Фермерлер одағы: аграрлық саланы серпілтеді
23 ақпан күні аудан әкімдігінде мекеме, бөлім басшыларының, ауылдық округ әкімдерінің және шаруа қожалығы жетекшілерінің қатысуымен «Қазақстан фермерлер одағы» АҚ аудандық қауымдастығын құру жөнінде кеңес өтті.
Аудан басшысы Салтанат Әбеуованың төрағалығымен өткен жиында аталмыш қауымдастықтың жұмысы мен тынысы баяндалып, шаруа қожалығы жетекшілерінің көкейлерінде жүрген толғақты мәселелері тыңдалды. Жиынды ашқан аудан әкімі аталмыш республикалық бірлестіктің мақсат-міндеттеріне тоқталды.
– «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығы шағын және орта бизнеске жататын ауылдық тауар өндірушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаушы жалғыз өкіл болып табылады. Одақтың бүгінге дейін фермер үшін атқарған шаруасы қыруар. Жалпы шаруашылық жетекшілеріне ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістер, тың жаңалықтар дер кезінде жете бермейді. Өйткені, мал бағумен айналысатын адамдардың басым бөлігі орталықтан шалғай жерлерде орналасқан. Сондықтан, көптеген шаруашылықтарда несиелік, лизингтік жеңілдіктер алу, өнім өндіру мен оларды сату жолдары, асыл тұқымды мал өсіру бағытындағы жұмыстар кенже қалып отыр. Ал, ауданымызда құрылған қауымдастық ауыл шаруашылығы саласы өнімін өндірушілерге қолдау көрсетіп, мүдделерін қорғайды. Оларды мемлекеттік бағдарламаларға қатыстырып, беріліп жатқан жеңілдіктер мен көмектерді алу бағытында қызмет етеді, – деп сөз сабақтаған аудан әкімі ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін күш болып бірігіп, өнімді жұмыс жасауға шақырды.
Мұнан кейін мінберге көтерілген ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрланбек Жаңабергенов өңірдің ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
– Елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту – аграрлық саясаттың маңызды бағыты. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында алдыға батыл қадам жасап, ауыл шаруашылығы саласын жаңа экономиканың драйверіне айналдыруға баса маңыз берілді. Яғни, ол өз кезегінде аграрлық саланың қарқынды өсуін және оны тиімді бизнес көзіне айналдырып, тұрақты жұмыс көздерінің ашылуына даңғыл жол ашады. Осы тұста, Президент Жолдауынан туындаған басым бағыттарды жүзеге асыру барысында ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде, – деді Н.Жаңабергенов.
Жиын соңында күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша «Қазақстан фермерлер одағы» АҚ Ақтоғай аудандық қауымдастығының төрағалығына «Айнабұлақ» шаруа қожалығының жетекшісі Қайыржан Қадырберлиннің кандидатурасы ұсынылды. Осылайша, бірауыздан ауданда ауыл шаруашылығы саласының өрістеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген Қайыржан Қадырберлин фермерлер одағының аудандық қауымдастығына төраға ретінде тағайындалды. Ендігі кезекте алдағы уақытта фермерлер одағы шаруа қауымның ортақ мүддесін жоғары мінберлерден айтылуына жұмыс жасайтын болады.
Думан ҚАБЫЛ