Алқалы топ – Ақтоғайда
Ағымдағы жылдың ақпан айының 9-ыншы жұлдызында Қарағанды облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Б.Асанов және Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысы А.Санаубаров Ақтоғай ауданына іссапармен келіп қайтты.
Б.Қоңырбайұлы бастаған алқалы топ, аудан шекарасына кірісімен бірден іске кірісті. Ел ағалары бірінші кезекте Кежек ауылдық округіндегі Сарыөзек елді мекенінде орналасқан «QAZAQ MAET», «Global Beef Products» ЖШС-не ат басын бұрып, аталмыш серіктестіктің шаруашылық барысымен танысты.
«Global Beef Products» ЖШС – ірі қара тұқымын асылдандыруға бет бұрған ауданымыздағы іргелі қожалықтардың бірегейі. Шаруашылықтың көздеген негізгі мақсаты – 2000 басқа дейін абердин ангус, ақбас асыл тұқымды репродукторын құру. Соңғы 4 жылда осынау серіктестік 400 млн. теңге көлемінде инвестиция тартып, 85 пайыз жоғары төл алу жетістіктеріне ие болған. Жалпы аумағы 10,9 мың га жерді алып жатқан серіктестік 100 га астам егістікке көпжылдық шөп өсіру және 300 га астам егістікке дәнді дақылдарды өсіруді қолға алып отыр.
Осындай ірі серіктестіктің қора-жайын аралап, мал-жанның жай-күйінен хабардар болған Б.Асқарұлы шаруа қожалығы иесінің шешілмей жатқан мәселелерінің мәніне қанық болып, назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Бұдан кейін атқамінер қауым Қызыларай ауылдық округіндегі «Ерасыл» шаруа қожалығына табан тіреді. Соңғы 4-5 жылдың көлемінде ғана негізі қаланған шаруа қожалығы қазіргі уақытта маңайлас ауылдардағы бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Күні бүгінге қазақы қарабайыр тұқымды ірі қара өсіріп келген шаруашылық, бұдан былай әулиекөл асыл тұқымды сиыр малын көбейтуге ниетті. Сонымен қатар, ірі қара малды бордақылап, ағайынды етпен қамтамасыз етуде.
Түс ауған шақта Б.Асанов, А.Санаубаров және Р.Кенжебеков Сарытерек ауылында биыл ғана бой көтерген «Сарытерек SAG NS» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Аталмыш жобаның құны 327 млн. теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың мамыр айында жұмысын қолға алуға ниетті өндірістік кооператив күніне 5000 л қымыз, 75 000 келі ет өнімін өндірмекші. Осынау жоба неміс ғалымдарының іс-тәжірибесін басшылыққа алады. Сонымен қатар, кооператив Сарытерек ауылының 20-ға жуық тұрғынын жұмыспен қамтымақшы. Ауданымызда бұрын-соңды болмаған тың жобаның жай-жапсарымен таныс болған облыс әкімінің орынбасары Б.Қоңырбайұлы аталмыш жобаны облыс дәрежесінде қолдайтынын және Сарытерек ауылын биыл жарық көрген пилоттық жобаға енгізетінін айтты.
Осылайша ауданымыздағы бірнеше ауыл шаруашылығы нысандарын аралаған алқалы топ, соңын ала Ақтоғай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында үлкен жиын өткізді. Шараны аудан әкімі Р.Кенжебеков ашып, сөз тізгінін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Б.Асановқа берді. Сонымен қатар, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысы А.Санаубаров және «ҚазАгро» несие серіктестігінің Қарағанды облысы филиалының басшысы мінберге шығып, қазіргі уақытта жиі талқыға түсіп жүрген 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен шаруашылық бастап, өз-өзімді жұмыспен қамтамасыз етемін деген, немесе бұрыннан бар шаруашылығының өрісін кеңейтемін деген азаматтарға Үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер жөнінде сөз қозғады. Жиынға қатысушы шаруа қожалығы жетекшілері мен аудан тұрғындары өздерін толғандырған көкейтесті сауалдарын жолдап, тиісінше сала басшыларынан мардымды жауап алды.
Е.АЙТЖАН.