Ғибраты мол ғұмыр

Адам анадан туады, дүниеден өтеді. Бұл – заңдылық. Қоян жылы (20.12.1927-16.08.2021) туып, сиыр жылы дүние салған Сәнеке атамның ғұмыры ғибратқа толы.

Беті-қолымды тау суымен жуыппын.

Тайға мініп жарысып,

Көбелек-шіркей қуыппын, – деп өзі жазғандай ғасырға жуық жасаған Арқаның ардақты ақсақалы Алланың қалауымен 12 патшаның заманында өмір сүрді.

«В.Ленин, И.Сталин, Г.Маленков, Н.Хрущев, Л.Брежнев, Ю.Андропов, К.Черненко, М.Горбачев, Д.Қонаев, Г.Колбин, Н.Назарбаев және Қ.Тоқаев сияқты басшылардың тұсында өмір сүріп, заманын көрдік қой. Ашаршылықты да, 37-нің қуғын-сүргінін де, екінші дүниежүзілік соғысты да, халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуірін де, қайта құруды да, одан кейін тәуелсіздік заманын да көргеніме Аллаға шүкір етемін!» деп еді батагөй қария бір әңгімесінде. Қылышынан қан тамған КСРО-дай алып империяның 9 басшысының, «Қонаев кезеңі», «Колбин кесапаты», «Назарбаев дәуірі» және «Тоқаев демократиясының» тұсындағы қазақтың ғұмырын көзімен көрген, барлық қиындықты басынан кешкен адамның данагөй, парасатты болмауы мүмкін емес.
Алаштың Ақтоғайындағы Қушоқы деген жерде дүниеге келіп, қаршадайынан қара жұмысқа араласты. Бұл туралы өзі:

«Қосқанда алыс жолға алғаш адым,

Тұлымым желкілдеген жап-жас шағым.

Есімде көк өгіздің арқасына,

Жарбиып қаршадай боп жармасқаным!» деп жазды. Балалық шағы алапат аштық, сұрапыл соғыс жылдарына дөп келді. Соған қарамастан, жастайынан арамнан ас ішпеді, қулықпен күнелтпеді. Адал еңбекпен, қазақы дәстүрмен, мұсылмандық жолымен ержетті. Өзара сыйластық, көрегенділік, ізгілік, өнегелілік, бабалардың рухы мен дәстүрі салтанат құрған ортада қанатын қатайтты.

Атамның биографиясы да өте қызық: Қарағандыдағы Молотов атындағы №2 орта мектепті бітіріп, Буденный колхозында есепші болды. Буденный кейінірек Қызылтас деп өзгереді. Осы ауылда атам, өзімнің әкем Зәрубаймен құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен. Кеңес әскері қатарына шақырылып, Беларусьтегі Гродно қаласында радиотелеграфшы, батальонның аға писары қызметін атқарған. 1953-1986 жылдары (30 жылдан астам уақыт) Ақтоғай аудандық партия және кеңестік атқару комитетінде, ауыл шаруашылығы басқармасында, дайындық инспекциясында зор абыроймен еңбек етіп, адал еңбектің рахатын көрді. Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң мұсылмандыққа бет бұрып, Ақтоғай аудандық мешітінде найб-имам, бас имам болды. Жасы ұлғайған соң ол қызметін жастарға тапсырып, өзі халыққа пайдалы іспен айналысты. Осы жерде бірнеше қырын атап айтқым келеді.

Атамның бірінші қыры – шежіреші болғаны. Өзінің айтуынша, 30 жыл ғұмырын осы шежіре жинауға арнаған. Кіші Жүздің Жетіруына жататын Табын руының Құлбол, Жарбол деген екі атасының шежіресін түгендеп, кітапқа түсірді. «Табын руын таратып айтып жүретін Әбен Есенұлы деген шежіреші ақсақал 1953 жылы маған жаздырып еді. Көп мағлұматты сол кісіден сұрадым. Басқаларын әркімнің кейінгі ұрпақтарынан өзінен сұрап жаздым. Шежірешілер қыз баланы қоспаған, ал мен оларды көрсетіп отырмын. Өйткені құда, нағашы, жиен туралы мағлұмат береді. Кейінгі ұрпақтар кіммен кім туыс, жақын екенін біліп жүрсін» деп жазады Сәнеке адам өзінің «Тағзым-шежіре» атты кітабында. Сондай-ақ атам Табын руынан шыққан барлық тарихи тұлғалардың, өз заманында беделі, даңқы мәшһүр болған адамдардың бәрінің аттарын қағазға түсірген.
Екінші қыры – ақындық және жазушылық қабілеті. «Тағзым-Шежіре» кітабында қазақтың шыққан тегінен бастап, бүгінгі заманға дейінгі ата тарихымызды, болмыс-бітімімізді егжей-тегжейлі баяндайды. «Бабалар сөзі – тәрбие көзі» деген айдармен қазақтың тарихындағы атақты би-шешендер, ақын-жыраулар, әнші-күйшілер, аузы дуалы әулиелер, ел ішіндегі айтқыштар туралы құнды деректерді оқырман назарына ұсынады.
Тағы бір қыры – дәулескер күйшілігі. Жастайынан қара домбыраны жанына серік етті. Ауыл адамдарынан Тоқырауын топырағына әйгілі Ахметжан күйшінің күйлерін үйренді. «Саржайлауды» төгілдіріп шерткенде көз алдыңа қазақтың жайлауы көлбеңдеп, жаның жадырап сала беретін-ді. Кеңес заманында тыйым салынғанына қарамай, күйшілік өнерін жоғалтпады. Үйіне сәлем беруге, хал-жағдайын сұрауға барғанда төрдегі домбырасын алып, күй шертуші еді. Сұхбаттың соңынан екі қолын жайып, ақ батасын беретін. Қалпы қазақы, өте ақкөңіл, жүзінен мейірім төгіліп тұратын адам еді. Ғибратқа толы ғұмырында Құраны мен Алласын аузынан тастаған емес. Ғажайып ғұмырында 8 бала өсіріп, тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Балаларының, немере-шөберелерінің бақытын өзінің бақытынан екі есе бағалады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» депті бабаларымыз. Жақсы әкенің көзі, өмірінің жалғасы – артындағы ұрпағы.
Мұзарт шыңдағы мұзбалақтай, асқақтаған асқар таудай, толқыған телегей теңіздей Сәнеке атамның бұл тірліктегі орны бір бөлек еді. Көркем мінезімен ел-жұртына қадірлі, Алланың сүйген құлы болып, өтті жалғаннан! Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз мамық болсын! Мінгеніңіз – пырақ, мекеніңіз жұмақ болсын!

Ұрпақтары атынан

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *