Атқарылар істің төрешісі – халық

«Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген халық даналығын нық ұстанған аудан әкімі Руслан Айтыкенұлы ауданымызға әкім болып тағайындалған күннен-ақ, бірден халықпен қарым-қатынастың жақын форматына көшу, ашық және шұғыл әрекет ету мақсатында әкімдік аппаратымен жете танысып алған соң, алғашқы сапарын «Денсаулық – зор байлық» демекші, аудандық аурухана жұмысымен танысудан бастады. Аурухананың бүгінгі жай-күйімен жете танысып, аталған мекеменің техникалық базасын аралап көріп, ем-дом қабылдап жатқан тұрғындармен де тілдесуге уақыт бөліп, хал-ахуал сұрасты. Талай ілкімді істер қолға алынып жатыр, дегенмен де, жасалынған істен алдағы әлі де атқарылар істер бар екендігіне тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Ақылдасып, бірге жасайтын жұмыстарға тез арада жоспар жасап, уақыт оздырмай іске кірісу керектігін баса айтты.

 

 

Руслан Кенжебеков әрмен қарай ауданымыздағы төтенше жағдайлар бөлімінің жеке құрамына барып, бөлім жұмысымен танысып, төтенше жағдай кезінде жұмылдыруға дайын техникаларды көріп, қаншалықты төтенше жағдайға дайын екендігіміз туралы сауалдарға жауаптар алды. Биыл қар мөлшері жылдағыдан көп түсуіне орай көктемгі су тасқынына да дайындық жоспарын сала басшыларымен бірлесе жоспарлап шықты. Әрмен қарай өңір басшысы күн тәртібіндегі аудан тұрғындары үшін ең күрделі болып тұрған көмір мәселесінің жайымен таныспаққа бет алды. Аудан тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер Әуелбек Қасымбеков – “Кеңасу”, Ерлан Нұртазин – “Айтуған” көмір базаларында болып, қазіргі таңдағы қордағы көмірдің мөлшері, ол халық сұранысын өтеуге жеткілікті ме, келешекте қаншалықты халықты қатты отынмен қамтамасыз ете алатындықтарын өзара пікірлесіп, ақылдасты. Халыққа жағдай жасап отырған кәсіпкерлердің де жағдайларын біліп, сұраныстарына ден қойды. Алдағы уақытта аудандағы көмір жеткізуші кәсіпкерлермен және Қарағанды қаласындағы көмір нарығындағы делдалдармен үздіксіз жұмыс жүргізу мақсатында, үшжақты меморандум келісімге отыру жоспарын жасауға шешім қабылдады. Сонымен қатар, ауданымызға көмір жеткізуші кәсіпкерлерге әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығына баса назар аударып, өздеріндегі баға саясатын қайта қарап, көмір бағасын түсіру бағытында жұмыс жүргізу керектігі осы кездесуде сөз болды. Аудан әкімінің ұсынысынан кейін ауылымыздың атымтайлары «Бірлігі күшті ел озады» демекші, ақылдаса келе, Шұбаркөл көмір бағасын 25 мыңнан 23 мың теңгеге, 21 мың теңге тұратын Кузнецк көмірінің бағасын 20 мың теңгеге түсіріп, үйге дейінгі жалданған машина құнының тасымалдау бағасын да азайтып, тіптен көпбалалы аналар мен 1 топтағы мүмкіндігі шектеулі жан бар үйлерге тегін апаратын шешім қабылдап, мәрттік танытты. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйсінуге жарасын ол» деген хәкім Абайдың сөзі осы жерлес кәсіпкерлерімізге арналғандай болып тұр. «Алғыс алған арымас», есесіне халық ақ батасын беруде. Қазіргі таңда ауданда тұрғындарға арналған 300 тоннаға жуық көмір қоры бар. Барлық әлеуметтік нысандар көмірмен толық қамтамасыз етілгендігіне көз жеткізген аймақ басшысы, алдағы уақытта мақсатты жұмыстар тікелей бақылауында болатындығын айтты.

***

Жоспарлы кестеге сәйкес аудан әкімі Р.Кенжебеков уақыт тауып жекелеген тұрғындармен де екі-үш мәрте кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын, тілегін тыңдады. Қабылдауға келген тұрғындарды толғандыратын баспана, жұмыссыздық, кәсіп ашу, баспана төл-құжаттарын заңдастыру, денсаулық мәселесіне байланысты өтініштерін тыңдап, көтерілген мәселелердің тиісті заңдылығына сәйкес қарауды, кезек күттірмейтін шараларды дер уақытында шешуді, маңызды жобаларға қолдау танытатындығын жеткізіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Г.Елеусізова.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *