Қожағұл Торақ батыр
Қожағұл Торақ Қарақожаұлы туралы ата-бабаларымыздан естіп білген деректерді мен, Бөлеген Шойынбайұлы, Қожағұл атам балалары шоғырланған орта Сарытерек елді мекенінде Сансызбай деп танисыздар, ортаға салып отырмын.
Тәуелсіз дербес мемлекеттің өткеніне салауат, бүгінгісіне тәуба, ертеңіне үміттіміз деген ниетпен қарасақ, біріншіден ұлтымыздың өткен тарихы, қиын-қыстау заман ағымдарын танып қана қоймай, келер ұрпаққа таныстырар асылымыз қайсысы деген сұраққа жауап беру мақсатында елі-жері үшін жан қиған, қол бастаған батырын, сөз бастаған шешен-биін, бата берер дана кемеңгер ұлыларын атар едік.
Осы орайда назарларыңызға бабамыз Қожағұл Торақ Қарақожаұлы 1790 жылдары өмірге келген, 11 жастан атқа қонып, 16 жаста қолына қару алып, жауына тойсалмай шауып, соңына қыруар қолды еріте алған батыр болғанын ұрпаққа паш етіп, аруағына тағзым етіп, басына ескерткіш қойып, зират маңын абаттандырсақ деген ниетпен өмірде естіп білген Тарақ бабамыз туралы деректерді ортаға салсақ.
2013 жылы Кежек округіне әкім болып тағайындалғамында жездеміз – Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, қаламгер, мәдениет қайраткері, Ақтоғай өңірі тарихын республика көлеміне кеңінен таратушы Тұңғышбай Мұқанов, сол кезде Ақтоғай ауданы мұражайының директоры қызметінде болатын. Маған зор аманат айтып, академик Әлкей Марғұлан жазбасымен таныстыра отырып, зиратын іздестіріп табуды тапсырды. Аманатқа қиянат жоқ дегендей, қолымнан келгенше талаптануға уәде бердім. Содан Ақши, Ақшоқы, Кеңшоқы, Ақсу-Аюлы елді мекендерінің үлкендері, көнекөз қарттарымен жолығып, Торақ бабамыздың кесенесін тауып, басына молда апарып, құран бағыштатып, ақтық байладым.
Сонымен қатар, іші-сыртын суретке түсіріп, Тұңғышбай ақсақалға аманатыңызды орындадым, қабыл алыңыз деген сыңаймен суреттерді табыс еткенмін.
Қазіргі таңда Республиканың «Атамұра» бағдарламасына сәйкес мемлекеттің қорғауына алынып, зират қоршалып, «Торақ батыр, ХІХ ғасыр» белгісі қойылды.
Өз басым қазақ шежіресіне аса мән беремін, себебі марқұм қайынатам Әбдіхан Төлекбайұлы Шәкәрім шежіресін жатқа айтатын, әңгімесін ықтиятты, зер салып қызығушылықпен тыңдаушы едім. Қайынатам «Биатамыз» Сеңкібай батыр ұрпағынан болатын.
Биатамыз – Сеңкібай батыр, әрі шешен, көріпкел, Абылайдың «ақсұңқары» екені бәрімізге мәлім.
1980 жылы Сыпатайдың Мұхаметжаны Кенеліде өмірден өткенінде намазын әкеміз Дуанбек молла шығарып, біздің үйде қонған болатын.
Сонда Дуанбек, Нөкеш, Рақымжан, Жақыпбек, Серікбай әкелеріміз кең әңгіме дүкен құрып отырғанда мен әңгімелеріне араласып, Қожағұл шежіресін айтып берулерін өтінген болатынмын.
Өтінішімді қабыл алып, түн ортасы ауғанға дейін айтқандарын қойын дәптеріме жазып алғанмын. Сол дәптеріме генетика пәніне арналған, мал шаруашылығында өнімді, өсімді арттыру жолдарының тәсілдері, қайынатамның Шәкәрім шежіресі жазылған болатын, соған жалғастырып жасыл сиямен жазылған жазба күні бүгінге дейін сақталыпты. Бұл да бір тылсым күш немесе ата-баба аруақтарын қастерлегеніме көмек пе, мен үшін беймәлім. Осы 41 жыл уақыт ішінде қаншама құжаттар, жазбалар жоғалды, ал шежіре жоғалмаған.
Сонда Қарақожадан Елемес, Торақ, Сәбек деп жазылып, Торақтан ұрпақ таралмағаны көрсетілген.
Сөз арасында Торақ батыр туралы Рақымжан әкеміздің айтқаны есімде: «Ұлы жүздің үлкен ханы Әбілмәмбет үш жүзге хабар салып қалмаққа соғыс ашуға жар салған. Сол кезде Сарым ұрпағын қарт Жалаңтөс бастап барғанда, Қожағұлдан Тұрсынбай (Аю батыр) іштеріндегі жасы, 15-16 жасар ұшқыр, өткір мінезді бала Торақ болғанын айтқан болатын. Осы шайқаста Торақ ерен ерлік көрсеткен, бірақ біріккен қазақ қолы үлкен жеңіске жеткенде бөліс ішінде өте бір айтулы үйірді Жалаңтөс бабамыз Қожағұлдың бас батыры ретінде қарт Тұрсынбайға сыйға тартса керек. Алайда жастық па, қызбақандылық па, әйтеуір Торақ бабамыз түнделетіп сол үйірді алдына салып елге қарай қуып кеткен екен.
Сонда Аю батыр әбден ызаға булығып, бір төбенің басына шығып, аттың ер-тоқымын алып, үстіне қылышын тастап, бір жағына шоқпарын, екінші жағына найзасын тастап екпеттеп жатып терең ойға кеткен екен…».
Осы тұста сөзге араласқан Нөкеш әкеміз «Қарашаңырақ Әуелбектің Әміржанында болғанымен, біз де Аю бабамыздың тікелей ұрпағымыз ғой, сонау соғыстан зағип болып қайтқанда, еш дәрігер көмегі болмай, бабам басына барып түнеген соң көзім ашылып еді. Мақтанып бүкіл елге жария еткеніме аруақ шаттанды ма, жанарым қайта жабысып қалған еді, ал бабалар арасындағы кикілжіңнен кейін Торақ қайтып ортаға оралмағанын әкем жарықтықтан естіген едім» дегенінде, Дуанбек әкеміз әңгіменің әрі қарай жалғасуына жол бермей, күрт үзіп, ағайын арасында бұл әңгіме айтылуға жол жоқ, Қожағұлдан екеу-ақпыз – Тілеулі, Бесімбай. Осымен әңгіме тоқталған болатын.
Әлкей Марғұланның жазбасы бойынша зираты күмбезделіп салынған 2-3 бөліктен тұрады және ішінде кірпіштен кебеже қаланған. Кебеже ішінде қару-жарақ, ер-тұрманы болуға тиіс делінген. Айтқандай, 3 бөліктен тұрады. Кіреберіс бөлігінің төрінде қаланған кебеже бар, одан әрі кішілеу дәліз, содан жарықтық жатқан жері топырақ үйілмеген, қабір үсті текшеленіп кірпішпен тікбұрыштап қаланған, ал кебежені құзырлы орган комиссиясы ашып, мұражайға тапсырар. Одан бөлек, көрнекті ғалым, теңдесі жоқ тарихшы марқұм Қабылсаят бауырымыздың 2018 жылы Нұра ауданының 90 жылдық тойында кездесіп қалып, осы Торақ бабамыз туралы дерек сұрағанымда, негізінен Кенесары жасағының 60 пайыздайын бес Мейрам құраған еді. Кенесары көтерілісін басу мақсатында аға сұлтан Құнанбай патшаға көмек ретінде әскер жасақтау іс-қимылына кіріскенін естігенде, Хан Кене Құнанбайды сабасына түсіру үшін Қожағұл Торақ пен Төре Құдаймендені қол бастатып жіберген деректі айтқан еді. Мүмкін жазбасы табылмаса да, тек келер ұрпаққа ауыз әдебиеті арқылы жеткенін ескере келіп, үлкен аға буындардан сұрастырған дәйектерді келтіре кеткен жөн болар.
2021 жылдың маусым айында Қожахаметқызы Үмітпен бірге Ақши ауылдық округінің жерінде тұрған Торақ батыр мазарында болып, іші-сыртын суретке түсіріп, ауыл ақсақалдары Әлтеке Тілеубекұлы Хабдуләшім, Керей Маутанбекұлы Рымхан ақсақалдармен сұхбаттасып бейнетаспаға түсірдік. Сонымен қоса, жолай Кеңшоқы аулының тұрғыны діндар Нұрбек ақсақалмен сұқбатымыздың бейнетаспасы бар. Бәрі бірауыздан Қожағұл екеніне еш күмән жоқ екенін айтты және 1986 жылдан мамандандырылған шаруашылық тарағанша ақырғы басшымыз болған Тұрғынбектің Аманы Торақ бабасы туралы әңгімелер айтып мақтанатын.
Тілеубекұлы Қабдуләшім өз сөзінде «Осыдан он жылдай бұрын бір топ адам 3-4 жеңіл машинамен зират басында жиналып тұрғанда барып жолығып, жөн сұрасқанда Алшынның азаматтары екенін таныстыра келіп, бұл зират Алшын руы батырының зираты деп, кесенені қоршауды жоспарлағандарын айтқанда, мен үзілді-кесілді өз дәлелдерімді айтып райларынан қайтарғандай болғанмын. Қазір жасым 75-те, ес біліп көз ашқаннан бері естіп білетінім бұл зират Қожағұл Торақ батырдікі екеніне еш күмән жоқ, еш ойланбастан көктас қоя безулеріне болады.
Ертеде бізде қазақта жазу, мұрағат болмаған, осы заманға дейін үлкеннен кіші ұрпаққа ауызша айтылумен жеткен. Өмірде аттас адамдар көп болған, 3 Жалаңтөс, 4 Жарылғап, 2 Жапалақ батыр болса, 2 Қаракесек руы бар. Сондықтан, тарихқа жүгініп, дұрыс таңдау жасаған жөн. Біздің тарих – ол көнекөз қарияларымыздың бізге айтып жеткізгені, тіптен Торақ батыр ағасы Ердене батырдан артық болған деген әңгімені естігенім де бар. Өз басым Торақ батырдың рухына тағзым етіп, құран бағыштап жүремін. Сөз арасында басымнан өткен бір жағдайды айта кетейін.
Жас болса ұлғайды, көз көріңкіремейді, жолдасым о дүниелік болды, малға, үйге қарауға шама жетіңкіремейді. Сондықтан, қолда бар дүниені, малды сатып, Қарағандыға қоныс аударсам деген ниеттемін, бірде жинаған ақшаларымды жоғалтып алып, Қожағұл Торақ батыр зиратының басына барып, көмек сұрап құран бағыштап келсем, ақшам шүберекке оралған күйі есігімнің алдынан табылды, міне сендерге дәлел, ендігі шаруа өздеріндікі, Рымханға барып жолығыңдар, ол осы жердің тумасы», – Тілеубекұлы Қабдуләшім.
Ат басын 92 жастағы Керей руының бұтағы Рымхан ақсақалдың үйіне тіреген болатынбыз.
Қарттығы – бір жағы, уайым-қайғы – екінші жағы. Рекең әкеміз өз сөзінде айналдырған 7-8 жылда 4 баласынан айырылғанын айтып, ептеп ұмытшақтық пайда болғанын жеткізіп көзіне жас алып әңгімесін сабақтады. «Мына, Қарашал, Торақ бұлағы, Қарашың, Оралбай онау Калинин елді мекендеріне дейін 10-15 шаңырақ Байдәулеттер мен біздің Керейлердің отырықшылығын тұтастай қалмақтар басып алған екен. Содан осы жас Қожағұл Торақ батыр шығып, қалмақтарды аяусыз қырып, бізге бостандық алып бергенін әкелеріміз айтқан еді. Торақ келіп біздің жолымыз болды, атын Жолболды атап кеткен, тіптен кесенесін үлкендер Жолболды батыр кесенесі деп атайтын, ал Байдәулеттер өз бабалары санайтын, анадан бірге жабысып туған егіздерміз деуші еді. Соңғы басшымыз Тұрғынбеков Аман, Торақ бабасын әркез мақтан тұтатын. Зиратқа талас болып жатқаны туралы айтқанымызда, Шуашқа еш қатысы жоқ, бір Алла куә Қожағұл Торақ батырдың зираты екені хақ», – деген еді Рымхан ақсақал.
Сөз арасында айта кететін бір жайт, ол Аслан Мусиннің Президент Әкімшілігінің жетекшісі (2008-2012ж.ж. аралығында) болып тұрған шағында Республика көлемінде, тіптен Ақтоғай ауданы аумағында еңселі кесенелер қалпына келтіріліп, қоршалып белгілер орнатылып толықтай Алшын руының батырларына тиесілі болып шыға келді. Өзім туып-өскен Сарытерек елді мекенінде бірде-бір Алшын болмаса да Төрелер қорымы Талдыбейітке қарама-қарсы тұмсықта Алшын батырына белгі орнатқаны санаға сыймайтын жағдай.
Мақаланың газетке берілу себебіне басты түрткі Тоқсаннан екі Торақ батырдың болуы.
Алаш шежіресі «Тумалас» Қожағұлдан – Бесімбай – Айтуған, Жантуған, Байғожа, Қарақожа болса Айтуғанды Мамақ деп қате жазған. Қарақожадан Елемес, Торақ, Сәбек болса Торақты Тұрап деп қате жазған.
Талас тудырып отырған Айдаболдың Шәндігенінен Торақ, Шәндіген, Жантөре туатындықтан, зират Шәндігеннің Торағына тиесілі деген жорамал айтылады.
Шуаш пен Шәндіген ағайынды, Ботантайдың Жанқұттысы Құнанбайдың бас биі, оң қолы, бұл Тораққа бала ретінде, ал Қожағұл Торақ Құнанбаймен Жанқұттыға теңдес және қарама-қайшы көзқараста. Тағы да ескеретін жағдай, қазақ баласына өз атын бермеген, Шәндігеннен Шәндіген туған, біз орыс емеспіз ғой Иван Иванович Иванов дегендей.
Тоқсан сарымы, филология ғылымының докторы Мәуен Хамзин ағамыз Жалаңтөс батыр кітабында келешекте терең зерттеуді қажет ететін тұлға Қожағұл Торақ батыр екенін атап көрсетеді.
Ағамыз Тұрсынбек Жақсыбаев марқұмның «Сарым шежіресі» кітап жинағында Тұраптан тараған ұрпақтарды көрсетеді:
Менің пайымдауымнан мүмкін Торақ ұрпақтары болса, ертеректе Кеңшоқы руднигінде жеке Қожағұл ауылы болыпты, кеншілер болған деген дәйектер естігенмін.
Сол сияқты немере ағасы Ердене батыр іздеп келіп, үзеңгілес болғаны туралы деректер айтылып, оның дәлелі бір-бірінен алыс жерленбеуі айтылады.
Бөлеген ШОЙЫНБАЙ,
Торақ батырдың ұрпағы.