Асылдың сынығы
Ұлысын ұлықтап өскен елдің баласы ғана ұлы істерді жасап, мәңгілік ел тарихынан лайықты орын алады. Алаш қайраткерлерінің халқымыздың тілі, тарихы, мәдениеті туралы зерттеулерінің тарихи маңызы зор. Қазақ тарихындағы ұлт-азаттық көтерілістерді рухани және саяси ұйысу үрдісін кезіндегі қитұрқы саясат аяусыз шаншып отырса да, тарих толқынында үнемі жаңғырып отырады. ХХ ғасырдың басындағы саяси қуғын-сүргін халқымыздың тарихында мәңгі қалған, қасіретті кезең. 1991 ж. Қазақстан тәуелсіздігін қалпына келтіргеннен кейін, осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шаралар жүзеге асырыла бастады. “Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы” заң қабылданды. 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. Кеңес заманында 100 мыңға жуық қазақ азаматтары, халқымыздың сүт бетіндегі қаймағы болған, елі үшін өре тұрған ел ардақтылары, тарихи тұлғалары қуғын-сүргінге ұшырап, соның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Отанын сатқан халық жауларының отбасыларын да қудалап, қуғын-сүргінге салып ойрандады. Өткен ғасырдағы ең бір қасіретті кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету — бүгінгі ұрпақтың перзенттік борышы. Қазақ тарихындағы есімі қастерлі тұлғаларды зерттеп, зерделеп, игілікті істерін көтеріп, есте сақтап, ұрпаққа жеткізу, ұлттық рухымызды оятып, бүгінгі ұрпақтың Отанға деген жауапкершілігін, сүйіспеншілігін оятатыны сөзсіз. Тіршілігінде жақсылығы жер жаһанға жария, есімі мәңгілік бірегей тұлғаларымыз жетерлік. Өсер елдің баласы өткенін еске алып, ойланып, ой түйіп, болашағына көз салып, ұлылардың ұлағатты істеріне зер салып, оларды дер кезінде жария етсе, тарихымыз ешқашанда ұмытылмайды. “Тарихты тұлғалар жасайды” деген ақиқат. Саяси дүрбелең жылдары тағдыры талқыға салынған қазақ халқының негізгі, арқа сүйер тіректері — қазақтың текті әулеттері, қазақ байлары болғаны да ақиқат. Қазақтың тарихы мен мәдениетінде ойып тұрып орын алатын әулеттердің бірі де, бірегейі де Оразбай Аққұлұлы және оның ұрпақтары. Оразбай қажы 1831 ж. өмірге келіп, 1921 ж. дүние салған. Кезінде шаруақор, епті, сабырлы, алыстан болжайтын, парасатты адам болғандығы деректерде көп айтылады. Тарихи деректерге сүйенсек, Оразбай әулетінде 4000-нан астам жылқы болған. Оразбай әулеті Семейдің Шұнай тауын жайлайды екен. Шұнайдың қойнауы жылқыға толса, Оразбай жылқым түгел деп масайрап жатады. Сондықтан да “Шұнайым, Шұнайды берген құдайым” деген сөз Оразбайдан қалғанға ұқсайды. Еңбегімен байыған Оразбай Аққұлұлы өте қонақжайлы, мәрттігі мен жомарттығы жарасқан ерекше адам болады. Ауылының үстінен өтіп бара жатқан жолаушыны көрсе, шақыртып алып, мал сойып, күтіп жіберетін болған. Абай мен Оразбай арасында ерекше сыйластық болғанға ұқсайды. Абай бірде ауылына бара жатып жотада үйездеп тұрған көп жылқының ішінен Оразбайдың кербестісін көреді. Атты айналып қарап, ауылға соқпай өте шығады. Мұны бақылап отырған Оразбай: “Кербесті маған мал болмайды, Абайдың көзі тиеді. Тез барып кербестіні ұстап алып, Абайға апарып бер” – дейді. Бұл атты ауылыма соқпады деп әдейі жіберіп отыр ғой деп, Абай бүкіл тобымен кері бұрылып, Оразбай ауылына келіп сәлем береді. Оразбай қажы болса Абайды қошеметтеп, күтіп, құлын сойып, етін биенің сүтіне пісіртіп құрметтеп аттандырған екен. Оразбай қажының жомарттығы мен мәрттігіне қатысты ел арасында таралған әңгімелер өте көп. Абай өмірімен байланысты тағы бірде Абай еліне Жетісудің Жәрменде дейтін абыройлы қариясы келеді. Алыстан арнайы келген мейманын қошеметтеп құрмет көрсетеді. Кетерінде Абай: «Аға, бұйымтайыңызды айтыңыз» дегенде, Жәрменде: “Қамысқұлақ атыңды бер” дейді. Абайдың сол жерде «Аттың сыны» деп аталатын өлеңін жатқа айтады. Абай ауылында, Құнанбай әулетінің жылқыларында өлеңде айтылатын сәйгүлік табылмағандықтан, тоғыз мың жылқысы бар Оразбайға: «Ел намысы – ер намысы болғанда, ер намысы – ел намысы болмай ма? Тобықтының қонағына сұратып отырмын. Оразекең бір тайын аямасын» деген сәлемдемеге Оразбай қажы: «Ағайын ащы, мал тұщы десем мен Оразбай боламын ба?! Жаттан сағы сынбасын» деп үш атын ұстатыпты. «Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты да берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін», — дейді. 1901 жылы Оразбай Тұрағұлқызы Ақылияға құда түседі. Ақылия бой жеткен соң Оразбай немересі Саниязбекке тұрмысқа шығады. Заманында Абай ауылына келген Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулатовтар Ақылияның қолынан дәм татып, келген-кеткенде қонақ болып түсетін үйі болған. Сұлтанмахмұт Торайғыров денсаулығы нашарлап, Оразбай қажы әулетінде бір қыс жатып, емделеді. Алашорда ұлттық мемлекеті құрылғанда да Оразбай әулеті әрқашан материалдық көмек көрсетіп отырған. Меценаттық – Оразбай әулетінің қалыптасқан ата дәстүрі болған. Сол замандарда ел ішіндегі саяси істерге белсене араласып, демеу көрсеткен. Оразбай әулеті қазақ зиялыларымен жақын байланыста болғандығын тарихи деректер айғақтайды. Себебі, қазақ ұлтының қамы қазақ байларын бейжай қалдырмаған. Оразбай баласы Медеу Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулатов тағы да басқа Алаш арыстарымен жолдас болады. Тарихи деректерде 1908 жылы Әлекең 8 ай Семей абақтысында отырғанда, ауырды деп естіп, «Әлекең қазаққа керек адам» деп 10 құлынды биесін Шағылға байлатып, күнде 1 саба қымыз жеткізіп отырады. Медеу Оразбайұлы 1922 жылы Қыдыр тауының бауырында өз қаржысымен мектеп салдырып, мектепті өзі қаржыландырып, талай жеткіншектің көзін ашқан. Ата-бабаларымыз тектілікке үлкен мән берген, Медеудің бір ұлы Саниязбек Абайдың немересімен қосылса, екінші ұлы Біләл Әлихан Бөкейханның туған жиені Әнел Жарқызымен қосылуында да үлкен сыр бар. Әлекең Оразбай әулетімен жақсы араласып, әулеттің тектілігін байқап, Смахан інісіне тапсыруы да ғажап емес. Смахан төре Семейге барып, Әнел Жарқызы мен Біләл Медеуұлын қосады. Біләл атамыз бен Әнел апамыздан екі қыз бала өмірге келеді. Кеңес өкіметі саяси науқанды бастап, қуғын-сүргін басталған кезде Оразбай әулеті мыңғырған жылқысын кедейкепшікке, ағайынға таратып, жан жаққа қашады. Біләл Медеуұлы Алматыға келеді. Көзі ашық, көкірегі ояу, тектінің тұяғы «халық жауы», «жуанның тұқымы» деп бәрібір ұсталып кете барады. Өз елінің адамдары көрсетіп, бір түнде алып кетеді. Сол кеткеннен молынан кетіп, қашан, қай жерде атылғаны туралы еш дерек жоқ, хабарсыз кетеді. Оразбай әулеті осылайша ойрандалып, 1931 жылы Оразбай мен Медеу ату жазасына кесіледі. Осы күндерде Қазыл Біләлқызы 5 жаста ғана екен. Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған тектінің тұяғы, асыл апамыз Қазыл Біләлқызы Оразбай қажының шөбересі, Медеу немересі. Анасы жағынан тектінің көзі, Әлихан Бөкейханның туған жиеншары. Тарихи деректерде Медеудің ұрпақтары туралы, әсіресе, Абайдың немересі Ақылиядан туатын ұрпақтары туралы зерттелген еңбектер жоқ емес, бар. 1999 жылдың 2 желтоқсанында «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңға сәйкес (14 сәуір 1993 жылғы) Алматы қаласы, Алмалы ауданы прокурорының шешімімен ақталды. Қазыл апамыздың анасы Әнел Жарқызына елдегі бір ақсақал: «Төркініңе қаш, бұл елден жақсылық ауды, бірін-бірі ұстап беріп жатыр» деген соң екі қызын жетектеп, елге Қарқаралыны айналып, Шұбартаумен, Ақтоғайға келеді. Елге келген соң кішкентай қызы Айсәуле шетінеп кетеді. Қазыл Біләлқызы Ақтоғайда ержетеді. Әнел Жарқызы ержүрек, айналасына мейірімді, балажан, жүрегі кең, төренің мінезі бар, сертіне берік, парасатты адам болған. Әлкей Марғұлан 1956 – 1957 жылдары Ақтоғайға келіп жүргенде, Әнел апамыздан сыр шерткісі келіп, сұрағанда, апай сыр бермейді. «Өтті кетті. Қайтесіңдер. Есімде жоқ» деп айтпайды. Ауыр нәубет жүрегіне қатты сызат түсірген болуы керек. Әлекең 1989 жылы ғана ақталғандықтан, ол уақыттарда Оразбайдың Біләлі туралы ешкім жақ ашпайды. Себебі, Біләлдің жары Әлекеңнің туған жиені болғандықтан да шығар. Қазыл Біләлқызы ауданда болашақ жары Аманқұл Мұсатайұлымен танысып, отау құрып, алты бала тәрбиелеп өсірді. Аудан тарихында абыройлы, сауатты, көкірегі ояу, текті әулеттен шыққан қарттарымыздың бірі. «Тектілік тек жатпайды» деп халқымыз тегін айтпаған. Аман ағаның тарихы да ұшан-теңіз, Бөлек әңгіме. Аманқұл Мұсатайұлы өлке тарихын зерттеп жүргенде, сол кезеңдегі Қазақстан археология ғылымының Әлкей Марғұлан бастаған ең мықтыларымен үзеңгілес болады. Аман ағамыздың тұлға ретінде қалыптасуында, аудан тарихын зерттеп, өлкенің тарихын жарыққа шығаруы барысында жасаған еңбегі орасан зор. Әлкей Марғұланның жазған хаттарынанақ, осы әулетке деген ерекше құрметті байқамау мүмкін емес. Тектіні тектінің тануы осы шығар. Бүгінде Қазыл апамыз 96 жасқа келіп отыр. Қазыл Біләлқызының ерекше тарихын, шығу тегін аудан жұртшылығы, өскелең ұрпақ білсін деген оймен осы мақаланы жаздым.
Кәмшат Абдрахманова, Қарағанды Медицина Университеті, Қазақстан тарихы және Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының ассистент профессоры.