Есеп еңбекті ширатады

«Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Сондықтан, азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет, — деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында.

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Мемлекет басшысы айтпақшы, билік пен бұқара арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.

Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс және қала әкімдері жылына екі мәрте, ал аудан, ауыл әкімдері тоқсан сайын жұртшылықпен жүздесулері тиіс. Тағы бір ерекшелігі, биылғы жылдан бастап аудан әкімі тек ауылдық округ орталықтарында ғана емес, өңірге қарасты барлық елді мекенде халықпен кездесу өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажы мен арыз-өтініштерін өз құлағымен естиді. Ақтоғай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022 жылғы 4 айының қорытындылары және алдағы міндеттер туралы аудан әкімі Салтанат Әбеуованың тұрғындар алдындағы есепті кездесулері басталды.

Ортадересін станциясы бекетінде өткен есептік кездесуге аудан әкімі орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. Басқосуды ашқан өңір басшысы С.Әбеуова Ақтоғай ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуының 2022 жылдың 4 айының қорытындылары туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Станцияға қатысты проблемалық сұрақтар туралы айта келе, оларды шешу жолдары мен нақты мерзімі де аталды.

Сұрақ-жауап кезегінде ауылға апарар жолды жөндеу, қаңғыбас ит пен мысықты жою, лизингке ауыл шаруашылығы техникаларын алу сынды мәселелер көтерілді. Аудан басшысы барлық сұрақтарға жауап беріп, шешу жолдарын ауыл тұрғындарымен бірге талқылады.

Аудан әкімінің ауылдарға сапары одан әрі Шашубай кентінде жалғасты. Кездесу барысында аудан басшысы өңір мен Шашубай кентінде атқарылған жұмыстар жөнінде ақпар берді. Сонымен бірге проблемалық мәселелерге тоқталып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы баяндады. Өңір басшысының ақпарына сүйенсек, Шашубай кенті бойынша үстіміздегі жылы елді мекеннің ішкі жолдары, кент әкімдігі ғимараты жөндеуден өтуде. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің (Сейфуллин 2, Құнанбаев 2, Ақбергенұлы 9) аулаларын абаттандыру, Ақбергенұлы көшесі 9 мекен-жайы бойынша орналасқан 100 пәтерлік 5 қабатты үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 11 пәтерлік 2 қабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбетін жөндеуге қаржы қаралған.

Кент тұрғындары аудан әкімінен жеке тұрғын үйлерді орталық қазандық жүйесіне қосып беруді сұрады. Жалпы, есеп беру жиынында медицина, баспана, кәсіпкерлік және әлеуметтік сынды бірнеше мәселе қаралды. Аудан әкімі тұрғындардың ой-пікірін тыңдап, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға тырысты. Сәйкесінше, аудан басшысы айтылған мәселелер алдағы уақытта қаралып, жұмыс жоспарына енгізетінін айтты.

Тораңғалық ауылындағы есеп-тік кездесуде елді мекен көшелерін жарықтандыру, мал бағынын ұйымдастыру, азық- түлік бағасын ауыздықтау, дәріхана ашу, жол белгілерін орнату сынды өзекті мәселелер көтерілді.

Балқаш көлі жағасында орналасқан Тораңғалық ауылы – өңіріміздегі бірден-бір туристік аймақ. Мұнда жаз маусымында еліміздің түкпір-түкпірінен, тіптен сонау шет мемлекеттерден де демалушылар көптеп келеді. Осыны ескерген жас кәсіпкер аудан әкімінің есепті кездесуінде елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін шағын цех ашуға аудан тарапынан көмек-қолдау көрсетуді сұрады. Сондай-ақ, тораңғалықтық тұрғындар ауыл тазалығы, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейне бақылау орнату керектігін тілге тиек етті.

Ауыл әкімі Ардақ Боранның ақпарына сүйенсек, Тораңғалық ауылында 46 тоқ бағаналары жаңартылып, балалар ойын алаңы пайдалануға берілген. Жасыл желекті суару жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көктемгі тазалық айлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ауыл басшысының айтуынша, алдағы уақытта балалар ойын алаңдары мен кіші футбол алаңдары аумағына брусчатка төсеніштері салынып, демеушілер арқылы ауыл сыртында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар шығаратын орындар дайындалмақ. Тұрғындар өтінішіне орай елді мекен ішіне 10 дана бейнебақылау орнатылмақ.

Ал, Тасарал ауылында өткен есептік кездесуде тұрғындар отбасылық дәрігерлік пункт, жайылым жердің тапшылығы туралы мәселе көтерді. Аудан басшысы С.Әбеуова ауданның 2022 жылдың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және алдағы жоспарлар мен өткен реформаларды жүзеге асыру мақсатындағы міндеттер мен негізгі бағыттар туралы және де Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауындағы тапсырмаларды орындау барысы туралы баяндама жасады.

Кездесу барысында өңір басшысына тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.

Үстіміздегі жылдың 4 айын қорытындылаған есептік кездесу 20 мамыр күні Сарышаған кентінде жалғасты. Аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы межелі міндеттер жайын баяндаған аудан әкімінің ақпарынан соң, кент тұрғындары көкейдегі сұрақтарын қойды.

Кент халқын толғандырған негізгі мәселелер қатарында электр жарығы тари-фінің қымбаттығы, көпқабатты тұрғын үйге келетін су қысымының жаз маусымында азайып кететіндігі, жол белгі-лерінің жоқтығы айтылды. Тұрғындар көтерген келесі мәселе ит атудың төңірегінде өрбіді. Олардың ай-туынша, қазіргі таңда Сарышаған кентінде қаңғыбас иттер көбейіп кеткен.

Аудан әкімі тұрғын-дардың қойған сұрақ-сауалдарын соңына дейін тыңдап, күрмеулі мәселенің түйінін тарқатты. Сәйкесінше, аудан басшысы айтылған мәселелер алдағы уақытта қаралып, жұмыс жоспарына енгізетінін айтты.

Жалпы, 2022 жылы кенттегі жылу беру қазандығын орнату және ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Теміржол көшесіндегі саябаққа қоршаулар мен жазғы суару құбырларын орнатуға, көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыруға қаржы қаралыпты. Сонымен бірге кенттегі апатты жағдайда тұрған көпқабатты нөмір 4-ші тұрғын үйді қалпына келтіру үшін, су сору станциясының құрылысы бойынша және ауыз су тарту мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, аймақ басшысының айтуынша, спорт кешені құрылысы, кезекте тұрған тұрғындарға тұрғын үй сатып алу мәселесі жоспарда тұр.

Ел президенті Қ.Тоқаевтың қаулысы негізінде барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, бұқарамен ашық диалог құрады. Кездесу барысында әкімдер халықтың базынасына құлақ түріп, көпті толғандыратын әлеуметтік мәселелердің күрмеуін шешудің жолын қарастырады.

Осы мақсатта аудан әкімі С.Әбеуова 23 мамыр күні Қараменде би ауылдық округінде болып, Ақтас ауылының тұрғындарымен жүздесті. Сөз тізгінін қолға алған С.Мірәсілқызы жыл басынан бері атқарылған істер мен алда тұрған міндеттерге қысқаша тоқталып өтті.

Ағымдағы жылдың төрт айында ауданның экономика-лық өсуін қамтамасыз етуге және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар Мемлекет басшысының бағдарламалары мен облыс әкімдігінің тапсырмалары аясында жүргізілуде. Жыл басынан негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 2 млрд. 443 млн. теңгені құрады. Аудан экономикасын дамытудың басты көзі болып табылатын өнеркәсіп кәсіпорындары ағымдағы жылы 61 млрд. 701 млн. теңгенің өнімін өндірді, – деп, ауданның экономикалық ахуалын қысқаша шолып өткен өңір басшысы әрмен қарай қолға алынып жатқан және жоспардағы инфрақұрылым, агроөнеркәсіп салаларын тілге тиек етті.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін алаңдататын көкейтесті мәселелерін көлденең тартып, сұрақтарын қойды. Ақтастық ағайынды алаңдататын негізгі мәселе – мал жайылымы. Ауылдағы халықтың иек сүйеп отырған, негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғаннан кейін көтеріліп отырған түйткіл өте өзекті. Ақтастықтардың айтуынша, елді мекенді жағалай шаруа қожалықтары қоныстанған. Мал ауыл басынан ұзап шыға алмайды дейді ауыл тұрғындары. Мәселенің мән-жайына қанық болған С.Әбеуова Ақтас ауылының әкімі Қ.Әзірге іргелес шаруа қожалығы жетекшілерімен жүздесіп, ауыл тұрғындарымен ымыраға келіп, жер мәселесі жөнінде меморандумға отырғызуды тапсырды.

Сонымен қатар, жүздесуге келген жұртшылық аудан орталығымен байланыстырып тұрған көтерме жолдың орташа жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілсе деген талаптарын жеткізді. Бұл мәселе жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы А.Қапашев жауап берді.

– Жалпы, Ақтоғай-Ақтас бағытындағы көтерме жолға орташа жөндеу жұмыстарын «Балхаш СнабПродукт» мердігерлік компаниясы жүргізеді. Аталмыш компанияға 30 шақырым автогрейдерді тек қыру ғана міндеттелген, – деді А.Ермекбайұлы.

Жиында талқыланған тағы бір мәселе – мектептегі бала санының азаюы. Ауылдағы ағайын бала санының аздығынан мектеп жабылып қала ма деп алаңдаулы.

– Бұл күні кеше пайда болған мәселе емес. Ілгеріде дабыл қаққанбыз. Аталмыш күрмеуді шешу үшін ауыл әкімі мен мектеп директоры бастап, ауылдастар, сіздер, қоштап бір кісідей атсалысуларыңыз қажет. Қазір ауданымыздағы өзге ауылдар мұндай мәселенің алдын алу үшін еліміздің басқа аймақтарына арнайы барып, сол жақтағы көпбалалы отбасылармен жүздесіп, мәмілеге келіп, ауылдарына көшіріп әкеліп жатыр. Әкелгеннен кейін де бастарына баспана беріп, мал-мүлікпен қамтамасыз етіп, жағдай жасауда. Міне, сол секілді сіздерге де ұжымдасу қажет, – деді өңір басшысы.

Кезекті есеп беру жиыны 24 мамыр күні Кежек ауылында өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары С.Амралин мен бөлім, мекеме басшылары қатысты. Аудан басшысының тоқсандық қорытынды есебінен кейін тұрғындар өз сауалдарын жолдап, сұрақ-жауап алмасты. Кежектік ағайын, мектептің жылу қазандығы бөлек шығарылса, бос уақыт өткізу орталығы ашылса және мал бағыны ұйымдастырылса деген өтініш-тілектерін алға тартты. Тұрғындардың талаптарына құлақ түріп тыңдаған С.Мірәсілқызы әр сауалға жеке-жеке тоқталып, жауап берді.Елді толғандырған білім ошағының жылу қазандығын бөлек шығару мәселесі жөнінде аталмыш мектептің директоры Д.Ізбасар толыққанды мағлұмат берді:

– Көтеріліп отырған мәселеге орай жылу қазандығын жеке шығару үшін 21 млн. 400 мың теңгеге конкурс ойнаттық. Бұйырса, жақын күндері құрылыс жұмыстары да басталады. Бұдан бөлек біз мектептегі бала санын азайтып алмас үшін жан-жақты әрекеттеніп жатырмыз. Мәселен, жуырда ғана 2 отбасы ауылымызға келіп, жұртшылықпен жүздесіп, тілдесіп кетті. Қазір сол кісілермен телефон арқылы сөйлесіп отырмыз, – деді.

Жиын соңында қатысушылар ауылдың суын ішіп, жеріне қоныс теуіп, кәсібін жүргізіп отырған шаруа қожалығы жетекшілері де осындай маңызды кездесулерде төбе көрсетіп, ауылдың әртарапты мәселелерін шешуге атсалысса екен деген уәждерін айтты.

4 айлық қорытынды есеп кездесуі Жидебай би ауылына қарасты Ақкемер ауылында өтті. Әдеттегідей жиын шымылдығын түрген С.Әбеуова аудан төңірегінде атқарылып жатқан шаруалар бойынша аз-кем ақпарат берді. Содан кейін шара әрмен қарай ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар алаңдатып жүрген сұрақтарын қойып, тиісінше жауап ала алды.

Ақкемер ауылының тұрғыны, зейнеткер ана Зағым Мұқсиынова ауылда отбасылық емхананың жақсы жұмыс жасап тұрғанын, дәрігерге ырза екенін айта келе, осынау емханада физиотерапия құрылғылары орнатылса екен деген өтінішін айтты. Және мұнда да толғақты түйткілдің бірі – мал жайылымы сөз болды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі С.Әбеуова көтерілген барлық мәселені назарда ұстайтынын айтты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын еліміздің саяси-қоғамдық өміріне белсене араласуға шақырып, алда келе жатқан еліміз үшін маңызы зор жалпыұлттық референдумға бей-жай қарамауға шақырды.

Д.ҚАБЫЛ,

Е.АЙТЖАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *