Күләш әнінің рухы қалықтаған күн

Күләш әнінің рухы қалықтаған күн

Аудан орталығындағы К.Байсейітова атындағы тірек мектебі (ресурстық орталық) оқушыларға білім берумен шектеліп қалмай, рухани-мәдени бағытта дамуларына да жан-жақты көңіл бөлуде. Соның бір айғағы, 17 мамыр күні қазақ ән өнерінің көшбасшысы, КСРО Халық әртісі, қазақтың бұлбұлы атанған жерлесіміз, күміс көмей, жезтаңдай әнші К.Байсейітова атындағы мектепте жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары арасында «Қазақтың бұлбұлы – Күләш» атты өткен аудандық байқау.

Ақтоғай топырағы есімдері алты Алашқа әйгілі ақын-жыршы, әнші-күйші, би-батырлар мен мемлекет қайраткерлерін әкелген киелі мекен. Қазаққа талай талантты берген Ақтоғай топырағы хас өнердің жанартауы іспетті. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» деп Мағжан ақын жырлағандай, алыптар бастаған өнер көшін бүгінгі ұрпақ үзбей жалғап келеді. Биыл даңқты әнші, жерлесіміз Күләш Жасынқызының туға-нына 110 жыл толып отыр.

Шараны аудан әкімі Салтанат Мірәсілқызы ашып, құттықтау сөз сөйледі.Мектеп директоры Қ.Амралинаның басшылығымен ұйымдастырылған аталмыш іс-шара барысында, мектеп фойесінде «Әдістемелік вернисаж» көрмесі ұйымдастырылып, мектептің үйірме жұмыстары көрсетілді. Талантты да дарынды оқушылардың басын қосып, білім мен ғылымды ұштастырып жүрген нәтижелі жұмыстың куәсі болдық. Әсіресе, өсімдіктер мен жануарларды өндіруге қабілетті тұйық жүйе «Аквапоника» үйірмесінің жұмысы. 220 литрлік аквариумдегі балықтардың тіршілігін жан-жақты зерттеп жүрген Ж.Өмірбайдың жобасына толағай табыстар тіледік. Физика пәнінің мұғалімі, зерттеуші-педагог Г.Жұмаханованың еңбегі жоғары бағаланды. Күләш апамыздың дауысын физикалық формулаларға салып, есептемелер жүргізу арқылы дауыс түрін анықтап зерттеп жүрген оқушысы Е.Серіктің «Voice reseorch» жобасының болашағынан зор үміт күтудеміз.

Лэпбук – бұл қалташалары, есігі, терезелері бар жинамалы кітапша. Бастауыш сынып мұғалімдері Ә.Бегетаева мен А.Еденова жетекшілік ететін «Лэпбук» үйірмесінің «Күләшқа – 110 жыл» тақырыбында құрастырған жобасы Күләш апамыздың өмірінің әр парағынан сыр шертіп тұрғандай болды.

Кішкентай өрендеріміздің ғылымға қызығушылығын арттырып жүрген Н.Жарылғаптың «Гидрогель» жобасы өсімдіктерді ұзақ уақыт қалыпты ылғалда ұстап тұру ортасын зерттеу болып табылады. Жаңа заман талабына сай жүргізіліп отырған жобаның болашақта әлем елдерінің сұранысына айналары сөзсіз.

Мектебіміз жаратылыстану бағытында жұмыс жасайтындықтан, физика-математикаға ерекше көңіл бөлінеді. «Қызықты физика» үйірмесі аясында «Планеталар әлемі» жобасын ұсынған Г.Қабдолланың планеталардың қозғалысын визуалды зерттей отырып, өзі құрастырып шығарған туындысы ерекше ықыласқа бөленді.

Сонымен қатар бірнеше облыстық байқауларда бәйгесін қанжығалап жүрген «Робототехника» «Қолөнер» үйірмелерінің жетекшілері Ұ.Егінбаев, А.Қабыхан, С.Әбеннің, С.Бектұрғанованың еңбегін ерекше атап өтуге болады.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, осы шараға ат арылтып келген Н.Әбдіров, С.Ибраев, Ж.Кеңесбаев, Ж.Ақбай атындағы мектептерінің ұстаздары да қызу дайындықпен келгені көрініп тұрды. Оқушыларының қолдан жасалған туындылары қатысушылардың назарын өзіне аударып, мен мұндалап тұр.

Аталмыш көрмені ұйымдастырып, өте жоғары деңгейде көрсетуге себепкер болған Жанар Аманжолованың еңбегіне алғысымыз шексіз.

Келесі кезең мектебіміздің жанашыр ата-аналарының демеушілігімен безендірілген акт залында жалғасын тапты. Байқау мектеп директоры Қ.Амралинаның алғысөзімен ашылып, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан игі істерге тоқталып өтті.

Байқау шарты бойынша «Өнер бағының жұлдызы», «Өнегелі өмір», «Жырымды Күләшқа арнаймын» номинациялары бойынша эссе, ән, арнау жанрлары бойынша 8-11 сынып оқушылары бақ сынады. Әдеттегідей байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар анықталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

«Өнегелі өмір» номинациясы бойынша жүлделі орындар төмендегі ретте Н.Түсенов бас жүлде, Е.Мағау І орын, Е.Ақжолтай, Ж.Есентай ІІ орын, Ә.Болатбекұлы, И.Сабыржан, Д.Белғазы, Н.Нығыметов, Н.Жақсылық, А.Ұзақбай, Ж.Боранбай ІІІ орындарды иеленді.

«Жырымды Күләшқа арнаймын» номинациясы бойынша бас жүлде Е.Серікбекке (Н.Әбдіров), І орын А.Ыбыкенге (Ә.Бөкейхан), ІІ орын С.Мұздыбай (С.Ибраев), Ж.Мағзұмға (Ә.Ермеков), ІІІ орын М.Аманжолұлы (Т.Ақышұлы мектебі), А.Қизатқызына (Ж.Кеңесбаев) бұйырды.

«Өнер бағының жұлдызы» номинациясы бойынша 1-орынды («Қарлығаш» әні) М.Тайтаева, 2-орынды Д.Түлкібай (Ыбырайдың әні «Гәкку»), 3-орынды А.Нұралықызы («Ақтамақ» әні) жеңіп алды.

Байқауға Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Г.Төлеубаева, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты Қ.Асқаров төрелік етті.

Сондай-ақ, мектебіміздің «Сахна сазы» үйірмесінің оқушылары әдеби-компо-зициялық қойылым қойып, мектеп өнерпаздары би билеп, әннен шашу шашты. Аудандық Өнер мектебінің «Әуен» ансамблі, ауданымыздың белгілі әншісі Б.Мақшонова өз өнерлерін тарту етті.

Мектептің бір топ ұстаздары Қарағанды облысы білім беруді дамыту оқу-әдісте-мелік орталығының директорының Қ.Амралина, Б.Ынтықбаева, Г.Мұрасоваларға Құрмет грамотасы, Г.Мұхтарова, А.Шарипова, А.Еденова, Г.Жұмаханова, Б.Ғабдуллиналар Алғыс хаттармен марапатталды.

Мектеп ұжымы байқауға демеушілік жасаған Е.Отыншин, С.Кемелбаева, ата-ана Р.Әбеуовке алғыстарын білдірді.

Бір мектепте ғана ұйымдастырылып өткен шара болса да, осы шараны тамашалаушылар үлкен рухани сусындап, Күләш әлеміне саяхат жасап, әсерлі көңіл-күймен тарқасты.

Пальмара Ермекова,

К.Байсейітова атындағы тірек мектебі (РО) мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *