Көктемнің әр күні – жылға азық

Қаһарлы қыс қыр асып, көктем де бел ортасына шықты. Көктемнің ұзынсары атанған мезгілі қат-қабат, қарбалас тірлікті де ала келетіні бесенеден белгілі. Көктемнің бір күні жылға азық екенін жақсы білетін диқан қауым дала төсін еңбек дүбіріне бөлейді. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатыны баршамызға белгілі. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында бағдарламаларды жүзеге асыру ауданымызда да қарқынды даму үстінде. Жаһандану дәуірінде қазақылықтың қаймағын бұзбай сақтап отырған ауыл адамдары екені баршаға мәлім. Жылма-жыл егіс көлемін ұлғайтып, Жер-Анадан берекелі өнім жинай білген, төрт түлігін түлетіп, ыдысы ақтан арылмаған ауылдағы ағайынның табыс қазанын қайната түсуіне мемлекет тарапынан мол мүмкіндік беріліп келеді. Аудан аумағындағы шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы туралы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Жаңабергеновке жолығып, білген едік. Сала басшысының бізге берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, үстіміздегі жылы 2055 гектарға ауылшаруашылық дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде 675 га бидай, 1300 га арпа, 1500 га көпжылдық шөп, сонымен қатар, ашық топырақта 50 (шаруа қожалықтары 23 га) гектар картоп, 30 (шаруа қожалықтары 13 га) гектар көкөніс егіледі. Жыл сайын егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, биылғы жылы 1300 гектарға арпа дақылы себілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 410 гектарға артпақ. Сонымен бірге Қызыларай ауылдық округіне қарасты «Ерасыл» шаруа қожалығы – 200 гектар, Қараменде би ауылдық округі «Ескендір» шаруа қожалығы – 200 гектар. Сонымен қатар сапалы мал азығын дайындау мақсатында Кежек ауылдық округі «QazaQ Meat» ЖШС 500 гектарға көпжылдық шөп егуді жоспарға қойған. –Егістікке қажетті минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер де дайын. Қолда бар тұқым – 200 тонна. Бүгінгі күнге 240 тонна тұқым немесе 120 %-ы сараптамаға апарылған. Тұқым репродукциялық қорытындысы бойынша 145 тоннасы 2 клас, 95 тоннасы 3 клас. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына 1 шаруашылық жүргізушіге қажетті көпжылдық шөптің 21 тоннасына сұраныс берілді. Бүгінгі күнге Абай ауданындағы ЖШС «Шанс» репродуктор кәсіпорнынан Жидебай ауылдық округінен «Мұқағали» шаруа қожалығы жетекшісі Ж.Баймолла 15 тонна арпа, 12 тонна бидай және 5 тонна картоп тұқымын әкелінді. Сондай-ақ, аудан бойынша көктемгі егінге мемлекет тарапынан 50 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Оператор «Retail Tradе» ЖШС. Әр ауылдық округ және шаруашылықтар таратпасында бөлініс жасалып, жұмысты ұйымдастыру үшін жолданды. Бүгінгі күнге 2 шаруашылық шартқа отырды. Кежек ауылдық округіне қарасты «QazaQ Meat» ЖШС – 5,8 тонна, Қызыларай ауылдық округіне қарасты «Арай» шаруа қожалығы – 5,0 тонна. Барлығы – 10,8 тонна. Бөлінген жанар-жағармайды алуды ауылдық округ әкімдері қамтамасыз ету тапсырылады. Аудан бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жұмыс жоспары бойынша «К-700» – 7 дана, доңғалақты трактор «МТЗ» – 12 дана, шынжыр табанды «ДТ-75» тракторы – 3 дана, дән себетін «СЗС-2.1» – 33 дана, автокөлік «КамАЗ» – 7 дана, «ПТС-4» трактор тіркемесіне 11 дана ауылшаруашылық техникаларынан қатысады деп болжануда. Бүгінгі күнге тракторлар дайындығы – 97 пайыз, дән сепкіштер – 81 пайыз. Егін егу – жауапты кезең. Көктемгі егіс-дала жұмыстары алдағы уақытта қарқын ала түспек. Ендігі міндет – берілген мүмкіндікті толық пайдалана отырып, ұйымшылдықпен еңбек ету. Берекелі игілікті іс барысында егін егумен айналысатын әрбір шаруашылықтың басшысы мен диқандарға үлкен жауапкершілік пен міндет жүктеледі. Өйткені, көктемнің әр күні – жылға азық, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы. Осылайша әр ауылдық округте көктемгі егіс жұмыстары басталып, егіс дақылдарын жоспарға сай орналастыру мықтап қолға алынуда. Несібесін жерден жинайтын шаруалар қауымының бел жазбай еңбек ететіні де осы кез. Байқауымызша, биылғы жылы атакәсіпті нәсіп еткен ақтоғайлықтар егістің жылдық орташа өнімділігі көлемін өткен жылдарға қарағанда едәуір арттыруға ниетті көрінеді. Әрине, дала еңбеккерлері талмай еңбек етсе, қандай межеге де қол жеткізуге болатыны анық.

Думан Аманкелдіұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *