Мемлекеттік қызметтегі цифрландыру
Мемлекеттік қызмет саласында цифрландырудың қажеттілігі қандай және бұл мәселенің өзектілігі қаншалықты?
Жалпы кез-келген мемлекет, мемлекеттік басқару жүйесінің тиісті деңгейде өзіне жүктелетін міндеттерін атқаруына, оның заман талабына сай, бүгінгі әлемдік талаптарға жауап беруіне аса көңіл бөледі. Осыған орай, өте жылдам дамып жатқан қазіргі заманда, бұрынғы «дәстүрлі» мемлекеттік басқару жүйесі заманауи талаптар мен сұраныстарды әрқашан қанағаттандыра алмай қалу тәуекелі бар. Сол себепті де, мемлекет өзінің дәстүрлі көптеген функцияларын жетілдіруі, автоматтандыру, цифрландыру және көптеген функцияларды жүзеге асыру үшін жыл сайын қомақты қаражат бөледі. Ал, мемлекеттік функцияларды цифрландырып, автоматтандырса, шығын да азайып, мемлекеттік аппарат анағұрлым мобильді жедел сервистік болады. Сонымен қатар, бұл халыққа өте ыңғайлы «клиентке (тұтынушыға) бейімделген» қызмет көрсету формасын қалыптастырады. Мемлекеттік функцияларды іске асыруда сөзбұйдалық (бюрократизм), сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты біршама барынша жеделдету мен қолайлы етуге жағдай туғызады. Бұл ретте, біздің мемлекетіміз тарапынан да біршама сәтті бастамалар жүзеге асырылуда. Олар, сервистік мемлекет құру бағытында мемлекеттік қызметтерді барынша автоматтандыру, проактивті қызмет түрлерін енгізу, «бір терезе» — «бір өтініш» қағидаттары бойынша тұрғындарға қызмет көрсету. Сондай-ақ, халықтың өмірлік жағдайда «сұраныстарын алдын-ала болжап, оларға «жүгінусіз-ақ» қызмет түрлерін ұсыну. Бұл орайда, мен мемлекеттік қызметтегі цифрландыруды жүзеге асыру барысында мемлекет дербес айналыспай, бұл мәселеге жеке меншік серіктестік бағыты бойынша басқа да ұйымдарды тарту мүмкіндіктерін қолдану керек деп пайымдаймын. Себебі, біріншіден, цифрландыруға мемлекет тарапынан қаражат анағұрлым аз жұмсалады. Екіншіден, бұл салаға коммерциялық ұйымдар да қызығушылық танытуы мүмкін. Мысалы, Kaspi.kz коммерциялық ұйымы өзінің өкілдерін барынша автоматтандыра (цифрландыра) отырып қызмет көрсетудің ерекше үлгісін көрсетіп келуде. Осындай ұйымдарды да мемлекеттік қызметті цифрландыруға тартуға болады деп есептеймін. Себебі, оларға ол жаңа мүмкіндіктер, жаңа сервистер қосымша тұтынушылар әкеледі. Өз кезегінде, мемлекетке өз функцияларын цифрландырып бірлесе қомақты жұмыстар атқарып алуға болады. Әрине, бұл жерде мемлекеттік және заңмен қорғалатын құпия мәліметтердің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ете отырып атқару қажет. Цифрландыру, толық қағаз құжат айналымынан арылуға, көпсатылы инстанциялардан халықтың жүгінуінен арылтады. Сәйкесінше, халықтың да қанағаттану деңгейі артып, ал мемлекеттік бюджетке салмақ азайды, шығындар қысқарды. Цифрландыру бүгінгі таңда мейлінше біздің мемлекетте әжептәуір жоғары деңгейде дамуда. Алайда, бұл бағытта бірізділік пен бір операторға шоғырландырып, шашыраңқы көптеген ақпараттық жүйелерді бір орынға тоғыстыру қажет деп пайымдаймын. Сөзсіз, бүгінгі күні атқарылып жатқан осы бағыттағы шаралар, игі бастамалар жарқын болашақта өзінің оң нәтижесін берді. Себебі, осыдан 5-10 жыл бұрынғы мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызмет көрсету, функцияларды жүзеге асыруды бүгінгі күнгі деңгеймен салыстыруға келмейді.
С. Амангельдинова, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша Департаменті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы.