Еңбегімен елге жаққан Ерекең

«Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мен бөлуде ашықтық пен тиімді механизмді қолдану керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдап, олардың өнімдерінің өту мүмкіндігін кеңейту қажет. Ауыл шаруашылығы өндірісін заманауи технологияға көшіру маңызды. Бұл біздің алдағы бес жылдағы жұмысымыздың басымдығы».

Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті.

Ілгерідегі қазақ тұрмысы қандай салтанатты болған десеңізші. Сулы да нулы жерде жағалай қоныстанған бір қауым ел ертелі-кеш бірімен-бірі тонның ішкі бауындай аралас-құралас боп жатады. Таң бозынан тұрып, күнделікті тұрмыс-тіршілікке араласып, иен даланың көркі – төрт түлікті түлігімен өріске беттетіп, ұзақты күнге тыным таппайды. Жаз жайлауды мекендеп, қар бір жауғанда қыстауға бағыт алған көштің де өзіне тән қызықшылығы болады. Ащы ішектей шұбырып, бірінің соңына бірі ілескен керуен үйір-үйір жылқыны бір бөлек айдап, табын-табын сиырды жеке қаумалап, бел асып бара жатқаны жарасымды емес пе?!. Бүгінгі уақытта өткір тұрған мәселе – жердің тозып кетуі мезгіл-мезгілімен мал жайылымын ауыстырмаудың салдарынан. Біз бабаларымыз салып кеткен соқпақтан шығандап, басқа арнаға түсіп кеттік.

 

Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес. Әңгіме әлқиссасын әріден тарқатып, алыстан орағытып отырғанымыз – кешегі қазақтың тұрмысына талшық болған атакәсіппен айналысып жүрген азамат жайында сөз қозғамақшы едік. Жалпы, қазақ қазақ болғалы арада қанша ғасыр өтсе де, әлі күнге дейін мал шаруашылығынан қол үзбей келеміз. Себебі, бұл көзімізді тырнап ашқалы көріп келе жатқан, ет үйренген кәсіп. Қазақтың тұлпардың тұяғы тозып, сұңқардың қияғы талатын осынау сайын даласын жылқының дүбірінсіз елестету әсте мүмкін емес. Кешегі тоқырау жылдарында ауылда жұмыссыз қалған жұрт «екі қолға бір күрек» іздеп, қалаға қарай жосыла көшті. Соның салдарынан ауылдың іргесі сетінеп, дәл сол уақытта төрт түліктің бағасы кеміп, қадірі қашқан болатын.
Десе де, сол тұста елдің дені қалаға қарай есінеп, «шақшадай басы шарадай боп» жүргенде, албырттығын салқын ақылына жеңгізіп, әліптің артын бағып, «тағдыр салды, мен көндім» деп, ауылдан қарыс қадам ұзамай, қарашаңырақтың түтінін түтетіп қалған жандар да баршылық. Олар мехнаты көп болса да атакәсіптің шалғайынан ұстап, «екеуін егіз, егізін сегіз» қыла білді. Сондай жанның бірі, шабанбайлық – Ерсін Ұйқасбаев.

 

Ерекеңді Шабанбай бимен іргелес жатқан ауылдағы ағайынның дені таниды. «Ердің малы – елдің малы» дегендей, кейіпкеріміз алдына әлдеқандай шаруамен келген жаннан көмегін аяп қалған емес. Реті келсе, жәрдемдесуге бейіл тұрады. Оған өзіміз де бірнеше мәрте куә болғанбыз. «Ұлдың күні күн емес – атадан мал қалмаса, ата малы пұл емес – балада ақыл болмаса». Ерсін атадан қалған шағын дәулеттен шашау шығармай, өзінің еселі еңбегінің, Алланың берген күш-қуатының арқасында төскейде төрт түлігін қатар өргізіп отыр. Кейіпкеріміз іргесін қалаған «Атамекен» шаруа қожалығы ауылдық округ орталығы – Шабанбай би ауылының оңтүстік-шығысында қоныстанған. Сол маңайды ауылдары Ерекеңмен іргелес есімдері айналадағы ағайынға түгел мәлім Азамат, Қанағат ағаларымыз бен жаны жайсаң Жалғасбай ағамыз жайлап отыр. Қойы қоралас, адамы аралас. Бірімен-бірі қатар қоныстанған үш шаруа қожалығы жетекшілері күні бүгінге дейін әй-шай деспей, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Ерекең негізінен Қамбар ата баласы мен Зеңгі баба төліне ден қойып, алдағы уақытта асылдандыру жұмыстарын қолға алуды жоспарлап отыр.
Ерсін Зәрубекұлы 1976 жылы 25 мамырда қазіргі Шабанбай би ауылдық округінде дүниеге келген. Сол арадағы он жылдық мектепті тәмамдағаннан кейін, үйдегі шаруашылықтың бір шалғайынан ұстап, ата-анасына қолғабыс етеді. Осындайда қазақтың тағдыр-талайына біткен үш бәйтеректің бірі – Төле бидің: «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген аталы сөзі ойға орала береді. Кейіпкеріміз қызылшырайлы, орта бойлы, адам алаламай, кез келген жанмен тіл табысып кете алатын ашық-жарқын адам. Құдай қосқан қосағы Сымбат әпкеміздің де қолынан талай мәрте ас ішіп, төріне шығып қонақ болғанбыз. Жол түсіп күннің қай мезгілінде барсаң да қабақ шытып, ренжіп көрген жан емес. Бірінің өкшесін бірі басып өсіп келе жатқан Алланың берген ұлдары бар. Тұңғыштары Арман осыдан екі жыл ілгеріде бас қосып, шаңырақ көтерді. Қазір өз алдына жеке шаңырақ. Өзгесі Қарағанды қаласындағы мектептен білім алып жатқан жайы бар. Аллаға шүкір дейік, осыдан бір жыл бұрын, Ерекеңнің көзайымы, жаға жуар қызы дүние есігін ашты. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демей ме дана халқымыз?!.
«Аға болар жігіттің етек-жеңі кең келер». Біз осынау мақаламыз арқылы маңайына қол ұшын созып, қараша халықтың қажетін ашып жүрген қарапайым еңбек адамының есімін дәріптеп, өзге көзі-қарақты жанға үлгі ретінде көрсетсек деген пиғылмен қолымызға қалам алдық. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» десек те, «жақсының жақсылығын айтып», бір уақ көңіл көкжиегін кеңейткіміз келді.

Е.Темірхан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *