Гидрометаллургиялық зауыт іске қосылды
Ақтоғай ауданында «Борлы» кен орнында катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыттың ресми ашылу салтанаты өтті. Жоба Қазақстан мен Иран арасындағы тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық аясында іске асырылған.
Аудан бойынша соңғы жылдары инвестиция тартып, тау-кен өндірісін дамыту бойынша бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда. Сөзіміздің айқын бір дәлелі, 4 қараша күні өңірге қарасты «Борлы» кен орнында катодты мыс өндіретін «Ирказ Металл Корпорациясы» гидрометаллургиялық зауыты іске қосылды.
Зауыттың ашылу рәсіміне Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Маджид Самадзадэ Сабер, «Iranian Mines and Mining Industries Development and Renovation Organization» (IMIDRO) басшысы Ваджихолла Джафари, Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова, Балқаш қаласының әкімі Қайрат Қамзин, Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Андрей Уманцев және басқа да шақырылған қонақтар қатысты.
Бұл турасында аудан әкімі Салтанат Әбеуова: – Алдағы уақытта кәсіпорын жылына 5 мың катодты мыс өндіру арқылы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай өзіндік үлесін қосатын болады деп күтілуде. Жаңа нысанда металлургия саласындағы заманауи технологиялар қолданылады. Сондай-ақ, кәсіпорында 140 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, – дейді.
Сала мамандарының айтуынша, катодты мыс SX-EW технологиясы бойынша мысты металл қалыптамасына тұндыру арқылы өндіріледі. Мыс катодтары M00k маркасына сәйкес келетін жоғары тазалық пен сапаға ие. SX-EW катодты мыс өндіру технологиясы гидрометаллургиялық процеске негізделген инновациялық әдіс. Бұл заманауи технология елімізде соңғы онжылдықта қолданыла бастады, ол зауыттар салуға үлкен шығындарды қажет етпейді. Сонымен қатар, катодты мыс өндірісінде төмен өзіндік құнымен ерекшеленеді және шағын кендердің қорларын пайдалануға мүмкіндік береді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, өндірістік қуаттылықтардың жеткіліксіз көлеміне байланысты еліміз мыс концентратының шамамен 30%-ын (966 мың тонна) шетелге экспорттайды. Ал, жаңа кәсіпорындардың ашылуы мыс концентратын ел ішінде барынша қайта өңдеуге мүмкіндік беріп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға ықпал етеді-мыс.
Думан ҚАБЫЛ.