«Ділдә» дүкені ашылды
Ел экономикасының негізгі құрушысы – шағын және орта кәсіпкерлік әлеуеті. Жыл өткен сайын мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында түрлі іс-ашаралар қолға алынуда. Соған байланысты іскер азаматтардың өндірісі өркендеп, жұмыс орындары көбейіп, шағын және орта бизнес тарапынан экономикаға қосылар үлес те артып келеді. Ауданымызда жеке кәсіпкерлікпен айналысам деушілердің де қатары күннен күнге көбейіп келеді. Сөзіміздің айқын бір дәлелі 23 қыркүйек күні аудан орталығында жеке кәсіпкер Бархыт Смакова «Ділдә» атауымен азық-түлік дүкенін ашты.
Дүкеннің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары С.Амралин аудандағы шағын және орта бизнестің дамуының маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
–Халыққа қызмет көрсететін тағы бір нысанның ашылғаны көңілді қуантады. Жалпы аудан бойынша 1300-ден аса шағын және орта бизнес өкілдерінің қызмет көрсететін нысандары болатын болса, оның ішінде 300-ден аса жеке кәсіпкерлер жұмыс жасап жатыр. «Ділдә» әмбебап дүкенінің бүгінгі бет-бейнесіне қарап қуана отырып, дүкен иелеріне толайым табыстар тілейміз»,- деді ол.
Қуанышты сәтте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сыздықов сөз алып, жаңа сауда орнының халыққа үлгілі қызмет көрсететініне нық сенім білдірді.
Дүкен есігіне керілген лентаны қию құрметі ауыл ардагері М.Түгелбайұлы мен аудан әкімінің орынбасары С.Амралинге бұйырып, артынша ішке енген жамағат азық-түлік, шаруашылық тауарларының құнымен танысты.
–Отбасымызбен кеңесе отырып, дүкен ашуды жөн санадық. Тауарлардың бәрі Қарағанды қаласынан әкелініп, тұрғындарға тұрақты бағамен ұсынылады. Дүкеннің ашылу салтанатына орай бүгін дүкеннен сауда жасаған тұрғындар арасында ұтыс ойнатылды. Ұтысқа тұрмыстық техникалар қойылды,-дейді Бархыт бізге берген сұхбатында.
Думан ҚАБЫЛ