Мәңгілік шуақ төккен ғасырларға

Ана – әлемнің бесігін тербеткен құдіретті кие. Ана – саналы жаратылыстың қамал қорғаны. Бабалар жанға рух берсе, Аналар қанға қасиет дарытты. Әкенің миссиясы жаңа қабілет іздеу болса, анаға жүктелген міндет – оны сақтап, қызына дарыту. Себебі, ұлдың жаны да, тәні де болжамдық сипатқа ие. Ұлттың болмысы мен атаның тегі – ананың қаны мен жадында.
Халықаралық әйелдер мерекесіне орай аудан әкімі Руслан Кенжебеков Ақтоғай ауылының тұрғыны, тыл ардагері, бүгінде торқалы 90 жасқа толып отырған Мәнура Қапасова әженің шаңырағына арнайы барды.


Мерекемен құттықтай келген аудан басшысы ғасыр жасаған кейуананың жағдайын сұрап, бала-шаға мен немере-шөберенің ортасында ақылшысы болып, аман отыруына тілектестігін білдіріп, сый-сияпат табыстады.
Өнегелі әулеттің отын маздатқан, шамшырағы болған Мәнура әжей бейнетпен өткен ғұмырының зейнетіне бөленіп, ұрпақтарының алдында бақытты өмір кешіп келеді.
Арнайы құттықтай келген аудан басшысына ризашылығын білдірген ел анасы елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.
Сонымен қатар, өңір басшысы көп-балалы ана, еңбек ардагері, 80 жасқа келген Мағытай Аукееваның үйінде болып, мерейжасымен құттықтады. Ақ тілегін айтып, иығына шапан жапты. Осындай құрметке бөленген Мағытай апа ризалық танытып, өзінің еңбек жолын әңгімелеп, келер ұрпаққа бақытты күндер тілеп, осы шараны ұйымдастырушыларға ал-ғысын жеткізді. Аудан әкімімен бірге ақжаулықты аналарды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сыздықов, Ақтоғай ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Г.Елеусізова құттықтап қайтты.

 

 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Бұл – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзікжанды қыздар қауымының төл мерекесі. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған абыроймен жетулеріне әйел затының өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат.


«Ана – мәңгілік шуақ төккен ғасырларға!». Мереке қарсаңында осындай атаумен Абай ауылдық округінің әкімі Қайыржан Тұрғанбеков дәстүрлі мерекелік қабылдау ұйымдастырды.
– Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әлемдегі барлық жақсылық анадан тарайтындықтан, сіздерге деген ыстық ықыласымыз еш толастамайды. Әрдайым отбасыларыңызға амандық, ден-деріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс пен береке тілеймін, – деген ауыл басшысы өңірдегі маңызды салалардың басы-қасында қыз-келіншектердің жүргенін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, ауылдың дамуына саналы ғұмырын арнаған ақжаулықты аналар мен қыз-келіншектер қатысып, естелік сыйлықтар тапсырылды.
Мерекелік жиынға қатысушы-лар өз кезектерінде алғыстарын айтып, өңірдің өркендеуіне алдағы уақытта да үлес қосатындықтарын жеткізді.

 

 

Қай кезде де әрбір халық үшін әйел жанының жылылығы мен сұлулығы, мейірімділігі мен кеңдігі әлемге рух беріп келеді. Иә, 8 наурыз – осындай аяулы жандардың мерекесі. Көктемнің шуақты сәті әйел-аналарымыз бен аруларымыздың мерекесінен бастау алады. Жарқын мере-кенің біздің барлық үмітіміз бен арманымызды тығыз байланыстыратын көктемнің алғашқы айының басында келуі – жақсылықтың нышаны.
Ақжарық клуб үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында салтанатты жиын өтті.


Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні қызыларайлық аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.
Ауыл әкімі Серікбол Спанов, Қызыларай орта мектебінің директоры Амангелді Абдра-захов ақжаулықтыларды шуақ-ты мерекемен құттықтап, мектеп, мекеме ұжымдары атынан естелік сыйлықтар табыс етті.
Кездесу барысында аяулы жандардың үйдегі, түздегі еңбектері сараланып, оларға жүректердің төрінен төгілген жылы лебіздер арналды. Жайдары жүздесу әйелдер қауымының қоғамда қаншалықты маңызды рөл атқаратынын тағы бір мәрте айшықтап берді. Жиын соңы ауыл өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

 

 

Жер-Ананың оянып, тіршіліктің жалғасатын мезгілінде әйелдер мерекесінің де қабат келуі заңдылық секілді. Өйткені, көктем де, ардақты ана да – тіршіліктің бастауы. Сұлулық пен бейбітшіліктің символына айналған әйелдер мерекесі қарсаңында Тасарал ауылдық округінің әкімі Нұржан Сеитов «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және көпбалалы аналарға мерекелік қабылдау өткізді.


Мерекелік кездесуде аймақ басшысы әйел-аналарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, өңірдің өркендеуіне аянбай үлес қосып жүрген белсенді әйелдер қауымы, іскер әйел-аналар, қыз-келіншектер үшін бұл мейрамның ерекше мәнге ие екенін жеткізді.
– Бүгін қоғамның барлық сатысында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген, ұлттың ұйысуы мен бірліктің нығаюына атсалысқан нәзік жандарға, аяулы аналарға шынайы алғысымызды білдірсек деген ниетпен жиналудамыз. Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Батыр да, ақын да, алып та анадан туады. Бүгінгі жылы сөздер де, құрмет те тек қана сіздерге арналады. Барша ақжаулықты аналарымыз бен қыз-келіншектердің отбасына амандық, жұмыстарына береке тілеймін, – деді Н.Сеитов.
Салтанатты шара ауылдық клуб үйінде «Адамзаттың асылы – ана» атты ауыл жастарының концерттік бағдарламасына ұласты. Жергілікті өнерпаздар әсем ән шырқады, мың бұралған бишілердің өнері де көктем мерекесінің ажарын аша түсті.
Бетті әзірлеген Д.Қабыл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *