Нақты жоспарлар ұсынылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқавтың 1 қыркүек күні Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын тыңдадық.
Еліміздің даму жайын екшеп айтқан Президент халықтың әлеуметтік ахуалының артуы турасында жан-жақты саралап, нақты жоспарлар ұсынды.
Сонымен бірге, Президент әрдайым айтылып жүрген «Әділетті Қазақстан» деген тіркестің шынайылығын паш етті.
Бұл атом станциясын салуға қатысты пікірлермен байланыстырылды. Иә, әртүрлі пікір бар. Сөздер ядролық станцияның қаупі күшті дегенге саяды. Алайда, Президенттің өзі айтқандай, еліміз – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет, сондықтан атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Дегенмен, Мемлекет басшысы: «Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем» деді.
Қозғалған мәселелер ішінде Ел басшысының «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті» деген сөзі еліміздің көптеген тауарларды шетелдерден алып, өзімізді өз өнімімізбен толық қамти алмай отырғанымызды шешудің бірден-бір жолы жолы болатынына сенім ұялатты.
«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет» деді Президент.
Осылармен қатар Президенттің орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі сөзі де жерлестеріміздің ойынан дөп шықты деп білемін. Орта кәсіпкерлікті «қолмен көтеру» керек деген Президент орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажеттігін баса жеткізді.
«Кедергілерді жою» дегенде көп сыр жатыр. Президенттің өзі бұл жөнінде: «Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді» деді және қоғамда жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныстың жоғары екенін айтты.
Жолдаудағы әрбір айтылған сөз бір-бір жетістіктің басы екені анық. Әрине, Президент атап өткендей, елімізді ешкім де сырттан келіп көркейтпейді. Ел еңселі болу үшін әрбір азаматы заман талабына сай болмағы абзал.
Е.Балтышов
Тасарал ауылдық округінің әкімі