Көкпар – қазақтың жаны
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ежелгі көшпенді халқының жеті қыры атап көрсетілген. Сол жеті қырлы алмастың алғашқысы – гауһардай жарқырап, күллі көшпенділер дәуіріне, адамзат дамуына сәуле түсіріп тұрған атқа міну мәдениеті. Осы атқа міну мәдениетінің ішінде жылқымен қатысты ұлттық ойындар жүрегі қазақ деп соғатын әрбір азаматты тебірентетіні анық. Сондай ойындардың бірі әрі бірегейі – көкпар ойыны.
Көкпар – жаужүрек бабаларымыздан қалған асыл мұраларымыздың бірі, ұлттық құндылық. Жақында Қарағанды қаласында Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына орай облыстық «Ұлттық ат спорты федерациясы» ҚБ-нің қолдауымен көкпардан ересектер арасында облыстық біріншілік болып өтті. Үш күнге созылған тартысты додаға аймаққа қарасты өңірлерден 9 команда қатысып, біріншілік кубогын сарапқа салды.
Ауыздығымен алысқан арғымақтарын тақымдап, кілең сайыпқырандар топқа түскен бәсекеде біздің аудан спортшылары жүлделі 4-орынды қанжығалады.
– Ежелден аттың құлағында ойнайтын қазақ баласына ат ойындарының еш жаттығы жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері жанданып, жаңғырып келе жатқан ат ойындары бүгінде зор маңызға ие болуда. Анығында, жер-жерлерде өтетін айтулы жарыстар ұлттық ойындарымызсыз өтпейді. Кенесары Қасымұлының 220 жылдығы аясында өткен көкпар жарысында аудан спортшылары жақсы нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, көкпар барысында әдемі ойын өрнегін көрсеткен Айбар Мәни мен Айбол Оспановтар ақшалай сыйлықпен марапатталды. Әр ауылдың жастары үшін өнеге болар істерімен ұлттық өнердің рухани жаңғыруына үлес қосып жүрген жалындаған жастарға тек бейбіт күннің жеңісті жалауын желбіретсін демекпіз, – дейді ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Кишкентаев.
Өз тілшімізден.