КҮМӘН СЕЙІЛДІ, ҮМІТ АРТТЫ

Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген саяси бағытынан халық үлкен үмітті. Сең қозғалды. Конституциямызға жаңаша сипаттағы өзгеріс пен түзетулер енді. Міне, сол өзгерген, түзетілген заң халықтың талқысына ұсынылып, референдум өткелі жатыр. Халық жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен «бармақ басты, көз қысты» сыбайластықтан әбден жалыққан. Ел Жаңа Қазақстаннан үлкен реформалық өзгеріс күтіп отыр.

Міне, осы болашаққа зор сенім мен үміт артып отырған Ақтоғай халқымен маусымның 1-і күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев кездесті.

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жергілікті қоғамдық ұйым мүшелері, денсаулық, білім саласы мамандары және жергілікті тұрғындар мәжіліс депутатын жылы қарсы алды.

Кездесуді аудан әкімі С.Әбеуова ашып, А.Әлтаевқа сөз кезегін берді. Парламент Мәжілісінің депутаты сөзін қаңтар оқиғасынан бергі аралықтағы елімізде болып жатқан саяси өзгерістерді тілге тиек етіп, жиынға қатысушыларға Жаңа Қазақстан құрудағы президенттің алға қойған мақсаттары мен міндеттеріне, Конституциядағы өзгерістер мен түзетулердің артық- шылық тұстарын жеке-жеке талдап, референдумның маңызына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ, А.Әлтаев Жаңа Қазақстанды құрып, елімізді өркендетеміз десек, тұтас халық болып, бір жағадан бас, қос жеңнен қол шығарып атсалысу керектігін қадап айтты.

Кездесу барысында ауыл тұрғын- дары да ұзақ жылдар бойы жауабын таппай келе жатқан әртекті мәселелерді өз тарапынан парламент депутатының алдына көлденең қойды. Мәселен, күні бүгінге дейін күрмеуі толық шешілмеген жарық пен жол, күннен-күнге шарықтап бара жатқан қымбатшылық сынды мәселелерді қозғады. Иә, ақтоғайлықтарды мазалап, түйткілі тарқатылмай жүрген өзге де мәселелер жетерлік. Ауыл тұрғындары орайы туып тұрған тұста іркілмей, көкейде жүрген ойларын ортаға тастады. Жергілікті ауруханада ота жасайтын, тіс емдейтін дәрігердің тапшылығы бар екенін айтып, базынасын білдірді. Сонымен қатар, әйел- аналардың зейнет жасын азайту, білім беру бөлімін жергілікті бюджеттен республикалық бюд- жетке беру, халық саны азайып, мектептері жабылып отырған ауылдарға қандастарды көшіріп әкеліп орналастыру, өндірушіден тұтынушыға тауарды делдалсыз жеткізу, ауыл мектептерінің мерзімі өткен электронды техникаларын қағазбастылыққа ұрындырмай, электронды түрде шығыстан шы- ғарып, жаңадан жабдықтау және мал жайылымын ұйымдастыру, аспандап кеткен жем-шөптің бағасын ырықтау, құрылысқа қажетті құм мен топырақты халықтың тегін пайдалануын орайластыру, автокөлік салығын алып тастау және өзге де қордаланып жатқан проблемаларды шешуге ықпал етуді сұрап, мәжіліс депутатына үлкен жауапкершілік жүктеді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сыздықов сыздауықша солқылдап тұрған мәселелерді қағаз бетіне түсіріп, аудан халқы атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің атына жазылған хатын А.Әлтаевқа тапсырып, аманат арқалатты.

Ел уәжіне құлақ түрген А.Әлтаев ақтоғайлықтардың мәселесін пар- ламент отырыстарында көтеріп, оң шешімі табылуына ықпал ететінін айтып, кездесуге келген әлеуметке алғысын білдірді.

Е.Темірхан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *