Аймақ басшысы ауданда
Халықпен етене жақын қарым-қатынас орнатып, олардың мұң-мұқтажы мен ұсыныс-пікірлерін ескеру басшының мерейін өсіре түсетіні анық. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырдым. Бұл аудандардан бастап облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет», – деген болатын. Сәрсенбі күні Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентінде жұмыс сапарымен болды. Онда кенттің тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар әлеуметтік нысандарға арнайы ат басын бұрды. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы жергілікті бюджет қаражаты есебінен жөндеуден өткен көп қабатты үйлерді аралап көрді. Онда үйлердің шатыры жаңартылып, қасбеттері, балкондары мен жертөлесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Ал сапар соңында Шашубай кенті әкімдігі ғимаратында ауыл тұрғындарымен кездесті.
Жеңіс Қасымбек биыл Шашубайға бірінші рет келіп отырған жоқ. Өткен кездесуде тұрғындар ТКШ және абаттандыру бойынша бірқатар мәселелерді көтеріп, дәріхананың жоқтығына және медициналық қызметтердің сапасына шағымданған болатын. Сондай-ақ, олар бос тұрған көп қабатты үйлердің болашағына алаңдаушылық танытқан.
Өткен басқосуда тұрғындардың аймақ басшысына айтқан талап-тілегі бүгінде өз шешімін тапқан.
Сала мамандарының айтуынша әлеуметтік дәріхана және күндізгі стационар жұмыс істейді. Салалы мамандар Балқаштан келіп, қабылдау жүргізеді. Отбасылық дәрігерлік амбулаторияны жөндеуге конкурс жарияланды, нәтижелер алынғаннан кейін жұмыстар басталады. Цифрлық рентген-аппаратты және физиотерапиялық жабдықты жеткізуге шарттар жасалыпты.
Аудан әкімі Салтанат Әбеуованың ақпарына сүйенсек Шашубайда бірнеше бес қабатты ғимаратты қалпына келтіру жоспарлануда. Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, қазан айында мемлекеттік сараптаманың қорытындысы күтілуде. Пәтерлер күрделі жөндеуден кейін кезекте тұрғандарға беріледі. Жылумен жабдықтауды жақсарту үшін жаңа модульдік қазандықтың құрылысы жоспарлануда. Бұл нысан қалпына келтірілетін тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесуде сондай-ақ, кенттің су құбыры, жылу және кәріз желілерін Балқаш қаласының коммуналдық кәсіпорындарының балансына беру туралы айтылды. Рәсім жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Тұрғындардың өтініші бойынша Балқаш – Шашубай автобус бағытын ұзарту мәселесі де өз шешімін тапқан. Сондай-ақ, басқосуда жолаушыларға қосымша автобус бөлуге уәде берілді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ж.Қасымбек жоғарыда айтылған мәселелер жөнінді тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеп, орындалысын өз бақылауына алатындығын жеткізді,
Думан ҚАБЫЛ