Судың да сұрауы бар

Су – тіршілік ететін жалпы адамзат баласы мен табиғатқа ауадай қажет құбылыс. Себебі сусыз адам да, табиғат та, жан-жануарлар да өмір сүре алмайды. Сондықтан да, «Су – тіршілік көзі», — деп бекер айтылмаса керек. «Бұлақ көрсең – көзін аш», — демекші, су мәселесінің шешімі – адамзат. Егер біз суға өзіміз үшін аса құнды нәрсе ретінде қарап, қадір-қасиетіне жете білсек, бүгінгідей проблемаларға ұшырамас па едік. Жолдауда Мемлекет басшысы әсіресе су ресурстарына қатысты орамды ойларын ортаға салды. Оның тапшылығы биылғы жылы еліміздің басым өңірлеріндегі фермерлер үшін үлкен шығындарды тудырғанын атады. Су ресурстарын жылына қазіргі 40 мыңнан 150 мың гектарға дейін сақтауды ұлғайтуға мүмкіндік беретін озық су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарлануда. Мұндай тәсіл Қазақстанға өз байлықтарын тікелей мақсаты бойынша пайдалана отырып, одан әрі ұқыпты қарауға мүмкіндік береді. Электр, жылу және су – жайлы өмір сүру үшін ең қажетті негізгі тауарлар.

–Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу, — деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Бұл ретте су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Президент атап өткендей жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.

«Судың да сұрауы бар» демекші суды үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылмақ.

М.Қасымхан

Ақтоғай аудандық Орман және жануарлар әлемін қорғау мекмесінің директоры

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *