Аудан әкімі мәдени нысандарды аралады

Аудан әкімі Руслан Кенжебеков аудан орталығындағы әлеуметтік және мәдени маңызы бар бірнеше нысандарда болып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, алдағы уақытта қолға алынуы тиіс міндеттерді белгіледі.
«Өнер – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» дейді халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы. Бойына өнер дарыған балғын балапандардың бетін қақпай белін буып, болашағына даңғыл жол ашуға жөн сілтеп келе жатқан аудандағы мекеменің бірі – аудандық өнер мектебі.
Руслан Айтыкенұлы өнерпаз шәкірттердің талабын ұштап, үлкен өмірге қадам бастырған аталмыш іргелі қарашаңыраққа келіп, өнер өлкесіндегі талантты жастарды тәрбиелеп, аудан өнерін дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан бірегей білім ордасының атқарып жатқан жұмысын көрді.
Өнер ұясының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында аудан әкіміне баяндаған мектеп директорының міндетін атқарушы Айгүл Жақанова: – Қазіргі таңда мектеп оқушыларының бойындағы дарынын ұштау, бос уақытын тиімді пайдалану, шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында бірнеше үйірмелер жұмыс жасап, дәрістер өткізіліп келеді. Мектебіміздің оқушылары әр жылдары облыстық, республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы болып танылуда, – деді.
Аудан басшысы әр үйірме сыныптарына бас сұғып, шәкірт шығармашылығын шыңдап, өнер додаларында аудан атын асқақ етіп жүрген бірқатар ұстаздар қауымына алғысын айтып, шығармашылық табыс тіледі.
Сонымен қатар, Руслан Айтыкенұлы аудандық орталықтандырылған кітапханада болды. 262 мың кітап қоры бар аудандық кітапхананы аралаған аудан әкімі оқырман тарту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Аталмыш кітапхана директоры Замзагүл Сатекованың айтуынша, бүгінгі күні кітапхана сайты, электронды каталог жұмыс істейді. Оқырмандарға онлайн қызмет көрсету жүйесі де іске қосылған. «Отбасылық», «Тарих сөйлейді» жобалары шеңберінде интерактивті кітап алынған.
Мұнан соң аймақ басшысы Ақтоғай аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайына бас сұқты. Мұражайда өңірдің сонау сақ, қола дәуірінен басталған сан ғасырлық тарихи мұралар мен Ақтоғай жерінен шыққан белгілі тұлғаларға қатысты құнды жәдігерлер сақталған. Бағзыдан жеткен бабалар мұрасы мен өңірдің өткені жайында экскурсовод Сағат Қалиасқаров баяндады.
Аудан басындағы мәдени ошақтарының жұмысын зерделеп, ұсыныс-пікірлерін тыңдаған Р.Кенжебеков көтерген мәселелердің орындалысы өз бақылауында болатынын жеткізді.
Думан ҚАБЫЛ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *