Бұқара пікірі – басты назарда

Мемлекет басшысының пәрменіне сәйкес, тұрғындарды толғандырған түйткілдердің түйінін тарқату мақсатында қала, аудан, ауыл әкімдері әр тоқсан сайын халық алдында есеп беру жиынын өткізуге міндетті.

Осымен екінші аптаның жүзі болды, аудан әкімі С.Әбеуова бекітілген кестеге сәйкес, ауылдық округтерді аралап, халық алдында жыл көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп беруде. Қарашаның 3-і күні Кежек ауылдық округіне ат басын бұрған өңір басшысы ІV тоқсандық есеп жиынын өткізді. Іс-шараға аудан прокуроры Р.Тобықов, аудан әкімінің орынбасары, бөлім, мекеме басшылары қатысты. Әуелгі кезекте өңір басшысы күні бүгінге дейін аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар легін тілге тиек етті. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік салаларға жеке-жеке тоқталып, нақты сандық көрсеткіштерді атап өтті. Бірыңғай баяндама оқып, фактілерді негізге алатын қасаң қағиданы бұзып, аудан әкімі С.Мірәсілқызы көбіне-көп сөз кезегін ауыл тұрғындарына беріп, қойған сауалдарына жауап беріп, уәждеріне құлақ түрді. Және де көтерілген мәселелер бойынша тікелей тиісті мекеме, бөлім басшылары жауап берді. Сондай-ақ, аудан әкімі бұған дейінгі І-ІІ тоқсандық есепте Кежек ауылының тұрғындары тарапынан көлденең қойылған проблемалар бойынша қазіргі уақытта қандай шаралар қолға алынып жатқанын мәлім етті. Мәселен, алдыңғы кездесуде ауыл тұрғыны Д.Ізбасаров: «Мектеп терезелерінің тозығы жеткен, ауыстыруға жәрдемдессеңіздер» деген ұсынысын білдірген болатын. Бұл бойынша С.Мірәсілқызы білім ошағының терезелерін алмастыру үшін қаражат қарастыруға облыстық білім басқармасына ұсыныс берілгенін айтты. Сонымен қатар, Б.Ермеков ауылға дәрігер маманы қажет екенін алға тартқан болатын.Аталған мәселе бойынша дереу шаралар қолға алынып, М.Оспанов Кежек ауылына дәрігер болып бекітіліп, қыркүйек айынан бастап жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ, ақшиліктердің тарапынан «Халықты тұрақтандыру және мектеп дәрежесін сақтау мақсатында көшіп келген отбасыларға мемлекеттік квота бөліне ме?», «Қысқы мал азығын дайындау үшін шабындық жер берілсе» деген сауалдар жолданған. Өңір басшысы көтерілген бірінші мәселе бойынша 2023 жылы қоныс аударушыларға квота бөлу жоспарда бар екенін айтты. Сонымен қатар, шабындық жер мәселесі аудандық жер комиссиясында қаралып, ұсыныс қанағаттандырылып, 800 га жер берілгенін жеткізді. Аудан басшысының ақпарынан кейін кежектік ағайынның тарапынан ауылдағы клуб үйіне мерекелік киім-кешектер қарастырылса және ауылдағы шаруа қожалығы жетекшілері көшіп келген үйелмендерге әлеуметтік көмек көрсетсе екен деген ұсыныстарын көлденең қойды.
Мұнан кейінгі кезекті жиын Жидебай ауылдық округінде жалғасын тапты. Аудан басшысы бірден жыл көлемінде осы ауылда атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей жеткізіп, алда тұрған міндет-жоспарлармен бөлісті. Бұған дейін өңір басшысы С.Әбеуова әр тоқсанда Жидебай ауылдық округіне қарасты әр елді мекенге ат басын тіреп, аудан орталығынан жырақ жатқан жұртшылықпен жүздесіп, бұқараның базынасына құлақ түріп, түртіп алған. Осы жолғы есеп барысында сол кезеңдерде көтерілген мәселелер қалай шешіліп жатқанын мәлімдеді. Мәселен, Үшарал ауылының тұрғыны Т.Ақбұзауов: «Ауылымызға ауыз су тартылса екен» деген өтінішін жеткізген. С.Мірәсілқызы көтерілген бірінші мәселе 2022-2023 жылдың жоспарына еніп отырғанын жеткізді. Жоба құны 312 млн. 583 мың тг. құрайды. Мердігер – «Life Story Invest» ЖШС. Сондай-ақ, елді мекен тұрғыны Н.Әмірхановтың: «Ауыл ішіне төселген тас жолдың сапасы нашар» деген шағымына сәйкес, сол жолға жөндеу жұмыс-тарын жүргізген мердігер «Прайд М» ЖШС-не ескерту берілгенін айтты. Бұдан бөлек, Жалаңаш елді мекенінің тұрғыны З.Мұхсиынованың ауыл-дағы медициналық пунктке тоқпен емдейтін құрылғы қажет деген тілегіне жауап қайырды.

 

4-ші қараша күні Айыртас ауылынан бастау алған жиында сөз арнасы бірден ша-руашылыққа қарай ойысты. Осы жылдың көлемінде Айыртас ауы-лының азаматтарының ұйытқы болуымен ауыз толтырып айтуға болатын бірталай шаруаның шеті қайырылды. Бір жыл бұрын жабылып қалған білім ордасына бастауыш мектеп дәрежесі қайта беріліп, өз жұмысын бастап кетті. Сонымен қатар, ауылға ғаламтор желісі орнатылды. Айыртастықтарды алаңдатып отырған мәселенің үлкені – күре жолға жалғайтын көтерме жолдың сапасының нашарлығы. Бұл жөнінде бұған дейін де талай мәрте айтылған. Осы түйткіл бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы А.Қапашев 2023 жылы Айыртас-Нарманбет бағытындағы 80 шақырым жолды жөндеу жоспарда бар екенін айтты. Ауданымыздың барлық өңірінде өте өткір тұрған жол мәселесі жөнінде айыртастықтар көтерме жол жөнделіп жатқан кезде ауылдық Қоғамдық кеңес мүшелері жұмыс барысын қадағалау керек деген ұсынысын ауыл әкімі Қ.Бакировқа тікелей білдірді. Бұдан бөлек, ауылға келген жас дәрігер маманы жұмыс жасауға техникалық жабдықтар қажет екенін жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары А.Аманжолов бұл сауалды назардан тыс қалдырмайтынын айтты.

 

Түс ауа Қусақ ауылында жалғасын тапқан есептік кездесуді өңір басшысының әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары А.Базылұлы 9 ай көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндаумен бастады. Шұбартаулықтардың да, жалпы сол өңірдегі ауылдың баршасына ортақ мәселе – толғауы тоқсан жол мен электр жарығы. Бірінші жол түйткіліне тоқтаған А.Аманжолов биыл аудандық бюджет есебінен 5,45 млн. теңге сомасына аталмыш жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Бұдан бөлек, бұған дейін ауылдағы ағайынның әлеуметтік дүкен ашылса деген өтініші бартын-ды. Бұл жөнінде Қусақ ауылының әкімі Д.Мұқатай биыл ауыл тұрмақ, аудан дәрежесінде шешімін таппай тұрған күрмеудің басқа жолдары қарастырылғанын айтты. Яғни, биыл ғана жұмысын бастаған екі дүкеннен арнайы әлеуметтік бұрыштар ашылғанын айтты. IV тоқсандық кездесуде қусақтықтар дәрігер қажет, ұялы және ғаламтор желісі баяу жұмыс жасап тұр деген шағымдарын көлденең қойды.
Келесі кезекте Абай ауылында өткен кездесуде әлеуметтік сала басшысы жыл басынан бері Абай ауылында жүзеге асқан жұмыстарды баяндамаға мәйек қылып, алда тұрған жоспарларды ортаға салды. А.Базылұлы ақпардың ізін ала абайлықтарды сарсаңға салған мәселелерді талқылады. Аудан әкімінің ІІ есептік жиынында Абай ауылының тұрғыны Е.Майлыбаевтың «Электр тогы болмаған кезде су ақпай қалады, су құбырына қосымша электростанция орнату керек» деген ұсынысы мақұлданып, «Ақтоғай Су» ЖШС арқылы жыл аяғына дейін 380 квт электрогенератор орнатылатын болды. Мұнан тыс мектептің спорт алаңына газон төселсе екен деген тұрғынның тілегіне сәйкес, аудандық мәслихат депутаты Е.Керімбай білім басқармасына депутаттық сауал жолдап, нәтижесінде 2023 жылы бюджет жоспарына енгізіледі деген жауап алынды. Осы жолғы шара барысында тұрғындар ауыл басына учаскелік полиция қажет деген пікірін жеткізді.
Сол күні Қарабұлақ ауылдық округінде өткен жиында әдеттегідей А.Аманжолов Қарабұлақ ауылы бойынша нендей жоспарлар іске асқанын баяндады. Сонымен қатар, сөз кезегін ауыл тұрғындарына берді. М.Алибаев: «Балқаш-Ақтоғай бағытындағы тас жолмен ауыр жүк көліктері жиі жүргендіктен, жолдың сапасы нашарлап кетті. Сол жүк көліктеріне қандай да бір шара қолданылса» деген сауал жолдаған болатын. Аталмыш мәселе жөнінде А.Базылұлы Ақтоғай-Балқаш және Ақтоғай-Ақсу-Аюлы бағытындағы автомобиль жолдарына бір білікке 8 тонна салмақтан аспау керек деген шектеу белгісі орнатылғанын айтты. Сондай-ақ, Э.Мұсабекова: «Жолдасым ауылдағы 5-6 үйдің малын бағады. Жайылымдық жердің тапшылығына байланысты ауыл іргесіне бағады. Алайда, тұрғындар бұған наразы. Жайылымдық жер мәселесін назарға алсаңыздар екен» деген өтініш білдірген. Осы бойынша ауылдық округ иелігіне 5 га жер телімі беріліп, құжаттары рәсімделіп жатқаны мәлім болды.
7-ші қараша күні Қараменде би ауылдық округі Ақтас елді мекенінде жалғасын тапқан кездесуде өңір басшысы жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын және 9 ай ішінде ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала бойынша қандай жұмыстар жасалғанын және Ақтас ауылы бойынша алда тұрған міндет-жоспарларын мәлімдеді. Шара барысында ауылдардағы ең өзекті мәселе – мектептегі бала санының аздығы сөз болды. Алдағы бесжылдық көрсеткішпен танысқан С.Әбеуова мектеп директорына білім ордасына бала тарту жұмысын ширату қажет екенін ескертті. Бұдан бөлек І, ІІ, ІІІ тоқсандық есептік кездесуде көтерілген мәселелер бойында іс-шаралардың орындалысы жөнінде ақпар берді. Кездесу соңында ауыл ақсақалы Қ.Қанағат аудан әкімінің кезекті есептік жиынына баға беріп, алғысын білдірді.

Е.АЙТЖАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *