Қоғамдық кеңес қадағалауды күшейтті
Өткен жұмада бір қауым аудандық кеңес мүшелері Ақтоғай ауылында біршама дау туғызған кәріз жүйесінің жұмыс барысымен және жуырда ғана тұрғын үй алдына төселген тас жолдың сапасын тексеріп қайтты.
Ашықтық пен әділдік – ұлт болып ұйысқан «Жаңа Қазақстан» идеясының басты ұстанымы. Сондықтан да, елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстың барлығы боямасыз, бүркеусіз, ашық түрде жүзеге асуы тиіс. Билік бұқараның базынасына құлақ түріп, қараша халық өз ойын, ұстанымын еркін жеткізе алса ғана «Әділетті Қазақстанның» іргесі бекем болмақ.
Ал, біздегі Қоғамдық кеңестің негізгі міндеті – билік пен халықтың арасына алтын көпір орнату. Қоғамдық кеңес – ел ішіндегі түрлі саладағы мәселелерді талқылау алаңы, халықтың мұң-мұқтажын тікелей билік өкілдеріне жеткізуші механизм.
Осындай жауапкершілік жүгін арқалаған аудандық кеңес қарашаның 9-ы күні Ақтоғай ауылы әкімі Қ.Болғанбаевпен бірге бірнеше жұмыс нысандарын аралады. Аталмыш топ әуелгі кезекте К.Байсейітова көшесіне аялдады. Сол арадағы екі қабатты үйдің алдына салынған тас жолдың сапасына көз жүгіртіп, асфальт жиегіне тігінен орналасуы тиіс тас жиектердің көлденең қойылғанын сынға алды. Бұл жөнінде ауыл әкімі Қ.Нығметоллаұлы сол арада толыққанды жауап қайырды. Келесі кезекте қоғамдық ұйым ауданымыздағы ең ірі жоба – кәріз жүйесіне қарай ойысып, К.Байсейітова көшесінің бойына орнатылған кәріз құдықтарын аралап, көңілге күпті болған түйткілдер бойынша осынау іргелі жұмыстың техникалық қадағалаушысын сұрақтың астына алды. «Мәселен, күні ертең құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар игілігіне берілгеннен кейін алда-жалда электр тогы сөне қалса, сорғы қалай жұмыс жасайды? Кәріз құдығын бірінің үстіне бірін орнатқан кезде арнайы бетон дұрыс құйылмаған» деген мәселелерді жұмысқа жауапты тұлғалардың алдына көлденең қойды.
– Қолға алған кәріз құдықтарын орнату жұмыстары әлі өз мәресіне жеткен жоқ. Бірінің үстіне бірі қабат орналасқан құдықтардың жігінен су өтіп кетпес үшін арнайы бетон құятын боламыз. Сондай-ақ, құдық сыртынан арнайы изоляторлы таспа тартамыз. Десе де, қажетті құрылыс материалдары әлі толық жеткізілмей отыр. Сол себепті жұмыс баяу жүріп жатыр. Биылғы жұмыс кестесіне тек кәріз құдықтарын орнатып, құбырлар тарту ғана енгізілді, – деді кәріз жүйесінің құрылысына жауапты қосалқы мердігер.
«Біткен іске сыншы көптің» кері болмас үшін кеңес мүшелері «Жосалы» ауылындағы жаңа қазылып, енді орнатылып жатқан үр жаңа кәріз құдықтарының орналасуын қадағалады. Сол арада ұйым өкілдері мердігерден және техникалық қадағалаушыдан қандай жоба негізінде жұмыс жасап жатқанын сұрап, жобаны қағаз түрінде көрсетуді талап етті. Алайда, жұмысқа жауапты қос тұлға да дәл сол уақытта қолдарында жобаның жоқ екенін, бірақ кеңселерінен әкеліп көрсете алатынын айтып, жан-дәрмен болды.
Алқалы топ Жосалыдағы кәріз жүйесінің жұмысын қадағалап жүргенде, сол араның тұрғыны келіп, құбыр тарту үшін қазып жатқан жерден дымданып су шығып жатқанын айтып шағымданды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің сөзіне қарағанда, осынау «жобаның» төңірегінде түйіні толық тарқамаған түйткіл бар. Алдағы уақытта осы мәселе қайта қаралып, оңтайлы шешім қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді.
Е.Мұстафин.