Алпыс жыл айтылмаған ақиқат
XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінің біразы «Алаш» партиясы мен Алашордаға тікелей байланысты. «Алаш» партиясы мен Алашорда тарихын арнаулы әдебиетте Алаш немесе Алашорда қозғалысы тарихы деп атайды. Алаш немесе Алашорда – бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Сондықтан, әуел бастан Алаш қозғалысына жататын жекелеген мәселелердің басын ашып, оларды нақтылы түрде қарастырған жөн. Олар біріншіден, саяси ұғым партия ретіндегі «Алаш», екіншіден, мемлекеттік құрылым ретіндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы туралы мәселелер. Басқа сөзбен айтқанда, осы нақты үш мәселелердің жиынтығы Алаш немесе Алашорда деген ұғымды бейнелейді. Қазіргі оқырманның көпшілігі, әсіресе 20-30 жылдардан кейінгі дүниеге келген ұрпақ, Алаш туралы білмейді, ал біле қалған жағдайда, онысы шындыққа жанаспайды. Жағдайдың бұлай қалыптасуының өзіндік себептері болды. 20-шы жылдардан бастап орын алған бұрынғы «Алаш» партиясы мен оның жетекшілеріне қарсы ұйымдастырылған алғашқы саяси сот процестерінен кейін, бұл тақырыпты нақтылы тарихи тұрғыдан зерттеуге ресми түрде тыйым салынды. Бірінші сот процесінің барысында 47 адам тергеуге алынып, ОГПУ-дің сот коллегиясының 1930 жылғы 4-ші сәуірдегі үкімімен 35 адамға әртүрлі жаза кесілді. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынов бастаған 10 адам әуелде өлім жазасына бұйырылып, кейін ол үкім 10 жылдық мерзімге концлагерьде отырумен алмастырылды. Екінші 1932 жылғы сот процесінің үкімімен Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов бастаған Алаш қозғалысы басшыларының екінші тобы 5 жылдық мерзімге Ресейдің қазіргі Воронеж облысына жер аударылды. ОГПУ-дің осы екі үкімінің құрбандарының тірі қалып, елге оралғандары 1937-1939 жылдары түгелге дерлік «халық жауы» деген жалған айыппен ату жазасына кесілді, түрмеге жабылды, айдалды… Сондықтан, «Алаш» туралы шындық айтылмайтын болды да, бұл тақырып ресми түрде «жабылды». Осының салдарынан 60 жылдай уақыт бойы ресми тарихнамада мәселенің байыбына бармай, шындыққа сай келмейтін, Алаш қозғалысын жаппай қаралайтын, оның жетекшілерін, «буржуазияшыл ұлтшылдар», «халық жаулары» деп жамандайтын пікірлер жазылып, әртүрлі мінбелерден жалған сөздер айтылып келді. Осы жылдары жекелеген шетелдік басылымдарда жарық көрген және Алаш қозғалысы туралы шындықты айтуды мақсат еткен Мұстафа Шоқай және Хасен Оралтай сияқты зерттеушілердің еңбектері Қазақстанға жетпей жатты. 20-шы жылдардың басынан Алаш қозғалысының тарихы мен совет-партия органдарында жауапты қызмет атқарып жүрген бұрынғы Алашорда қозғалысына қатысқандарға қарсы шабуыл басталды. 1922 жылдың күзінен бастап алашордашылардың көпшілігін, оның ішінде Ахмет Байтұрсынов та бар, Қазақ АССРның жоғарғы басқару органдарынан жаппай қуу науқаны басталды, өйткені республика коммунистерінің белгілі бөлігі оларды Кеңес үкіметі мен социалистік құрылыс ісіне жау пиғылдағы адамдар деп бағалауын қойған жоқ болатын. Республика партия ұйымын басқаруға Сталиннің сенімді қолшоқпарының бірі Ф. Голощекин келген. 1925 жылдан кейін бұрын Алаш қозғалысында болған, 1919 жылдың соңынан бастап ғылым, оқуағарту, өнер, баспасөз салаларында халық үшін жемісті еңбек етіп жүрген қазақ зиялыларының соңына ресми өкімет партияның идеологиялық аппараты күндіз шырақ алып түсті. Оларға әртүрлі саяси айып тағу үшін кезінде Кеңес өкіметінің өзі кешірім жасаған Алаш қозғалысына қатынасулары негізге алынды. Олардың басым көпшілігіне Кеңес өкіметіне жау пиғылдағы және оған қарсы контрреволюцияшыл әрекеттер ұйымдастырушылар деген саяси айыптар жаппай жабыла бастады. Осы саяси науқанды жүзеге асыру Алаш қозғалысының тарихын ресми тұрғыдан, таптық және теориялық принциптер негізінде «зерттеу» науқанымен қатар жүргізілді. 1926 жылғы 25-30 қараша аралығында ВКП (б) қазақ өлкелік комитетінің үшінші пленумы Қазақстан партия ұйымдарын Алашорда идеологиясына, қазақ коммунистерінің арасындағы ұйымшылдық «оңшыл» және «солшыл» уклондарға қарсы идеялық күресті күшейтуге шақырды. Жекелеген адамдарға Алашорданың «контрреволюциялық ұлтшылдық мәнін» әшкерелейтін еңбектер жазуға арнайы тапсырмалар берілді. Қазақстан партия ұйымы басшылығынан осындай тапсырма алғандардың бірі сол кезде республикалық мемлекеттік баспасының директоры болған А.Бочагов еді. Ол 1971 жылы жариялаған естелік кітабында былай деп жазды: «1926-1927 жылдары партияның сара жолы үшін жүргізілген күрес логикасына сәйкес мен Алашорда туралы кітап дайындауға кірістім. Мен алдыма Алашорданың контрреволюциялық мәні жөнінде айтып беруді, деректер негізінде оның Кеңес өкіметіне қарсы күресін көрсетуді мақсат етіп қойдым». Өз алдына дәл осындай мақсат қойған автор зерттеу объектісі болған тақырып жөнінде шындыққа сай еңбек жаза қоюы екіталай еді. Іс жүзінде солай болды да, ВКП (б) қазақ өлкелік комитетінің үгіт-насихат бөлімі дайындап берген құжаттар негізінде 1927 жылы жарық көрген кітапшасында (Бочагов А. АлашОрда. Қызыл-Орда. 1927). Жалпы алғанда Алашорданы жамандаудан аспады, оның тарихының әртүрлі кезеңдері мен қызметіне объективті баға бере алмады. 1933 жылы желтоқсанда ВКП (б) қазақ өлкелік комитетінің жанындағы партия тарихы институтында Алашорда және «Алаш» партиясы тарихына арналған пікірталас ұйымдастырылды. Онда «Алашорданың тарихи рөлі» деген тақырып бойынша негізгі баяндаманы осы институт қызметкерлері С.Брайнин мен Ш.Шафиро жасады. Баяндамадағы негізгі пікірлерін кеңейтіп, нақтыландырған осы екі автор 1935 жылы «Алашорда тарихы бойынша очерктер» деген кітапты орыс тілінде жариялады. Шағыншағын бастартудан және қосымша ретінде берілген 44 құжаттан тұратын осы кітап авторлары «Алаш қозғалысының жетекшілері мен оған қатысушылардың барлығын орыс патшасы мен уақытша үкіметтің өкілдерін қазақ халқының қас жаулары» деп бағалап, Алашорданы ұлтшыл контрреволюцияның үкіметі деп анықтады. Кітап жарық көрісімен жан-жақты сынға алынды. Кітап жөніндегі алғашқы пікір ВКП (б) орталық комитетінің органы «Правда» газетінде өте жылдамдықпен сол жылғы 14 сәуірде жарияланды. С.Брайнин мен Ш.Шафиро кітабында жасалған авторлық тұжырымдар Алаш пен Алашордаға сол кезде үстем болған идеологиялық бағытқа толығымен сай келгендігіне қарамастан, коммунистік партияның басты газеті аталмыш басылымды қатты сынға алды. Газет авторлары жасаған тұжырым қағидаларға емес, кітапқа қосымша берілген Алаш пен Алашорданың тарихи нақтылы мәліметтер беретін құжаттарға жүктелді. Оларды «Правда» газеті Алашорда идеологиясын ашық түрде насихаттау деп бағалады. Осындай саяси айып тағылған кітаптың тағдыры оп-оңай әрі тез шешілді. Ол Алашорданың контрреволюцияшыл ұлтшылдық идеологиясына қызмет етті деп бағаланды да, пайдаланудан ресми шешім негізінде алып тасталынды. Көп кешікпей осындай шешім жоғарыда әңгіме болған Н.Мартыненко құрастырып, жарияланған құжаттар жинағы туралы да қабылданды. Сонымен, Алаш және Алашорда тақырыбына қалам тарту іс жүзінде тоқтатылды да, Алаш қозғалысын зерттеуге отызыншы жылдардың ортасынан бастап тыйым салынды. Бұл кезде 20-30 жылдардағы Алашорда тарихына қарсы бағытталған идеологиялық шабуыл өз «нәтижелерін» беріп үлгерген еді. 1930 және 1932 жылдардағы бұрынғы Алаш қозғалысына белсенді түрде қатынасқан қазақ зиялыларына қарсы ұйымдастырған саяси сот процестері шығарған үкімге байланысты олардың басым көпшілігі әртүрлі ұзақ мерзімдерге концлагерьге айдалды, атылды, жер аударылды.
А.Абдибекова, «Ақтоғай ауданының мемлекеттік архиві» КММ-нің архившісі.