Болашаққа негіз қалайды

1 тамыз — 30 қыркүйек аралығында дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясы өтуде.

Бүгінде балпаң басып өсетін бала да бар, жалтаң қағып өсетін жеткіншек те жоқ емес. Өйткені нарықтық қоғамда өмір сүреміз. Бірімізде бар, бірімізде жоқ…

Биыл араға бір жарым жылдай уақыт салып, оқушылар оффлайн оқуға оралды. 2021-2022 оқу жылына оқушылардың қауіпсіздігін барынша сақтай отырып, мектеп партасында отырып білім алуына рұқсат берілді. Осы орайда ата-аналарға бір жылдан астам уақыт бойы білім ошағының бетін көрмеген балаларын жаңа оқу жылына дайындау әрине оңай емес. «Бесіктегі бала бес түлейді» дейді халық даналығы. Балғындардың табиғаты өсімтал болғандықтан, күнде көріп жүретін кішкентайлардың көне ертегідегі Ертөстіктей күн санап өсетінін бақуатты ата-ана байқай бермесе де, тапқан-таянғанын үпір-шүпір бала-шағасының аузына тосатын үйелмендерге үлкен салмақ түсетіні анық. Бір баланың өзін киіндіру, керек-жарағын алып беруге қиналып қалатын отбасылар бар. Ал көпбалалы әрі мектеп жасындағы ұл-қыздары көп ата-аналардың қалтасын қағатын бұл кезеңде көптің көмегі – айтарлықтай демеу.

Сондықтан жыл сайын елімізде 1 тамыз айында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын өткізу жолға қойылған. «Қуантсаң, баланы қуант» дейтін қазақстандықтар бұл іс-шараға белсенді қатысады. Әр өңірді қамтитын аталған акцияға жергілікті мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері, демеушілер қатысып, балаларға аяқ киімнен бастап, жаңа киімдер, мектеп керек-жарақтарын сатып алып береді.

Ауданның білім беру ұйымдарында 2021-2022 оқу жылында 1 тамыз — 30 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өтетін дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясы өтуде.

Акция аясында жалпы білім қорынан аз қамтылған және көп балалы, жағдайы төмен балаларға киім-кешек, мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Аудан мектептерінде акцияға арналған жоспарлар құрылып, арнайы стендтер жасалды, үндеу парақтар таратылды. Ауыл көшелерінде, сауда нүктелерінде, мекемелерде хабарландырулар мен плакаттар ілінді. Шағын жинақталған мектептер әкімшілігі оқу жасына толған балаларды, олардың оқитын мектептерін анықтап, мектептен бас тартқан, қараусыз жүрген балаларды анықтау мақсатында ауыл маңындағы елді мекендерді аралап, рейдтер жүргізді. Елді мекендер бойынша оқумен қамтылмай отырған бала жоқ. Акция аз қамтылған және көп балалы отбасылардың оқушыларына көмек көрсетуге және әлеуметтік материалдарға себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған. Әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың тізімі жасалып, демеушілерден көмек көрсетілді.

Аудан бойынша көмек алған жалпы оқушылар саны – 1027. Оның ішінде бюджет есебінен 720 балаға, демеушілер есебінен 307 балаға жалпы сомасы 22988,0 теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Демеушілік көрсеткен ауданның жастар ресурстық орталығы, ауыл имамы, «Ақтоғай Су» мекемесі, мектеп мұғалімдері, сонымен қатар Тораңғалық мекеніндегі «Найзатас», «Фортуна», «Ласточкино гнездо», «Достар», «Сказка», «Айналайын», «Мерей», «Жағалау» сынды демалыс кешендерінің атын ерекше атап өткен жөн.

Әркез жақсылық жасауға асығатын ауыл халқына алғысымыз шексіз! Осындай қайырымдылық шарасы жыл бойына жалғаса береді.

 

Г.Дуанбекова,

ауданның білім

 бөлімінің бас

маманы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *