Кешегі күн – бүгінгі тарих
«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың бір ғана жүз жылдықта тартпаған мехнаты, көрмеген құқайы бар ма?!. Қатпары қалың тарихта қазақтың кеткен есесі қаншама. Ғұмыр ғұмырында тұрмысына талшық етіп келе жатқан төрт түліктен тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып алып, қолдан жасаған ашаршылықтың салдарынан қаншама отандасымыз бас сауғалап, іргелес елдерге қоныс аударып, жұдырықтай тастүйін еліміз тарыдай шашылып кете барды. Арада аттай жиырма жыл өтер-өтпестен қазақтың кіл сүт бетіндегі қаймағын, көкірегі ояу, көзі қарақты зиялыларын оққа байлады. Кейін келе екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, қазақтың еркек кіндікті азаматтарын көгендеген қозыдай май- дан даласына аттандырып жіберді. Мұның барлығы қызыл империяның шылауында жүргенде көрген «тар жол, тайғақ кешуіміз».
20 ғасырда посткеңестік кеңістікте ең көп тауқымет тартқан ел екеу болса, соның бірі, біреу болса, соның нақ өзі – Қазақстан. 1921 жылдан бастап 1954 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Бұл дегеніміз – тұтас ұлтқа жасалған қиянат әрі қастандық. Тарихтың бауырына бұғып қалғаны, бізге беймағлұм тұстары қаншама. Бүгінгі күнді бедіздеп, келешекке көз тігу үшін де кешегі тарихымызды таразылап, жоғын жоқтап, ұпайын түгендеуіміз қажет. Бұл – кейінгі ұрпақтың ата-баба алдындағы перзенттік һәм азаматтық борышы.
Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Соның нәтижесінде бір ғасыр ілгеріде жазықсыз жапа шеккен 340 мыңнан астам азамат ақталды. Әлі де болса ақталуы тиіс жандар қаншама.
Күні кеше, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында аудан орталығында тағылымды шаралар легі болып өтті. Аудан әкімі С.Әбеуова және бөлім басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен ауыл тұрғындары «Тарих тағылымы» саябағында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Арадағы бір минут үнсіздіктен кейін ауданымыздың наиб имамы С.Қазтайұлы қол жайып, марқұмдардың рухына құран бағыштады. Тағылымды шарадан кейін жиналған қауым аудандық кітапханаға бет бұрып, тұсауын кескен үр жаңа кітаптың куәсі болды. Аудандық кітапхана қоры оқырмандарға рухани азық беретін тағы бір кітаппен толықты. Ол – «Ақтоғайлық ағайынды Жүнісовтер» кітабы. Ағайынды Әбду және Әбдіғұл Жүнісовтердің есімін білмейтін ел аудан төңірегінде кемде- кем шығар. Әбду Жүнісов Қоңырат ауданы бойынша ең алғашқы «Оян» серіктігін (кейін Киров ұжымшары) ұйымдастырушы. 1932 жылғы адам төзгісіз аштыққа қарсы күрес жүргізіп, жоғарғы орындағы басшыларға хабарлап, шаралар қолдану жөнінде тиісті талап қойған. Осыған байланысты Алматыдан арнаулы комиссия келіп, тиісті жұмыстар жасаған. Балқаш қаласынан көлікпен балық тасуды ұйымдастырып, соның нәтижесінде осы өңірдің тұрғындары жан сақтап, аман қалған. Әбду Жүнісұлы ҚазОАК-тің мүшелігіне сайланып, 1935 жылы аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып сайланған. Алайда, 1936 жылы Алматы қаласына партия оқуына шақыртылып, 1937 жылы «халық жауы» деген жалған жаламен түрмеге тоғытылып, 1938 жылы Қарағанды түрмесінде оққа ұшқан.
Мінеки, аталмыш кітапта жоғарыда аты аталған, елім деп етігімен су кешкен ерлердің ғұмырбаяны тұрғысындағы мақалалар, естеліктер және мұрағаттар жинақталған. Шаң басқан архивтерде көз майын тауысып, құнды деректерді жарыққа шығарып, басын топтастырған, кітапты құрастырған – Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі және кітап кейіпкерлерінің ұрпағы – Жанат Әбдуова. Ал, Жанат апамызға жол нұсқап, қолтығынан демеу білдірген – Ә.Әбдіғұлұлы.
Шара барысында кешегі зұлмат замана жайында мардымды мағлұматтар айтылып, ағайынды Жүнісовтердің жүріп өткен жолы жөнінде естелік әңгіме өрбіді. Аудандық мәслихат хатшысы Р.Әбеуов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сыздықов, жас оқырман А.Іңкәрбек және кітап құрастырушысы Ж.Әбдіғұлқызы кітаптың қызыл таспасын қиып, тұсауын кесті. Кітап шарапатты шараға қатысушыларға түгелдей үлестіріліп, 20 данасы аудандық кітапхана қорына табысталды.
Е.АЙТЖАН.