Әкімдер сайлауы – еліміздің саяси дамуындағы айтулы бетбұрыс

Тәуелсіздік жылдарында азаматтардың саяси мәдениеті жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Осы тұрғыда елімізде жергілікті әкімдерді тікелей сайлау формасының енгізілуі мемлекеттің саяси жүйесін нығайта түсуге кепілдік берері сөзсіз. Жергілікті әкімдердің сайланып қойылуы бұған дейін де болған, бірақ ол тікелей емес-ті. Ал бұдан былай, «Сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, халық аудандық маңыздағы қала, кент және ауылдық округ әкімдерін өздері дауыс беру арқылы сайлайды. Бүгін біз жаңа форматтағы әкімдер сайлауының маңызды тұстарына тоқталып, шолу жасап, өңір тұрғындарының пікірін тыңдауды жөн көрдік.

А.Түкбаева, облыстық мәслихат депутаты:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында елдегі саяси мәселелерге баса назар аударып, кеңінен тоқталғаны белгілі. Әсіресе, ауыл әкімдерін сайлау туралы айтқаны елең етер жаңалық болып, осы уақытқа дейін талай талқыға түсті. Президенттің бастамасын ескерген Парламент Сенаты жақында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң жобасын қабылдады. Енді ауыл халқы өз басшысын мажоритарлы сайлау жүйесі арқылы таңдау мүмкіндігіне ие болады.Дәл осы мезгілде бұған дейін мәслихат депутаттарының дауыс беруімен сайланған ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімі тәмамдалады. Одан бөлек, бүгінде жаңа форматтағы әкімдер сайлауын өткізудің ұйымдастыру және нормативтік құқықтық негіздемелері толықтай әзір. Қазірдің өзінде үміткерлерді ұсыну жұмыстары басталып кетті. Айтылғанындай, дауыс беру осы шілде айының 25- інде, жексенбі күні өтеді. Бұл күні аймақ көлемінде барлығы 75 ауыл әкімі сайланады. Басқа ауылдық округ әкімдерінің сайлауы қазіргі әкімдердің өкілеттік мерзімі біткен соң өткізіледі.Әкім лауазымына үміткерлерді тіркеуден өткен саяси партиялар ұсына алады. Мұндай құқық аудан әкіміне беріліп отыр. Алайда ол бұл мүмкіндікті үміткерлерді ұсыну мерзімі аяқталған күнге дейін екіден кем кандидат ұсынылған жағдайда ғана пайдалана алады. Тағы бір маңызды жайт, азаматтардың өздері де әкім лауазымына өз кандидатурасын ұсынуға құқылы. Бұл жерде ескерер жайт, бір адам бір мезгілде ауылдық округтің де, аудандық маңыздағы қаланың, селоның, поселкенің әкімі болып сайлана алмайды. Немесе бір адам екі реттен артық әкімдікке сайланбайды. Бұл жерде бір тиімділігі, халық қалаулысы ретінде айтар болсам, болашақ әкімдерін халықтың өзі сайлап, тағайындауында. Әрмен қарай халық үніне құлақ аса отырып, елмен етене жұмыс жасауға елі ішінен шыққан әкімнің сайлануы өте дұрыс бастама.

Әбенов Мұрат, Тасарал ауылдық округі:

Сайлауға үміткер ретінде қатысушы әрбір тұлғаның нақты бір кенттің немесе ауылдық округтің проблемаларын шешуге бағытталған іс-қимыл бағдарламасы болуы тиіс. Сөйтіп, жергілікті тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы өз ауылдарына әкім болуға лайықты кандидатқа сенімін білдіре алады. Мұның өзі сайып келгенде, жергілікті жердегі басқару тиімділігін арттырады. Жасыратыны жоқ, бүгінде жергілікті жердегі басқару жүйесі өз бетінше сипат алып келеді. Қазірдің өзінде жергілікті қоғамдастық өкілдері төртінші деңгейлі бюджетті басқару ісіне қатысып, белсене араласып отыр. Жергілікті бюджет қаражатының қайда, қандай мақсатқа жұмсалатынын біледі. Ал «Сайлау туралы» заңға енгізілген толықтырулар өз кезегінде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының өкілеттігін арттыра түсуге септеседі. Өйткені, жергілікті жердегі адамдар қандай мәселенің мейлінше өзекті екенін, шұғыл шешуді талап ететінін жақсы біледі. Соған сай, сайланған әкімнің де сайлаушылар мен жергілікті қоғамдастық алдындағы жауапкершілігі көтеріледі. Сайып келгенде, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары бірлесе отырып, қоғамның сұраныстары мен талаптарына тиімді және жедел түрде жауап беретін болады.

Ахметова Айткүл, Сарышаған кенті:

Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтермей, ел экономикасын көтеру мүмкін емес екені баршаға мәлім. Осының бәрімен күресудің бір жолы – билік тетіктерін халықтың қолына беру. Сонда ғана тұрғындар өз ауылдарының тыныс-тіршілігіне араласып, мәселелерді шеше алады.Кандидаттарға қойылатын талаптарды біраз төмендету қажет. Себебі қарапайым ауыл тұрғындарының ғылыми дәрежесі, қандай да бір басқарушы құрылымдарда, жеке немесе мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесі болмағанымен, бірақ олар ауылдың деңгейін қалай көтеру керектігін білетін сауатты адамдар болуы мүмкін ғой. Бұл да еліміздің саяси дамуындағы үлкен бір айтулы оқиға, жаңа бір кезең. Себебі біздің халық өзінің әкімдерін тікелей сайлап, сол арқылы өздерінің саяси құқықтарын кең ауқымда жүзеге асырудың тағы бір қосымша мүмкіндігіне ие болады. Халық үніне құлақ асатын мемлекет Оқырман пікірін газетке дайындаған

М.Мүтәліп

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *