Агралық сала ғылыммен бірге дамиды

6 қазан күні Ақтоғай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» ғалымдары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арнайы семинар өткізді. Семираға аудан әкімі Салтанат Әбеуова, ҚазҰАЗУ профессорлары  Сереазы Мирзакулов, Есенғали Усенбеков, ауыл әкімдері, ауыл шаруашылығы саласы мамандары мен шаруа қожалық жетекшілері қатысты.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі күші. Аграрлық білім мен ғылымның дамуы арқылы ауыл көркейіп, мемлекет өркендейді. Бүгінгі күні мемлекет агроөндірістік кешеннің дамуы үшін барынша жағдай жасап отыр. Бұл ретте ауыл шаруашылық мамандарына қойылатын талап та заманға сай жаңаруда.

Президент Жолдауындағы негізгі басымдықтырдың бірі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Бұл мақсатта елімізде ауыл шаруашылығын өркендету мақсатында түрлі үкіметтік бағдарламалар қолға алынуда. Асыл тұқымда мал өсіретін шаруа қожалықтарына мемлекеттік көмек-қолдаулар да бар. Тіптен қолда бар төрт түлікті түрлендіру бағытында ауыл шаруашылығы ғалымдары тікелей қожалықтармен семинарлар өткізіп, тәжірибемен бөлісуде. Өйткені агралық сала ғылыммен бірге дамитыны анық. Соның бір дәлелі күні кеше «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті», аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен өткен семинар. Шарада жалпы сүтті, етті бағыттағы ірі қара малдарды азықтандыру, өсіру және көбейтудің әдіс-тәсілдері жөнінде айтылып, саладағы жаңалықтар талқыланды.

Жиынды аудан басшысы С.Мірәсілқызы ашып, аграрлы салада өңірдің жеткен жетістіктерін саралап, алда атқарылар игі бастамаларды тілге тиек етті.

Өңір басшысының айтуынша үстіміздегі жылдың 8 айында ауыл шаруашылығы  жалпы өнім көлемі 12196,6 млн. теңгені құраған. Нақты көлем индексі 101,6%. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімі 8847,9 млн тг, (102,3 %) өсімдік шаруашылығы 3346,2 млн тг, (99,8%). Бүгінгі күнге тірі салмақта өндірілген ет 4565,8 тонна, өткен жылмен салыстырғанда 104,7  %  пайыз. Барлық өндірілген сүт  22 475,7 тонна, өткен жыл мен салыстырғанда 101,9 % пайызды құраған.

–Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша «Қаһарман» ШҚ – 55 бас ангус,  «Еркебұлан» ШҚ – 15 бас әулиекөл, «Ақтолқын» ШҚ -12 бас қазақтың ақ бас асыл тұқымды малдарын барлығы сатып алған. Ал, қой шаруашылығы бойынша «Ақтоғай» несие серіктестігі арқылы «Сыбаға» бағдарламасымен 9 шаруашылық 1953 бас аналық қой малын сатып алуға 89,4 млн.тг. несие қаражатын алды. Ірі қара малының сапалық құрамы мен өнімділігін көтеруде тиісті деңгейде жұмыстар ұйымдастырылып, тұқымдық түрлендіру бағдарламасына 10488 басты қамту межеленіп отыр. Бүгінгі күнге «Сыбаға» бағдарламасының мониторингінде 10036 бас аналақ мал қатысып отыр, яғни жоспардың 96 пайыз, — дейді аудан әкімі.

Семинар барысында  ҚазҰАЗУ профессорлары  Сереазы Мирзакулов, Есенғали Усенбеков «Сүтті және сүтті-етті бағыттағы ірі қара малын бонитировкалау», «Сүтті және сүтті-етті бағыттағы сиырларды ұрықтандырудың оңтайлы мерзімдері», «Бастапқы зоотехникалық және асылдандыру жұмыстарын жүргізу» және «Сүтті бағыттағы шаруашылықтарда мал басын өсірудің биотехнологиялық әдістерін пайдалану тиімділігі» тақырыптарында баяндама жасады. Баяндамалар талқыланып, шаруа қожалық жетекшілері  ойларын ортаға салды.

Елімізде мал өсірудегі өте маңызды мәселелердің бірі – ет бағытындағы шаруашылықтарды дамытып, сиыр етін ішкі және сыртқы нарыққа шығару. ҚазҰАЗУ ұйымдастырған семинарда қараған мәселе де осы. Аталмыш университет оқытушыларының айтуынша Ақтоғай өңірі шөлейтті аймақта орналасқандықтан мұндай жерлерді пайдаланудың тиімді жолы етті ірі қара мал санатына жататын әулиекөл, қазақтың ақбас сиырын өсіру. Семинар барысында мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға сиырдың осы түрін бағу, селекциялық мәселесі, оны әрі қарай дамыту жолдарымен таныстырды.

Мамандардың айтуынша етті ірі қараның ішінде әулиекөл, қазақтың ақбас сиыры деп аталатын тұқымдарын өте шыдамды, өсіруге тиімді. Оның негізгі ерекшеліктерінің бірі – қатаң климатқа төзімді. Семинарда мамандар аталмыш асыл тұқымды сиырлардың аналығының салмағы 600-700 кг-ға дейін, аталықтары 1000-1200 кг-ға дейін жететіндігін, бұл тұқымның жайылымдық жерді жақсы пайдаланып, оған шығын аз жұмсалатындығын да айтып өтті.

Шарада мұнан өзге ветеринариялық шараларды жүргізу, мал басы туралы барлық мәліметтерді жинақтайтын арнайы чиптер, мал тұқымын асылдандыру, қолдан ұрықтандырудың пайдасы және өзге де мәселелер қаралды.

Түстен кейін семинар ауданға қарасты «GLOBAL BEEF PRODUCTS» ЖШС-де жалғасты.

Ержан Қадырберлин басқарып отырған «GLOBAL BEEF PRODUCTS» ЖШС аймақтағы асыл тұқымды сүтті-етті бағыттағы ірі қара малын өсіріп отырған репродукторлы шаруашылықтардың бірі. Жас фермер Е.Қадырберлин өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген еңбекқор шаруа. Еті тірі елгезек жігіт кәсібін кеңейтпес бұрын, бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген. 2019 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 48 млн теңге несие алып, 160 бас «Абердин-ангус» тұқымды аналық сатып алған. Семинар қатысушылары жас шаруадан ет бағытындағы асыл тұқымды ангус түлігінің табиғи ортаға бейімделу қасиеттерін сұрады.

– Ангус тұқымы арқа абиғатына өте төзімді. Терісі қалың болғандықтан сона, маса, кенеден қорғанышы мықты. Орта есеппен сиырдың салмағы 500-ден 550 келіге дейін жетеді. Бордақылау бағытындағы бұқалардың тірі салмағы 1000 келі шамасында. Етінің ерекше дәмдік сапасын атап өту керек, себебі бұл ет бағытындағы малға тән «мәрмәрлігімен» ерекшеленеді, – деді Е.Қадырберлин.

Мұнан соң  ҚазҰАЗУ профессорлары  Сереазы Мирзакулов, Есенғали Усенбеков аталған шаруашылықта тәжірибелік іс-шаралар өткізді. Онда арнайы аспаптармен ірі қаралардың (бұзаулардың, аналық, аталық сиырлардың) сырт пішінін, дене бітімін, шығу тегін, тірі салмағын және сүт өнімділігін, олардың сапалық құндылығын анықтайтын ғылыми тәжірибелермен бөлісті.

Төскейінен төрт түлік өріп, көсегесі көгерген «GLOBAL BEEF PRODUCTS» ЖШС келешегі кемел. Болашағы баянды. Басты мақсаты – Елбасы Жолдауында айтылған ет өнімдерін алыс-жақын шетелге экспорттау. Ақтоғай жерінде алғашқылардың бірі  болып асыл тұқымды «Абердин-ангуса» түлігін түлетіп отырған серіктестіктің серпіні қарқынды. Бұған семинарға келген ҚазҰАЗУ профессорларда оң бағасын берді.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Серік Амралин қорытындылап, шаруа қожылқ жетекшілеріне ҚР ауыл шаруашылығы министірлігі және ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының серификаттарын табыстады.

Думан ҚАБЫЛ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *