Бірлігі күшті ел озады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жаңа Қазақстанды қалай құру туралы және Парламент, Мәжіліс, облыстық және аудандық депутаттар сайлауын әділ жүргізу, сонымен қатар Президент пен сайлау комиссиясының мүшелері ешқандай партияда болмауы керек екенін баса айтты. Сонымен қатар, Президент елімізде жаңа үш облыс ашылатынын мәлімдеді. Олар – Абай облысы, орталығы – Семей қаласы, Ұлытау облысы, орталығы – Жезқазған қаласы, Жетісу облысы, орталығы – Талдықорған қаласы. Ал, Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы егер ел Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімін беруге ұсыныс жасаса, қолдайтынын да атап өтті. Жолдауда әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты санкциялардың әсері, ұлттық валютаны бір қалыпта ұстау, спекуляцияға жол бермеу туралы да тілге тиек етілді. Сөз соңында: «Ұлт пен мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу менің міндетім деп білемін», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалпы, Президенттің бұл Жолдауында ақиқат пен әділдікке сүйенбей, жаңа Қазақстан құру мүмкін емес екенін байқадық. Ендеше, ең алдымен билік басындағы шенділерден бастап, қарапайым ел тұрғындарына дейін әділеттің ақ жолына түсіп, мемлекеттік жүйе мен құрылымдардың барлығы сыбайлас жемқорлықтан арылып, ел тәуелсіздігін мәңгі сақтап, байтақ еліміз бен жеріміздің бейбітшілік пен бақыттың мекеніне айналса деген тілегі көкейімізге үлкен сенім ұялатты. Алмағайып заманда елдігімізді сақтай отырып, Қазақстанды алға бастау – бұл әрбір қазақтың азаматтық парызы. «Қазақстан деген қасиетті ел бізден басқа ешкімге керек емес», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бір ауыз сөзінің өзінде үлкен астар бар. Елдігімізді сақтап, елімізді өркендету жолындағы Президентіміздің Жолдауын толықтай қолдаймын.
Я.НҰРЛАН, «Ақтоғай ажары» газетінің бағдарламашысы.