Аудан спортшылары марапатталды

Күні кеше облыстық дене шынық тыру және спорт бас қармасының ұйымдастыруымен өткен аймақтық «Saryarka» спартакиадасы өз мәресіне жетті. 3 мыңға жуық спортшы қатысқан байрақты бәсекеге аудан спортшылары қатысып, жүлделі орындарды қанжығалап қайтқан болатын.

Бүгін ауданы әкімінің орынбасары А.Аманжолов аталмыш жүлдемен оралған спортшыларды қабылдады. Ауданның абыройын асқақтатып, беделін көтерген спортшыларға деген ізгі тілегін арнап, жарыс жеңімпаздарына грамоталарын салтанатты түрде табыстады.

– Елдің атын асқақтататын саланың бірі — өнер болса, екіншісі — спорт. Спорттық бәсекелерде бақ сынап жүрген ақтоғайлық спортшылардың жетістіктері аз емес. Олар халықаралық, республикалық додаларда топ жарып келеді. Бұл ауданда спорттың бұқаралық сипатын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстардың жемісі. Міне, облыстық спартакиададан жүлдемен оралып, ауданымыздың абыройын асқақтатқандарыңыз үшін Сіздерге аудан әкімінің атынан және өз атымнан алғысымды білдіремін,-деді А.Аманжолов.

Айта кетейік «Saryarka» спартакиадасында асық атудан аудан командасы І – орын иеленді. Пауэрлифтингтен ерлер арасында Б.Бекіш (53 келі салмақ дәрежесінде), Ж.Қаржаубай (59 келі), М.Омарбеков (80 келі), Б.Қуанышбек (90 келі), М.Беркінбай (105 келі) және Е.Қыдырбай (110 келі) жүлделі бірінші орындарды қанжығалады. Сонымен қатар аталмыш спорт түрінен қыздар арасында Ж.Ақбасова (43 келі), А.Абибекова (63 келі), Г.Дюсенова (76 келі), А.Амиржанова (80 келі) және Г.Таукеевалар (85 келі) І орынға табан тіреді. Ал, президенттік көпсайыста турникке тартылудан  Ә.Зекен мен Ж.Қалиолла (14-17 жас аралығында) алдына жан салмады. Спортың бұл түрінен Ә.Мекен жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Қыздар арасында кір тасын көтеруден 74 келі салмақ дәрежесінде Ж.Амангелді жеңімпаз боп танылса, командалық есепте тоғызқұмалақшыларымыз ІІ орынды   місе тұтты.

Ауданның денешынықтыру және спорт бөлімінің маманы А.Шәкірбаевты сөзге тартқанымызда:–Онлайн жарыстар екі кезеңде – алдымен қалалар мен аудандарда, содан кейін екінші кезең облыс орталығында өтті. Спартакиадаға 10 жастағы бала да (тоғызқұмалақ) қарт адамдар да қатысты. Біріншілік бағдарламасына шахмат, дойбы, асықату, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика (орнынан секіру, 3х10 метрлік жүгіру), күш гимнастикасы, пауэрлифтинг, доппен жонглерлік ету және кір тасын көтеру т.б түрлері енген. Облыстық біріншілікте өңірдің барлық қалалары мен аудандарынан жалпы 2 837 тұрғын бағын сынады, — дейді.

Думан ҚАБЫЛ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *