Бірлік пен келісім – Қазақстан дамуының негізі

«Бірлігі жарасқан», «Бірлігі бекем», «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген қағидаларды, қанатты сөздерді шұбыртып айта беруге болады. Ол – бірлік сөзінің тек жақсылыққа, татулыққа, келісімге шақыратындығын танытса керек. Біздің көпұлтты еліміздің өркендеп, өсіп, озық отыз елдің қатарынан көрінеміз деген ұстанымы да – осы бірліктің арқасы. Бірлік пен келісім – ел дамуының негізі.

Қазақстан – әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Біздің елімізде сан ұлттың өкілі татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді. Осы тұрғыда мемлекеттің бірден-бір алға қойып, мақтанар айнасы – этносаралық татулық. Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысады. Мемлекет басшысы Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаудың алғы шарты ретінде бірінші кезекте экономиканы өркендетудің қажеттілігін алға қойған. Сол себепті «Алдымен экономикаға» қағидасын ұстана отырып, экономиканың әр саласында білек сыбана қызмет істеп жүрген барлық этностың басын қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы өзге халықтарға үлгі-өнеге бола білді. 2008 жылы қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңда Ассамблеяның негізгі міндеті этносаралық келісімді қамтамасыз ету болса, енді оның міндеті кеңейді. Тек қана этнос пен этностың тату тұруы емес, жалпы қоғамдағы келісім және жалпыұлттық бірлік – басты мақсат.

Енді Ассамблеяның статусы бұрынғыдан да көтерілді. «Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын» деген Мемлекет басшысының сөзі жайдан-жай айтыла салған сөз емес, салмақты, сана сілкінтер сөз. Бірлік пен келісімнің арқасында бүгінгідей мамыражай тіршілік кешіп, құда-жекжатты болып, туысқа айналдық. Кейбір білімі таяз, түсінігі төмен адамдардың кесірінен кейде түкке тұрмайтын тұрмыстық ахуалдарды ұлттық мәселе етіп көрсететін «жаман» әдеттен арыла алмай келе жатқанымызды жасыруға болмас. Бірлік пен келісім ел дамуының бастауы болды. Киелі қазақ жерінің көркеюі, бейбітшілік пен келісім – біздің басты байлығымыз. Біз де барлық отандастарымыз секілді күнделікті адал еңбегімізбен туған ауылымызды көркейту жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Ауылымыздың аты жақсы деп аталса, төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. «Итің жаман екен» десе, өкпелейтін халықпыз. Сондықтан, туған жеріміздің сұлу, көркем, ең бастысы таза болғандығын, ондағы тұрғындардың бір-бірімен тату-тәтті өмір сүруін қалаймыз. Күрделі міндеттерді шешудің негізі бірлікте екендігін жадымыздан еш шығармай, достық пен келісім арқылы ғана Қазақстанды биік белестерді бағындыратын еңселі мемлекетке айналдыра аламыз. Бірлік пен келісім – Қазақстан дамуының негізі. Егер осы қасиеттер бойымызда болмаса, әрқайсысымыз өз білгенімізше сан-саққа, жан-жаққа тартар болсақ, онда тұрақтылық та, бейбітшілік те, достық та болмайды. Әр адам туған жеріне тағзым етіп, оның өркендеуіне үлес қосқанда, қасындағы көршісіне қолғабыс көрсеткенде, бір-біріне бауырмалдық танытқанда ғана бірлігі жарасқан, келісімі келіскен ғажайып елге айналамыз. Дамудың төте жолы бірлік пен келісімде. Олай болса, жолымыз айқын, ұстанымымыз анық, татулығымыз мықты ел екенімізді дәлелдеудің қажеті бола қоймас.

Ақтоғай аудандық ішкі саясат бөлімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *