Газетті қолдау – халықты қолдау

«Мың жерден тәуелсіз газет болсын, ол ең алдымен, қоғамды дамытуға, елге қызмет етуі керек». (Халық сөзі)
Міне, жыл санауымыздағы өткен 2021 жылды тарих еншісіне алтын әріптермен жазып, шығарып салдық. «Бісміллә, сөз басы» демекші, «өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» дей отырып, оқырманымызға жазар жолдауымыздың жөні бөлек. Тарихта ғасырға жуық, яғни 83 жылдың таңбасы бар газеттің осы уақытқа дейін 7838 нөмірі жарық көрген екен. Әр жылдарда «Қызыл ту», «Арқа еңбеккері», «Тоқырауын тынысы», «Ақтоғай ажары» болып заман ағымына қарай газеттің атауы ауысқанымен, жазар шығармасы, айтар ойы халықтың сөзін сөйлеу. Әр санында ауданымыздың өмірінен жан-жақты хабар алып, өңіріміздің тау тұлғалары жайында деректерден мағлұмат алып, мәдени және рухани өмірінен қанығып, аймағымыздың тыныс-тіршілігімен жан-жақты тыныс алуға қажыр танытқан басылымымыз туралы пікірлеріңізбен әркез журналистер қауымы санасып келеді. Дегенмен газет сыншысы, қолдаушысы да өздеріңіз, құрметті оқырмандар. Қоғам қайраткері, жерлесіміз, ұлт көсемі Ә.Бөкейхан «Әуелі газета – халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» деген тамаша теңеуі арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзінің құндылығын жойған жоқ. Жаңа технологиялардың қарыштап дамыған заманында да газет бәсекеге төтеп беріп, негізгі ақпарат таратушы құралға айналып отыр. Әлеу желі әлемді өзіне тамсандырып тұрған шақта, баспасөз құралдары өз құндылығын жойған жоқ. Оның ішінде аудандық «Ақтоғай ажары» газеті – Арқа өңірі баспасөзінің қарашаңырағы жаңалықтың жаршысы болып саналады.
2022 жылға баспасөзге жазылу науқаны кезінде біз де өзіміздің оқырмандарымыздың арасында болып, халықпен етене араласа жүріп, халық пікірін, алдағы уақытта аудан тынысының беттерінен қандай мақалалар көргісі келетіндігін бөлісіп, пікірлестік. Атымыздың тізгінін ауданымызға қарасты 17 ауылдық округке тіреп, халық арасында баспасөз науқанына орай «Көршіден көрші қалмайық, түтінге түтін жалғайық!» деген ұранмен оқырмандарымыздың ортасында Үндеу салып, науқандық жұмыс жүргіздік. Қазақ ырымшыл, салт-дәстүрді берік ұстанған, намыстан жаралған халықпыз ғой. Мақсатымыз әрбір тұрғын көршісінен қалмай баспасөзге жазылып, әрбір түтін шыққан үй, аудан айнасы «Ақтоғай ажары» газетін алып оқыса деген ниетте болдық. Науқанға кіріскен сәттен бастап, үндеуімізге үн қосып, аудан тұрғындары ауылдық округтер атсалысты. Алғашқы кезекте ауданымыздан шалғай орналасқан Айыртас (Қ.Бакиров), іле Қусақ (Д.Мұқатай), Абай (Қ.Тұрғанбеков), Ортадересін (С.Кркруов), Тасарал (Н.Сеитов), Ақши (М.Мәкенбаев), Қызыларай (С.Спанов) эстафетаға қолдау танытып, ауылдарындағы түтін түтейтін барлық үйді аудандық газетке жаздыртуға ерекше атсалысты. Ауыл әкімдерінің баспасөзге деген көзқарастарына, жанашырлықтарына, ұйымдас-тыру белсенділіктеріне риза болдық. Тіптен қалып қойған үйлерді ауылындағы демеушілер арқылы жаздыртып, үлкен науқандық жұмыс жүргізді.
Демеушіліктің ең алғашқы эстафетасын елім, жерім деп көшбасшы болып жүретін, облыстық мәслихаттың депута-ты, баспасөз жанашыры, газеттің ұзақ жылдан бергі демеушісі Айман Бекболатқызы бастап, 102 дана газетке демеуші болып, ауданымызға қарасты 17 ауылдық округтің бәрінен 5-10 зейнеткерден аудандық газетке жаздырып, руханиятқа деген жоғарғы белсенділіктің үлгісін көрсетті. Ізгі амалды жалғап, аудан айнасын қолдаған Ақсораңның арда азаматы Ержан Нұртазин ұйытқы болып, Қызыларай ауылының 25 үйіне аудан айнасының шамшырағын жақты. Кәсіпкер Мұратхан Бегімбетов – 10 дана, «Бер-Ер» ЖШС директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Ертай Отыншин өзі тұратын Сана би көшесінің 13 үйіне газетті жаздырып берді. Ал, «Нұртай» шаруа қожалығының жетекшісі М.Елеусізов С.Оразалин көшесінің 10 тұрғынын көрші-ден-көрші қалмасын деп аудандық газетке жаздырды. Ауыл тұрғыны Марат Орманов көпбалалы 10 анаға демеуші болып, оқырмандарымыздың санын арттырды. Сонымен қатар, Нүркен ауылдық округінің пошташысы Жанар Қауанова ауылды аралап жүріп, намысқа тырысқаны соншалық, мәреге жетіп тынды. Шіркін, пошташылардың бәрі осындай патриот болса ғой. Ал, руханият жанашырлары төмендегі ұстаздардың еңбегі тіптен ерекше болды. К.Байсейітова (Қ.Амралина), Ә.Бөкейхан (Қ.Әбдірахманов), Н.Әбдіров (С.Бакиров), Қ.Нұржанов, (А.Райымбекова) атындағы ЖББО мектептері, Тасарал (Г.Балтышева) мектебінің ұжымы, Ә.Ермеков (Т.Қарашолақов), М.Ержанов (Б.Құрманбекова), С.Ибраев (Қ.Жармағанбетова), Д.Стамбеков (Қ.Таукеева) және Ақши (Д.Избасаров), Абай (А.Тазабеков) негізгі мектебінің ұжымдары әріптестерін аудандық басылымға жаздыртып, газетті жаздыртуға ден қоймаған, жоғарыда аттары аталмаған мектептерге үлгі бола білді. Ұстаз әркез руханият жанашыры бола білу керектігін біз түсіндірмейміз және ешкімді газетке жазылуға міндеттемейміз. Науқан кезінде бөркімізді аспанға атып қуанатын сәттер болғанымен, «әттеген-ай» дейтін тұстарымыздың да болғаны жасырын емес. Тіптен баспасөз науқанына, аудан жаршысының барына да назар аудармайтын ауылдар бар екендігіне көзіміз жетті, жаңа жылдың басында саусақ шошайтып, атын атап, түсін түстеуге біз ұялдық, ал аттары аталмаған ауылдар газеттің жазылу науқанына мүлдем назар аудармағанын көріп, руханилықтың салқынын сезініп, Абай хакімнің «қайнайды қаның, ашиды жаның» деген сөзін еске алдық. Болашақта сыннан қорытынды шығарады деген үміттеміз. Ал, ағайын Сана би, С.Оразалин көшелерінің бастамасын сіздер де жалғастырып көріңіздер, ауданымыздың тынысымен бірге тыныстап, сіздермен бірге біздің де ажарымыз ашық болсын. Түптеп келгенде, оқырмандарымызға айтарымыз, «баспасөз – басқа сөз емес», ақпаратты әлеу желі арқылы жылдам аламыз, газеттің күні төмендеген десеңіз, қателесесіз. Тарих болып таңбаланып, алтын қорда сақталатын газеттің күні ешқашан сөнбейді, керісінше уақыт өткен сайын шамшырақ болып жарқырай бермек. Келген Барыс жылымыз табыс жылы болсын, отбасыларыңызға амандық тілеймін. «Ақтоғай ажарынан» сүйіншілеген жаңа-лықтар үйлеріңізден орын алсын.
Гулнар Метайқызы,
Бас редактор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *