Мақсат – ел азаттығын баянды ету

Жаһандану заманында ат арқасынан ауып қалмай, қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің азаттығын баянды ету – әрбіріміз үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңашыл сипатта сарабдал сөз түзген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы қоғамға осындай құнарлы ой салып отыр. Президент айтқандай, «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?». Осы тұрғыда отыз жылдың онжылдықтар легі келісті кескінделген мақалада «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным»  айдарлары айрықша мәселелерді алға тартады. Мақалада қазіргі қоғамның болашаққа нық қадамы дәлдікпен сипатталған. Ең бастысы, Мемлекет басшысы айтқандай: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ». «Таным мен тағылым» айдарына арқау болған ой өзегі де өте әсерлі. Тәуелсіздікпен бірге түлеген буынның санасы, көзқарасы, өмір салты өзгеше. «Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек» деген Мемлекет басшысы ұлт тарихы, ұрпақ тәрбиесіне ерекше тоқталып өтті.
Қоғамда әралуан пікір тудырып, базбіреулердің жалаң ұранына айналып келген ең маңызды һәм қастерлі – жер мәселесіне осы жолы нақты байлам жасалды. «Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деген Президентіміздің байламды сөзі алыпқашпа әңгімелерге түйін болды. Иә, егеменді еліміздің отыз жылдық мерейтойына әр саладағы толайым табыстармен жетіп отырғанымыз өтірік емес. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, келешегіміз кемел болсын.

Н.Құсайынова,
Сарытерек орта мектеп директоры

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *