Газет құрдасына құрмет көрсетілді
Газет құрдасына құрмет көрсетілді.
Биыл аудан өмірінің тынысы, жақсылықтың жаршысы – аудандық «AQTOGAI AJARY» газеті 85 жасқа толып отыр. Өткен ғасырдан күні бүгінге дейінгі Ақтоғай тарихының шежіресіне айналған үнпарақтың мерейтойы. Бүгінгі редакцияның ат төбеліндей ұжымының ұлық мейрамына баланған осынау атаулы күннің қарсаңында осынау газетте 35 жыл табанды түрде еңбек еткен, қарымды қаламгер Рымбек Мәмбетов ақсақал арнайы қарашаңыраққа келді.
1966 жылдан бастап аудандық «Арқа еңбеккері» газеті редакциясына әдеби қызметкер болып орналасып,кейін газеттің жауапты хатшысы, баспахана директоры ,1997 жылға дейін журналистік қызмет атқарған тәжірибелі маманның бірі. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына бір кісідей үлес қосқан еңбек ардагері. Рымбек Мәмбетовтың есімі аудан, облыс көлеміндегі көзі қарақты оқырмандарға публицистикалық мақала, очерктері арқылы жақсы таныс.
Қаламының қарымды кезінде өткір мақалаларымен ел есімінде сақталған жорналшы Ақтоғай ауданының құрылғанына 60 жыл толуы қарсаңында Қазақ ССР Министрлер Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Есімі ауданның Құрмет кітабына енген журналист. «Таңдаулы журналист» атағын иеленген. СССР Журналистер одағының мүшесі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. МВД ҚазССР Құрмет грамотасы, Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті мәдениет қызметкерлері кәсіподағының республикалық комитетінің Құрмет грамотасы, Жезқазған облысы Журналистер одағы басқармасының Құрмет грамотасы және Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің дипломының иегері.
Ширек ғасырға жуық Рекең ақсақал денсаулығына байланысты көз жанары сыр бергендіктен жазу-сызудан шеттеп қалғанымен, беееу қарияның кеудесі толы сыр сандық қой. Шіркін-ай осындай абыздармен кездескенде рухани жаңғырып қалатынымыз анық. Қария 85 жасқа келгеніне қарамастан бойындағы бар күш жігерін жинақтап қара шаңыраққа келе жатыр дегеннен-ақ, үзеңгі қағыстырып қатар жүрген, әзіл-қалжыңы жарасқан әріптестері өз заманындағы қаламдастары Мүсіркен Әлімжанов, газет баспагері Өміртай Спанбетов, Сәбила Нұржанов, Дания Тәжібаева, линотиписка Қарлыға Жұмабаевалар қара шаңыраққа келіп, рухани ұстазға сәлем берді. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген осы да. Рымбек ақсақал көзім көрмеседе, көкірегім сендердің маған деген құрметтеріңді көріп, жаным жасарып қалды,-деп көзіне жас алып, әрқассымызды бауырына басып сағынышын жеткізіп, ақ батасын берді.Беееу, қария деген қазына ғой, бейне сыр сандық дерсің, табалдырықтан аттан келе Гүлнар қарағым сені көрмесемде әкең Метайды талай қаламыма арқау еткенмін, еңбек адамының баласысың ғой еңбегің жансын. Бүгінгі редакцияның басшысы деп арнайы келдім, айтатындарым бар,-деп талай әңгімені шетті.Кемі ширек ғасыр бірін-бірі көрмеген аға буын ардагерлер бір ортада бас қосып, қуанысып қалды. Газеттің балаң шағынан бергі тұтас тарихын өзінің өмірдерегіндей білетін кеудесі көмбе қария өткен күнге көз жүгіртіп, келместің кемесіне мінген өткен сәттерден жарқын естеліктер айтып берді. Редакцияның қазанында қатар қайнаған бір кездегі ұжым емен-жарқын шүйіркелесіп, арқа-жарқа болды. «Сабақты ине сәтімен » ғой. Газет құрдасы Рымбек ақсақалға биылғы өзінің һәм газеттің мерейтойында ұсынылған Қазақстан журналистер Одағының марапаты ауданға келіп тұрған еді. Аудан әкімдігінен Абылай Базылұлы ақсақалға сәлем бере келе, Рымбек Рақымжанұлының кеудесіне «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін тақты. Ардагерлеріміз шашу шашып, «AQTOGAI AJARY» газетінің атынан құттықтау хат беріп, иығына шапан жаптық.
«Даламның иісі бұрқырап, қарттарым аман-сау жүрші» деген тілекпен , қимай қоштастық.