Алаш идеясы – ел идеологиясының темірқазығы

31-мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы әкімдігінің қолдауымен республикалық «Арқа арыстары» пресс-тур ұйым- дастырды. Атаулы күні тағылымды шараның өтуіне Алаш арыстары мен ашаршылық туралы жобалардың жетекшісі Бекзат Болатұлы мен Adyrna. kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Зарина Әшірбек ұйытқы болды. Шара аясында еліміздің түкпір-түкпірінен алашшыл, отаншыл жас журналистер Арқа төсінде бас қосып, бабаларының рухына тағзым етті.

«Пресс-турдың мақсаты – азаттық жолында құрбан болған тұлғаларды еске алып, рухына тағзым ету. Жас журналистерді этно-мәдени мұра шеңберінде ағартушылыққа баулып, тарихи өткенімен танысуына жағдай жасау. Ішкі туризм ошақтарының рухани даму жағдайларын қалыптастырып, маркетинг пен брендингті интеграциялау. Қарағанды

өңірінің көп ғасырлық мәдени-тарихи мұрасын дамытуға және тарихымызға деген жағымды көзқарасты қалыптастыруға БАҚ өкілдерін тікелей тарту. Сол арқылы жастарды отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеу», – дейді турды ұйымдастырушылар. Іс-шара қонақтары 30 мамыр күні Қарағанды қаласындағы ғалым және мемлекет қайраткері Әлімхан Ермековтің зиратына барып, зиярат етті. Сондай-ақ, ҚарЛаг мұражайында болып, тарихи деректермен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.

31 мамыр күні Ақтоғай ауданына жолға шығып, үш арыс туған топыраққа табан тигізді. Әлихан Бөкейханның ата-бабасы жерленген Талдыбейіт қорымында болып, тарихи мекендерді аралады. Әрі қарай, ұлт көшбасшысының кіндік қаны тамған, Нұрмұхамед сұлтанның жаз қоныс жайлауы, ықтаса қыстағы Желтаудың құйқалы қыртысы Жекежалға барып, 1939 жылға дейін Әлихан аштырған бастауыш мектептің орнын көрді. «Арқа арыстары» пресс-турге қатысушы жастар тау етегіндегі Алаш идеясы алғаш қағазға түскен Әлекеңнің қасиетті Қаратасына отырып көріп, өз сезімдерімен бөлісті.

Ақтоғай жеріне келген алашшыл жастарға өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан тарихи орындарды таныстырып, ұлт зиялылары жайында бірінен-бірі асқан көне уақыттың сырларын ақтарды.

– Әлихан Нұрмұхамедұлы – ел еркіндігі үшін күрес жолында мәңгі өлмейтін із қалдырған, бар ғұмырын қазақ халқының ұлттық саяси бостандығы мен дербестігіне арнаған ұлы тұлға. Алаш ынтымағының, ұлылығы мен қуаттылығының діңгегі, – дейді Т.Мұқан.

Думан Аманкелдіұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *