«AMANAT» алғыс білдірді
Қараша айының соңында қазақстандықтардың назарын тегіс өзіне бұрған үлкен саяси науқан болып өтті. Ол жайында тарқатып айтудың өзі артық. Қарашаның 20-ы күні өткен кезектен тыс президент сайлауына болашағына бей-жай қарамайтын әр бір қазақ баласы бір кісідей қатысып, өз таңдауын жасады. Бұқараның дені бас-аяғы 12 үміткердің арасынан Қ.Тоқаевқа дауыс беріп, өз сенімдерін білдірді. Осылайша сайлауға түскен өзге қатысушылардан анағұрылым көп дауыс жинап, Қ.Кемелұлы ел президенті атанды.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында осымен 3-ші мәрте өткен осынау ауқымды саяси шараның жоғары дәрежеде өтуі үшін уақытпен санаспай, күн-түн демей еңбек еткен жандар аз емес. Тұтас ел үшін, баянды болашақ үшін тынымсыз үгіт-насихат жүргізіп, жемісті жұмыс жасаған жандар ескерусіз қалған жоқ.
Желтоқсанның 12-і күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында алқалы жиын болып өтті. Аталмыш шараға «Amanat» партиясы Қарағанды облысы филиалының атқарушы хатшысы Б.Алтынбеков, «Amanat» партиясы Ақтоғай ауданы филиалының атқарушы хатшысы Т.Таукеев, аудандық мәслихат хатшысы Р.Әбеуов және ауданымыздың белсенді азаматтары мен жастар қауымы қатысты. Жиын барысында сөз алған Б.Қомарұлы қазіргі уақытта «Аманат» партиясының ұстанған бағыты мен ел көлемінде жүзеге асып жатқан жобалар мен жұмыстар легін сөзге тиек етті:
— Сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізу бойынша жұмыс пен сенімді өкіл ретінде кандидаттың мүддесін халыққа жеткізу – үлкен жауапкершілікті және тәжірибені қажет етеді. Осы жұмысты абыроймен, тиісті деңгейде атқарып шыққан азаматтар әр өңірлерде еленіп жатыр – деген партия атқарушы хатшысы Қазақстан республикасының Президентін сайлау науқанына дайындық және оны өткізу жұмыстарына қосқан үлесі үшін бір қауым азаматты мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың алғыс хатымен және Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі, партия төрағасы Е.Қошановтың алғыс хатымен марапаттады.
Сонымен қатар, Сарытерек ауылдық округінің әкімі Қ.Серкебаевқа партияның «Белсенді қызмет үшін» төсбелгісін табыстады. Шара соңында жиынға қатысушы қауым естелік суретке түсті.
Г.Елеусизова.