Игерілмеген жерлер мемлекетке қайтарылады

«Қазақтың кең байтақ даласында мал жаятын жер жоқ» дегенге ешкім илана қоймас. Бірақ, шынайы жағдай сіз бен біз ойлағаннан мүлдем басқаша. Елімізде жайылымдық жер тапшы және бұл бүгінде мемлекеттің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. «…ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылымдық жер бос жатыр», – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке игерілмей, нысаналы мақсатта пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтарып алуды тапсырған болатын. Енді қожайыны бар, бірақ игерілмей, бос жатқан миллиондаған гектарлардың иелеріне тықыр таянды. Қағаз жүзіндегі қожайындарына ескерту жасалып, соның жартысына жуығы жермен жұмыс істеуді бастаған. Ал, талапқа көнбегендерден жер жаппай қайтарылуда. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өңір басшысы С.Әбеуованың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында «Шаруа қожалықтары және жеке аулалар бойынша жайылымдық жерлердің пайдаланылуы жөнінде» мәселе қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары С.Амралин, ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Жаңабергенов, ауданның жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қ.Изақов және кент, ауылдық округ әкімдері қатысты. Кеңесте пайдаланылмайтын немесе ұтымсыз пайдаланылатын жерлерді қайтару, халықты жайылымдармен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар және Жол картасы негізінде атқарылып жатқан жұмыстар барысы жан-жақты талқыланды. Жиын соңында аудан басшысы салалық басшыларына және жергілікті әкімдерге тиімсіз пайдаланылған жерлерді қайтару, жайылымдық жерлермен тұрғын халықты қамтамасыз ету, ауылшаруашылық жерлерін айналымға енгізу жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру бойынша орындау мерзімі белгіленді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі С.Әбеуова 2023-2024 жылдары жайылымдарды ұлғайту жөнінде атқарылатын жұмыстар аясында тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Думан ҚАБЫЛ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *