Партия – билік пен халық арасындағы алтын көпір

«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау тобы ел Президентінің тапсырмасымен алыс аудан, ауылдардың игілігіне қызметін бастап кетті. Бұл бастама партияны трансформациялау жұмыстарының азаматтармен кері байланысты күшейту тармағының аясында жүзеге асырылуда. Партия өкілдері осы бастамамен ауданымызға қарасты Қызыларай ауылына да келіп жетті.

ҚР Президенті, «AMANAТ» партия-сының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс ХХII съезінде партия жұмысын қайта құруды тапсырып, қоғамдық қабылдау бөлмелері тек шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салатын орынға айналуы тиіс екенін тілге тиек етті. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Азаматтарды көшпелі қабылдауды жиі өткізіп, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесу керек», – деп атап өткен болатын. Алдағы үш айда мобильді қоғамдық қабылдаулар Қазақстанның барлық өңірлерін аралап, шалғай ауылдарға ерекше көңіл бөлмек. Мобильді қабылдау бөлмелерінің жұмысына мәслихат депутаттары, партия фракциясының мүшелері, өңірлік филиалдардан Бюро мен Саяси кеңес мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.

Осыған сәйкес аталмыш партияның Қарағанды облысы мобильдік қоғамдық қабылдауы Қызыларай ауылында ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясының Қарағанды облысы филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Н.Бекбатыров, аудан әкімінің орынбасары С.Амралин, «AMANAT» партиясының Ақтоғай ауданы филиалының атқарушы хатшысы Т.Таукеев, Ақтоғай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Жаңабергенов, ТҮКШ бөлімінің басшысы А.Қапашев қатысты.

Қабылдауға келген ауыл тұрғындары өзекті сұрақтарын қойып, мемлекеттік мекеме басшылары тиісті жауаптарын беріп, ұсыныстарын тыңдады. Ауыл тұрғындары үшін маңызға ие жол мәселесі, электр энергиясының үздіксіз жұмыс жасауы, мал азығын дайындау жұмыстарын субсидиялау, мал басын түрлендіру жұмыстарына қатысу бойынша сұрақтарға тиісті мекеме басшылары толық жауап берді. Ақжарық ауылында ФАП құрылысы жөніндегі ұсынысты Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасынан және Қызыларай мектебін жөндеу жұмыстары жөніндегі сұрақтарға Қарағанды облыстық Білім басқармасынан сұралып, келешекте жауабы берілетін болды.

«Ауыл тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе бермейді және оларға мәселені облыстық мәслихаттағы партия фракциясының депутаттарына жеткізу оңай емес. Біз тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Бұл бір реттік акция емес, енді тұрақты түрде болады. Бұл тіпті, шалғай ауылдардың проблемаларын назарға алып, сол бойынша жүйелі шешімдер қабылдау үшін ақпаратты талдауға мүмкіндік береді. Қойылған сұрақтар, көтерілген мәселелер партияның назарында болады, – деп атап өтті Қарағанды облыстық партия филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Н.Бекбатыров.

Думан ҚАБЫЛ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *