Коронавирустың емі – вакцина
Ел ішінде індет жаппай тарап, ауруханадан жататын жер таппай, бейіт саны көбейіп, жасанды тыныс алу қондырғысын шекараның арғы бетінен жанталасып тасып, «бас қайғы» болған кезеңде «осы вирустың екпесі қашан шығады екен» деп асыға күткеніміз рас. Сәуірден бастап аудан көлемінде коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Бұрын түшкіргендерге «сау бол» деуші ек, қазір оларға күдікпен қарайтын күн туды. Қауіпті дерттен келетін басқа қиындықтарға жол бергеннен гөрі вакцина салдырған жөн. Мемлекет басшысы да коронавируспен күрестегі жалғыз сенімді шешім – вакцинация екенін айтқаны есімізде. Бұл локдаундардан шығу стратегиясын алдын ала ойластырған елдердің мысалымен дәлелденді. Қазір олардың экономикасы мен азаматтарының күнделікті өмірінде пандемия кезінде болатын қиындықтар аса сезілмейді. Халықты вакцинациялау коронавирустық инфекциямен күрестегі маңызды кезең болып саналуда. Біздің алдымызда осындай ортақ міндет тұр. Сондықтан мамандардың еңбегін бағалап, кеңестері мен ұсыныстарына құлақ асқан жөн. Қазір азаматтық қоғамның вакцинация мәселесіндегі белсенділігі аса маңызды. Біз де елімізде болып жатқан әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуден шет қалмауымыз тиіс.
Дулат ЕЛУБАЙ,
Ортадересін ауылдық округі