Балалар арасындағы байқау

Иісі қазақта «Кәсібің – нәсібің» деген тәмсіл бар. Мына фәнидің ащысы мен тұщысының дәмін татып, жер ортасы жасты алқымдаған алдыңғы буын, оңы мен солын ажыратып, жаңа-жаңа төлежіп келе жатқан жас өскінге: «Өмірде жар таңдаудан және мамандық таңдауда қателеспе» деп ақыл-кеңес береді. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау деген сөз.
Ғасыр алмасып, заман ілгері жылжыған сайын, адам баласының қажеттіліктері артып, тиісінше түрлі мамандықтар пайда болуда.

 

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» – деп адамзаттың Абайы айтқандай, әрбір саналы азамат өзі өмір сүріп отырған қоғамның бір кірпіші болып қаланып, сол ортаның дамуына өзіндік үлесін қосуы тиіс. Ол үшін әркім тал бойындағы кез келген іске, кәсіпке деген қызығушылығы мен білігін арттыруы тиіс. Ал, 11 жылдық білім ордасын тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқалы жатқан оқушыға мамандық таңдауда ұстаздардың тигізетін ықпалы орасан.
Қаңтардың 20-сы күні аудан орталығындағы К.Бай-сейітова атындағы білім ұясында «Кәсіп қорғау» байқауы болып өтті. Б.Ынтықбаеваның ұйымдастыруымен өт-кен шараның мақсаты – оқушыларды ізденушілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу. Сондай-ақ, әр алуан мамандық түрлерін насихаттай отырып, мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру.
Байқауға аталмыш мектептің 8 «а», 8 «б», 9 «а», 9 «б» және 10-сынып оқушылары қатысты. Қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынады. Атап айтсақ, бірінші кезеңде әр топ өз командаларын таныстыра отырып, өздері таңдаған мамандықты дәріптеп жарнамалады. Ал, екінші кезеңде таңдаған мамандықтарының күнделікті өмірін бейнелейтін көріністен үзінді келтірсе, үшінші кезеңде ән-жырдан шашу шашты.
Бас-аяғы бір сағатқа созылған сайысты оқушылардың өнерін жіті бақылап, әрбір артықшылық пен кемшін тұсты назарда ұстап отырған қазылар алқасы қорытындылады.
Байқауда өзгелерден оза шапқан «Эйр Астана» тобы бас жүлдені иемденді. Ал, «Қарулы күштер» командасы І орынға шықса, «Туризм» командасы мен «Ұстаздар – асыл жандар» тобы ІІ орынды теңдей бөлді. Және «Жәрдем» командасы ІІІ орынды місе тұтты.
Е.Темірхан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *