«Қарты бар ел – қазыналы ел»
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дейді халық даналығы. Қазыналы қарттардың әрбір айтқан өнегелі сөздері, тағылымды іс-әрекеттері, елінің, туған жерінің өсіп-өркендеуіне арнаған өлшеусіз еңбек жолдары, бір сөзбен айтқанда, бүкіл болмысы тұнып тұрған тарих. Қазақ қоғамында ақсақалдар – елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі. Қарттар қашанда елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген. Егемен еліміздің қарыштай дамып, әлем елдері арасынан өзінің орнын белгілеп, дамыған 30 елдің қатарына енуіне кешегі өткен бабаларымыз бен бүгінде елдің ортасында жүрген алдыңғы буын қарияларымыздың еңбектері еселі. Осынау елдің тыныштығы мен тұтастығының, бірлігі мен берекесінің сақталуына ардагерлеріміз өз үлестерін қоса береді деп сенеміз.
30 қаңтар күні аудан әкімі Руслан Кенжебеков аудандық Ардагерлер үйінде аға буын өкілдерімен жүздесіп, алдағы міндеттерді саралады. Ардагерлерге өңіріміздің өсіп-өркендеуіне қосқан елеулі үлестері мен өлшеусіз еңбектері үшін ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.
– «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген осы бір қанатты сөз – халқымыздың қадірлі ұғымының бірі. Жалпы, қанатты қағидалар қағаберісте, жай әншейін айтыла салмайды. Өмірден көрген түйін, тұрмыстан көрген тәжірибе бағалы сөздің салмағын санаға салады. Бүгінгі аудандық Ардагерлер үйінде көне тарихтың көмбесі абыз ақсақалдарымызбен кездесудегі мақсатым – аға буын өкілдерімен жақынырақ танысып, алдыға қойылған жұмыс жоспарларыммен бөлісіп, ағаларымыздың ой-пікір, ұсыныстарын тыңдау. Жалпы, Ақтоғай ауданы – қасиетті өлке. Бұл ауданның өсіп-өркендеуі қарқынды екенін білемін. Сондықтан, өркенді ауданды басқаруды зор жауапкершілікпен қабылдап, іргелі ауданды дамыту бағытында жұмыстарды өздеріңізбен бірлесе отырып атқаратын боламыз. Бұл істе ардагерлер әркез қолдау білдіреді деген сенімдемін, – деді аудан басшысы Р.Кенжебеков.
Жиында сөз алған аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәкітай Сыздықов аталмыш кеңестің атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, аудан әкімінің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан соң Ақтоғай ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Есентай Жақыпбеков: «Аудандық аурухана білікті жас мамандармен толықса, жерді алып-алып, шөптің бағасын шырқатып отырғандарға шектеу бола ма, аудандық, облыстық газет-журналдарға жазыламыз, алайда уақытылы таратылмайды» деген пікірін жеткізсе, зейнеткер-ардагер Абылай Түсіпбеков аудандағы тоқ мәселесін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан ардагерлер аудан әкіміне қордаланған мәселелер мен ауданды ілгері дамыту бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Думан ҚАБЫЛ.