Деректі фильм көрерменге жол тартты

Қазақ қазақ болып өз алдына жеке ел болып, кереге керіп, шаңырақ көтергелі шапқан тұлпардың тұяғы тозып, ұшқан сұңқардың қияғы талатын осынау иен байтақ далаға көз тіккен сырт елмен арпалысумен болды. Кешегі күнге көз жүгіртіп, арғы-бергі тарихты парақтайтын болсақ, Қазақ-Жоңғар шапқыншылығынан бастап, кешегі «Желтоқсан оқиғасына» дейінгі аралықта еліміз мойынындағы бұғауды үзіп, бостандыққа қол жеткізу үшін талай мәрте бас көтерді. Соның бірі әрі бірегейі Алаш қозғалысы.

Орыс үкіметімен иықтасып, тең дәрежеде болған Алаш үкіметі қазақтың өзіне тиісті талай рухани-мәдени, ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға күш салды. Бір ғасырда бір туатын ат төбеліндей арыстар жандарын ұлт болашағы жолында, азаттық жолында пида етті.

 

 

Алаш автономиясының іргесін қалап, көш басында болған жандардың бірі, Ақтоғайдың топырағынан түлеп ұшқан – Әлихан Бөкейхан. Әлихан Нұрмағамбетұлы саналы ғұмыры мен бар білімін, білігін ұлт болашағына арнады. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлиханның салып кеткен сара жолы бүгін тұтас ел үшін парасаттылыққа, кемелділікке бастайтын дара жол болмақ. Сол себепті де Әлихан Бөкейханның ғұмырнамасын, еңбегін саралау, зерттеу әлі де болса қажет етеді.

Ағымдағы жылдың желтоқсан айының 14 жұлдызында аудан орталығында «Алашорда» автономиясының құрылғанына 105 жыл толуына және Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Әлихан Нұрмұхамедұлының есімі берілгеніне жыл толуына орай ауданымыздың құрметті азаматы, өлкетанушы Т.Мұқанның жинақтауымен жарық көрген «Әлихан – ұлт азаттық күрескері» атты танымдық деректі фильмнің тұсау кесері өтті. Аталмыш шараға аудан әкімі С.Әбеуова, мекеме, бөлім басшылары мен арнайы келген қонақтар және аудан тұрғындары қатысты. Бірінші кезекте өңір басшысы С.Әбеуова жиналған қауымды ұлық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтай келе, осындай берері мол дүниені жинақтаған Т.Өміртайұлына зор алғысын білдірді. Іле сөз кезегін алған фильм авторы Т.Мұқан осынау туындыны жарыққа шығару жолында жасаған еңберіне тоқталып өтті. Сондай-ақ, ел тарихынан ойып орын алатын Алаш арыстарын да сөзге тиек етті. Аталмыш фильмді жинақтап, жарыққа шығаруға М.Әбузардың да сіңірген еңбегі ересен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *