«Аяла» сән салоны ашылды

Еліміздің әлем көшбасшыларының қатарына қосылу жолындағы мақсат-мұраты айқын. Қай салада болмасын жеткен жеңісі мен жетістіктері жетерлік. Мемлекет тарапынан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы аясында ауданымыздың өзінде ауқымды жобалар іске асуда. Соның бірі ретінде заман талабына сай аудан орталығында «Аяла» сән салоны өз тұтынушыларына есігін айқара ашты. Қыз-келіншектерге әдемілік сыйлайтын орынды көп балалы ана Жанар Мұхтарбекова ашып отыр.

Жаңа нысанның салтанатты ашылуы барысында ауыл тұрғындары, сұлулық салонының жұмысымен танысып, оң бағасын берді.

 

 

– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жыл сайын қолдау көрсетіліп, түрлі бағдарламалар шеңберінде қаржыландырылуда. Соның арқасында жергілікті халық өз кәсібін ашуға бетбұрып, кәсіптің сан-саласын игеруде. Бизнестің тетігін тауып, меңгерген әрбір жан өз мүмкіндігін толық пайдалануда. Демек, бүгін ашылғалы отырған нысан сол қолдаудың жемісі. Бұл сән салоны ауылдағы қыз-келіншектерге қызмет етіп, сұлулықтарын сақтауға сеп болмақ, – деді ауыл тұрғыны Света Кемелбаева.

 

 

Өз кезегінде, сән салонының ашылуына жиылған жұртшылық лента қиып, жұмыстың нәтижелі болуына ақжарма тілектерін жеткізді. Ауданның қыз-келіншектеріне оңтайлы қызмет көрсетуге бағытталған сән салонында кәсіби біліктілігі жоғары маман қызмет етеді. Бір мезетте, бет әрлеу, шаш күтімі мен сәндеу, қас-кірпікті безендіру сынды тағы да басқа қызмет түрін ұсына алады. Үнемі ыждағаттылық пен ұқыптылықты қажет ететін саланың қыр-сыры баршаға мәлім. Сол себепті де салон өз тұтынушыларына бар өнерін салып қызмет ететінін айтады «Аяла» сән салонының иесі, кәсіпкер Жанар Айтмұхаметқызы.

–Қыз-келіншектерге барлық қызметтің түрін көрсететін, көптің көңілінен шығатын салон ашу көптен ойымда жүрді. Сол арманым жүзеге асып, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алып, қызымның есімімен «Аяла» салонын аштым. Салонға кірген адам шаш пен қасты қиып, тырнағын бояп, кірпігін ұзартып хас сұлуға айналады. Қазір қарапайым қонаққа бару үшін салон қызметіне жүгінетін болдық. Менің мақсатым – әр тұтынушыға сапалы қызмет көрсету. Ол үшін уақытпен санаспай жұмыс жасап, тәжірибе жинадым, – дейді Жанар.

Бүгінде шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан көп мүмкіндік қарастырылған. Жанардың болашаққа құрған жүйелі жоспарлары аз емес. Отағасы Талғат жұбайының әр бастамасына қолдау білдіріп келеді. Кәсіпкерлікке мықтап бетбұрған кейіпкеріміз болашақта өз ісін кеңейтіп, әлі талай жобаларды дүниеге әкелсем дейді.

Гүлнар Елеусізова.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *