Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім –біздің басты құндылығымыз
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, тағдыр тауқыметімен қаншама ұлыс өкілдері қасиетті қазақ жерін пана тұтып, қазақ халқының айналасына шоғырланғаны белгілі. Қашанда татулық пен ынтымақты ту еткен елімізге өзге ұлыс өкілдерімен достық қарым-қатынаста болып, біртұтастықта өмір сүруі маңызды. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев халықты ұлтына бөліп-жармай, біртұтас Қазақстан қоғамын қалыптастыруды мақсат тұтып, 1992 жылы алғаш рет Ассамблея құру туралы идеясын қалың көпшілікке жариялады. Идея ірі мақсатқа ұласып, 1995 жылдың 1-наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Биыл ұлтаралық татулық пен қатынасты, біртұтас қоғам құру мен түсіністікті басты шарты еткен Ассамблеяға – 27 жыл.
Халқымыздың сан ғасырлық тарихы ұлттық тұтасудың ортақ құндылықтар мен киелі рәміздер негізінде жүзеге асқандығын дәлелдейді. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Н.Назарбаев: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту.
Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту», – деп ұлттық болмыс пен ұлттық ой-сананы заманауи дүние талаптарына сай кемелдендіруді атап көрсетті. Қазақстанның ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» көрегендігі мен алысты болжайтын, стратегиялық ұтқырлықтың нақты дәлелі болып табылады. Еліміздің тұңғыш ұзақ мерзімді даму бағыты 1997 жылы 2030 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар белгіленіп, бүгінде оның ең басым бағыттарына қол жеткізілді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы заманауи өркениеттің нақты жағдайын сындарлы түрде есепке алып жасалынды.
Ұлтаралық қатынас мәдениеті белгілі бір қоғамдағы әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы қатынастың барлық түрлерінен, еңбекте, күнделікті тұрмыста, көпшілік байланыста көрінеді. Әрбір ұлт өкілі басқа ұлт өкілінің жан тазалығын немесе жамандығын, басқа ұлт өкілдеріне көзқарасын басқалармен салыстыра отырып бағалайды. Басқа ұлт өкілдері бойындағы адамдық жағымды қасиеттерді өз бойына дарытуға, олардағы өмірлік тәжірибе мен шаруашылық жүргізудің озық үлгілерін меңгеруге ұмтылады. Қазіргі уақыттағы ең басты мәселе – азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім, халықтар достығы, ынтымақтастық пен бауырластық мәселелерін нығайту экономикада орын алып жатқан дағдарысты жою, әлеуметтік шындық, сөз бен істің үйлесімділігі сияқты принциптерді жүзеге асыру жолдарын іздестіру. Ұлттық мақтаныш пен ұлтжандылықтың мағынасын дұрыс бағалау өзара түсіністік пен халықтар бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосады. Әр адамның қызметінде, мінез-құлқында мемлекеттік және ұлттық факторлардың дұрыс ұғымын қалыптастыру олардың сана-сезіміндегі адамгершілік, имандылық қасиеттерінің терең орнығып, қалыптасып, ұлттық эгоизм, т.б. керітартпа қалдықтарымен ымырасыз болуына ықпал етеді. Мемлекеттік тәрбиені бір жүйеге келтіру әрбір ұлттың сана-сезімін дамыту, ұлттық мақтанышын орнату арқылы жүзеге асырылғаны жөн. Бұған ұлтаралық сипатта өрбіген жанашырлық белгілер қажет. Ең маңыздысы, мемлекеттік және ұлттық мүдделерді байланыстыра білу керек.
«Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана халқымыз. Қазақстанда әртүрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Азаттықтың таңы арайлап атқан сәттен бастап, ұлтаралық келісім мен татулықтың соны үлгісі салтанат құрды. Еліміз тыныш, халқымыз аман. Өндірісі өркендеп, экономикасы дамып келе жатқан, алдына ауқымды міндеттер қойған мемлекеттердің қатарындамыз. Әрине, осының барлығы тыныштық пен тұрақтылықтың, ауызбіршіліктің нәтижесі. Дұрыс та сауатты жүргізіліп отырған саясаттың жемісі. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері елде өмір сүріп жатқан көптеген этнос өкілдері күні бүгінге дейін татулық пен бірліктің қандай болу керектігін көрсетіп, өзге елдерге үлгі болып келеді. Ұлтаралық тату қатынастардың қазақстандық үлгісін көрсете білген бұл бағыт – бүгінде барша қазақстандықтардың жеңісі мен мақтанышына айналып отыр. Десе де, ел билігі мұнымен шектеліп қана қоймай, этносаралық қатынастарды дамытуға қатысты бұдан да басқа бірқатар бастамаларды қолға алмақ.
А.Рысбай,
Ақтоғай ауданының дін мәселесі бойынша
ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
аудандық орталық мешіттің имамы.