Діни түсінік берілді
Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Аманат» Қоғамдық бастамалар орталығы» қоғамдық қорының төрағасы, Қарағанды техникалық университетіндегі ҚХА және ӘГП кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдары магистрі Жарқын Тусупбеков аграрлық-техникалық колледж студенттерімен кездесу өткізді. Семинар ксенофобиялық, агрессивті радикалды діни нанымдар мен идеологиялардың мәні мен зияндылығын ашу тақырыбына арналды.
Кездесу барысында спикерлер студенттерге деструктивті ұйымдардың өскелең ұрпаққа төндіретін қаупін егжей‑тегжейлі сараптамалық тәсілмен талдады. Әсіресе, олардың әлеуметтік желілерде сананы улауда нейролингвистикалық бағдарламалау мен магиялық риторикаға негізделген жұмыстарының әдістерін түсіндірді. Спикерлердің пікірлерінше, жалған діни ілімдердің таралуы, ең алдымен, адамдардың бойындағы құндылықтардың әлсіреуімен, қазіргі кезеңге тән моральдық және әлеуметтік бағдардың жоғалуымен байланысты.
Себебі, псевдодіни топтарды ең алдымен психоэмоционалдық күйзеліс жағдайында, жалғыздық сезімін немесе жабығуды (апатия) бастан кешіретін адамдар қамтиды.
Деструктивті діни ұйымдарда алдау (ақпаратты қасақана жасыру немесе оны бұрмалау), діни емес ақпарат көздеріне қолжетімділікті шектеу (газет-журнал оқуға, теледидар көруге тыйым салу) арқылы өздерінің культтік әдебиеттерін, жазбаларын, дәрістерін үйретуге бағытталған ақпараттық бақылау байқалады.
Семинар барысында студенттер спикерлерге сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.
Ауданның ішкі саясат бөлімі.