Ауылына қарап, азаматын таны
Ауыл ажары – сол өлкенің кескін-келбетінің келісуімен айшықты. Бақсаңыз, қазіргі уақытта ауыл-ауылдың барлығы дерлік замана көшінен қалмай, жергілікті жердің инфрақұрылымын бір ізге түсіріп, жаңашылдыққа бет бұрып жатыр. Оны біріміздің көзіміз көріп, біріміздің құлағымыз естіп, әлеуметтік желі арқылы да қанық болып жатырмыз.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар». Бұлайша тәмсілдеуімізге айналамыздағы ағайынның бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ілкімді істерге ұйытқы болуы себеп. Кейінгі үш-төрт жылдың мұғдарында ел ішінде ауыз толтырып айтуға әбден лайықты үлкен үрдіс бастау алды. «Елім-жерім» дейтін ұлтжанды азаматтар «туған жерге туын тігіп», үлкенді-кішілі шаруалардың шалғайынан ұстап, ауылының көркейіп, көгеруіне атсалысып жатқан жайы бар. Мәселен, бір ғана ауданымызға қарасты ауылдардың денінде жоғарыда аталған дағды қалыптасып, түйінді түйткілдердің біршамасы ауыл ішінен сыртқа шықпай, ағайын арасында ымырамен шешіліп жатыр. Оған келтіретін дәйекті дәлелдер жетерлік. Мәселен, Айыртас ауылының тұрғындары және сол араға кіндік қаны тамған, қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде әр саланың тізгінін ұстап отырған перзенттері жұдырықша жұмылып, бірліктің жарқын үлгісін көрсете білді. Қор құрып, сырт аймақтан балалы-шағалы отбасыларды көшіріп әкеліп, жұмысы тоқтап қалған білім ордасының бойына қан жүгіртіп, есігінің айқара ашылуына едәуір жұмыс жасады.
Бұдан бөлек, өзге ауылдарда да азаматтардың арқасында жасалған іс-шараларды тұрғындар игілігіне жаратып жатыр. 23-ші қазан күні Сарытерек ауылдық округіне қарасты Жетімшоқы елді мекенінде ауылдағы ағайынның бастамасымен бой көтерген «Жетімшоқы ауылы» стелласының ашылу рәсімі болып өтті. Республика күнімен тұспа-тұс келген салтанатты шараға аудан әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары А.Аманжолов және тұрғындар мен қонақтар қатысты. Әуелгіде, А.Базылұы көпшілік алдына шығып, осынау үлгі боларлық үлкен іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, барша жетімшоқылықтарды құттықтады. Келесі кезекте ауыл ақсақалдары үрдіс бойынша қызыл таспаны кесіп, стелланы ашып берді. Тұрғындар айтулы күнге орай әзірлеген концерттік бағдарламаларын жұртшылыққа паш етіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, «арқан тартыс», «кір тасын көтеру» бойынша спорттық сайыс өтті. Жарыстың өз дәрежесінде өтуіне барлығы да бір кісідей атсалысып, жиналған қауымның басым көпшілігі қатысты. Шара соңынан жеңімпаздар арнайы әзірленген сый-сияпаттармен марапатталды.
Сондай-ақ, талай жыл тұрғындардың жан- айқайына айналған күрделі мәселенің күрмеуі шешілді. Жетімшоқы ауылын күре жолға жалғайтын көтерме жолдың жұмысы өз мәресіне жетіп, қолданысқа берілді.
Е.АЙТЖАН.