Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына бар мүмкіндікті қарастыру біздің басты міндетіміз. Сол себепті жаңа заманға сай аудан мектептерін цифрлық білім беру ресурстарымен қамту, кең жолақты интернетке қосу және видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Шындығында ертеңгі күн бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Сондықтан ел ертеңінің жарқын болуына, сауатты да салауатты ұрпақ қалыптастыруда мемлекет үшін білім саласы қашан да маңызды болып қала бермек. Елдегі қазіргі ахуалға байланысты өткен оқу жылын оқушыларымыз қашықтан оқу арқылы аяқтағаны белгілі. Бұл қадам біріншіден балалардың денсаулығын сақтау үшін жасалған шара болса, екіншіден оқытудың жаңа тәсілін тексеруге таптырмас мүмкіндік болды. Қашықтан оқыту өз нәтижесін берді. Биыл мектеп бітірген жастарымыздың көрсеткіші бізге осыны дәлелдеп берді. Абай атамыз:
«Адамның көңілі шын мейірленсе, білім — ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген екен. Сондықтан бүгінгі жастар ілім — білім жинауға қашанда асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдерін ел кәдесіне жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтар болуы қажет.
Қымбатты ұстаздар! Білім сапасын арттырудағы игі бастамаларыңызға педагогикалық ізденіс, жаңа серпін, шығармашылық табыс тілейміз. Ал, оқушыларға қиялдарың ұшқыр болып, қанаттарың талмасын дейміз. Жаңа оқу жылы толағай табыстарға, жаңалықтарға толы болсын!

Аудан әкімі
С.Әбеуова
Аудандық мәслихат
хатшысы Р.Әбеуов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *