түн.
Білесің бе, ақ қайыңым, ақылдым,
Бүгін таңды тағы ұйқысыз атырдым.
Жұрт ойлайды «Ең бақытты адам!» деп,
Ал кеудемде қоламта боп жатыр мұң…
Күздің желі көлін шайқап жанымның,
Өткенімді, көктемімді сағындым.
Жастық дәурен алыстады, көрдің бе,
Арасына сіңіп əппақ сағымның.
Куәсіндей сол ғажайып шақтардың,
Жұпарынан жұтып жасыл бақтардың.
Іздеп едім, ақ сағымда адасып,
Арманымды саған келіп ақтардым.
Ақ қайыңым, жел тербеген желегін,
Мұңдасым да, сырласым да сен едің.
Байқайсың ба, егіз екен жанымыз,
Сондықтан да сені жақсы көремін!
САРЫ АЛА КҮЗ
Тентек желі өбетұғын бетімді,
Сары ала күз – сағынышым секілді.
Еске аламын елес болған күндерді,
Тал түс өтіп, келген шақта екінді.
Гүлге оранып тұратұғын бөктері,
Алыс қалды көңілімнің көктемі.
Жадыраған жасыл жаз да қоштасып,
Сағым тұнған көкжиекке беттеді.
Келді сөйтіп сары ала күз, алтын күз,
Сан бояулы ғажайып күз, жарқын күз.
Суық дейді осы күзді біреулер,
Күз емес-ау, біз өзіміз салқынбыз.
Кейбіреулер шілдені аңсап шіліңгір,
Күздің күнін сұрғылт дейді, бұлыңғыр.
Жел ұшырған жапырақпен жарысып,
Күздің биін билеп жатыр құлын-жыр.
Жел сыңсиды, шырқап күздің әуенін,
Сол әуеннен табам кейде жан емін.
Сап-сары ала сағынышқа айналған,
Күзге ұқсайды менің жұмбақ әлемім.
АЙЖАН ТІЛЕКОВА-ИМАНТАЕВА
Өзім туралы қысқаша ғана мәлімет:
1957 жылы туғанмын.
1964 жылы Ақтоғайдағы Максим Горький атындағы қазақ мектебіне барып, 1974 жылы бітірдім.
Ақтоғайдан 1975-тің соңында көштік, ал 1976 жылдың басында әкем қайтыс болды. Шешем кейінірек қайтты.
1980-ші жылдардың басында КазГУ-дың (ҚазҰМУ) филология факультетін бітіріп, 1984 жылы бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына келін болып түстім. Сол 1984 жылдан бастап аудан орталығы Қарауылда тұрамын. 1984 жылдан 2015 жылға дейін Абай атындағы мектеп-лицейде мұғалім болдым. Қазір зейнеткермін.
Отағасы екеуміз КазГу-да бірге оқыдық. Ол кісі де зейнеткерлік демалыста. Төрт ұл тәрбиелеп өсірдік. Төртеуі де үйленген. Бүгінде он шақты немеренің атасы мен әжесіміз.
Алғаш рет өлеңім «Арқа еңбеккерінде» мен 6-шы сыныпта оқып жүргенде жарық көрді.